Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Әлеумет » Арыс: ақиқат пен қауесет

Арыс: ақиқат пен қауесет

 Арыс. Дүйсенбінің таңы. Әдеттегідей адамдар кішкентайларын балабақшаға қалдырып, бірі жұмыс орындарына барды, бірі сауда нүктелеріне келді. Әрине, ойларында ештеңе жоқ. Кенет «гүрс» еткен қатты дауыс естіліп, артынша қаланы үздіксіз бомбалап жатқандай жарылыс басталды да кетті. Жер сілкінгендей болып, терезелер шағыла бастады. Асып-сасып қалған адамдар не істерлерін білмей, үрейге бой алдырып, көлігі барлар көлігімен, көлігі жоқтар жаяулатып көше бойлап қаша бастады. Бұл кезде тұрғындар қаладағы әскери қоймалардың бірінде жарылыс болғанынан хабарсыз еді…

 

Алғашқы хабар бізге Шәуілдірден жетті

Біз де бұл жайттан бейхабар едік. Сағат тілі 10-нан 8 минут өткенде Шәуілдір ауылынан Қасымхан есімді газет оқырманы телефон шалып, жер сілкінгендей болғанын, Арыс қаласы жағынан қою түтін мен шаң көтерілгенін айтып, не болып жатқанын сұрады. Дереу Арыс қалалық әкімдігіне хабарластық. «Аға, тыныштық болмай тұр. Әскери бөлімнің қоймасында жарылыс болып, шұғыл сол жаққа кетіп барамыз», – деді телефонның арғы жағындағы азамат.

Сол сәттен бастап ғаламторда әртүрлі бейресми мәліметтер жариялана бастады. Үрейге бой алдырған арыстықтар жаппай қаланы тастап шыға бастады. Бірақ жараланғандар мен қаза болғандар туралы ақпарат біразға дейін айтылмады. Түске таяу №1 Шымкент қалалық Жедел жәрдем ауруханасына зардап шеккендер көмек сұрап келе бастағанда ғана жараланғандардың бар екені белгілі болды.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жедел іске кірісіп, өзі бастап оқиға орнына жетті. Аймақ басшысы алғашқы сұхбатында: «Әскери бөлімнің қару-жарақ қоймасында жарылыс болды. Бұл туралы тиісті орындарға таңғы сағат 9.20-да мәлімет түсіп, облыста төтенше жағдай жарияланды. Барлық аудандар мен елді мекендер жұмылдырылып, көмек қолын созуда. Қазіргі жағдайға байланысты қала тұрғындарын түгелдей көшіру керек. Сондықтан барлық бағытта адамдар арнайы дайындалған қоныстарға тасымалданады. Әрбір қонысты аудан әкімдері басқарады. Қазіргі міндет халықты көшіру. Біз сонымен айналысудамыз», – деді. Осыдан кейін шұғыл түрде штаб құрылып, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес тұрғындар арнайы құрылған, атап айтқанда, Ақдала бұрылысы, 41 разъезд және Водозабор деп аталған лагерьлерге жайғастырыла бастады. Осы үш бағыт бойынша әскери көліктер, камаздар мен арнайы жасақ жұмылдырылды. Лагерь басында тұрғындарды аудан әкімдері бастаған топ қарсы алып, жайғастырумен айналысты. Ал қаладағы әлеуметтік нысандард

ы (аурухана, бала бақшалар, т.б.) полиция қызметкерлері көшірді. Отырар мен Ордабасы аудандарында 100 орындық екі госпиталь ашылды. Қосымша 30 жедел медициналық көлігі жұмыс істеп тұрды.

Қураған шөпке тиген өрттей тез тарқайтын қауесет деген жаман ғой. Онсыз да дүрлігіп отырған халық «Бөген су қоймасына қауіп төніп тұр, қойманың суын ағызып, жарылысты тоқтатады екен, қойманың негізгі бөлігіндегі оқ-дәрі жарылар болса, зардабы Шымкентке дейін жетеді» деген секілді алып-қашты әңгімелерден зәресі ұшып, тіпті, Шымкенттен, Жетісай, Шардара, Отырар аудандарынан сақтық үшін деп алыстағы ағайын-туыстарының үйлерін паналауға кеткендер де болғанға ұқсайды. Алайда, жергілікті атқарушы орган өкілдері мұның барлығы қауесет екенін қайта-қайта ескертіп, тіпті, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрлан Бадырақов «Бөген» су қоймасының басына барып, сол жерден тікелей байланысқа шығып, халыққа басу айтумен болды.

                   «Радиация қаупі жоқ»

Жарылыс жалғасып жатты. Арыстықтар шамасы келгендер өздері, шамасы келмегендерін әскерилер мен полиция қызметкерлері эвакуациялаумен айналысты. Осы кезде Арысқа ҚР Қорғаныс Министрі Нұрлан Ермекбаев пен ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі комитет төрағасы Владимир Беккер де ұшып келді. Жағдаймен танысқан олар кешкі сағат 6-дан өткенде Ордабасы ауданы, Ақжол ауылы, Ж. Жабаев атындағы мектепте республикалық телеарна арқылы көрермендермен тікелей эфир арқылы байланысып, соңғы жағдайлар бойынша сұхбат берді. Брифинг барысында облыс әкімі Ө.Естайұлы тұрғындарды оқшаулап, желдің бағытына қарай үш лагерь жасақтағанын, Арыс қаласын сағат сайын аралап, кездескен тұрғындарды  құтқару операциясын жүргізіп жатқандығын айтса, Қорғаныс министрі Н.Ермекбаев былай деді: «Арыстағы әскери қалашықтар мен арсенал әскерилердің жіті бақылауында. Олардың бір бөлігі арнайы қорғалған бункерде сақтаулы, бір бөлігі тиісті қорғаныспен қамтылған. Сондықтан, олардың қауіпсіздігіне кепілдік беріледі. Бұл арсенал барлық күзет құралдарымен, дабыл қаққышпен жабдықталған. Қоймалардың айналасы топырақпен көмілген. Сондықтан, аталған оқиға себептерін арнайы құрылған тергеу тобы анықтайтын болады. Мұнда ешқандай радиактивті оқ-дәрі мен снарядтар сақталған жоқ. Ешқандай радиация қаупі жоқ». Жараланғандар жайлы алғашқы ресми ақпарат та осы брифинг барысында айтылды. Белгілі болғанындай бұл кезде көлігіне снаряд түскен бір адам қаза болып, 31 адам зардап шеккен. Оның екеуі ауыр халде болған. Қазір қаза болғандардың саны екеуге жетті. Оның біреуі әскери қызметкер. Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың айтуынша, қазіргі кезде зардап шеккендердің ішінде 70 адам ауруханада жатыр. Оның 30-ға жуығы облыстық клиникалық ауруханада болса, қалғандары балалар ауруханасында және бірнеше аудандық ауруханаға орналастырылған. 4 науқас ауыр халде екен. Барлық эвакуапункттер толықтай тегін дәрі-дәрмектермен қамтылған. Эвакуациялық пункттерде 24 мыңнан астам адам тіркелді. Оның ішінде: Шымкент қаласында 20 мың, Түркістан облысының аудандарында 4 мыңнан астам адам тиісті көмек алуда. Түркістан облысы мен Шымкент қаласында 70-ке жуық қоныстану орталықтары жұмыс істеуде. Халық орналасқан орта мектеп, колледж, балабақша, мектеп-интернаттарда эвакуацияланған азаматтарға барлық қажетті жағдайлар жасалған.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің таратқан соңғы ресми мәліметтеріне жүгінсек, қазіргі таңда қала аумағын түні бойы ұлттық гвардияның 580 сарбазы мен 345 полиция қызметкері күзетіп жүр. Олар ұрлық-қарлықпен айналысқан 3 адамды ұстады. Өңірдің кәсіпкерлері мен облыс, қала тұрғындары төтенше жағдайдан зардап шеккендерге ақшалай және заттай көмек көрсетуге әзір екендіктерін айтты және онысын нақты іспен дәлелдеп отыр. Республикамыздың өзге өңірлерінен де жан-жақты көмектер жеткізіліп жатыр. Эвапункттерге жайғастырылған азаматтардың барлығы да ыстық тамақпен, дәрі-дәрмектермен, төсек орындармен қамтамасыз етілген. Қоныстандыру орталықтарының жұмысы төтенше жағдай толық шешімін тапқанша жалғасады.

Қазіргі таңда Арыс қаласына кіру қауіпті. Жан-жағы қоршалған. Бұл мақсатта ҚР Ішкі әскерінің 1800 әскери қызметкері және 50 техника жұмылдырылған. Сондай-ақ оқиға орнында 75 арнайы көлік, 51 шұғыл жәрдем экипажы қызмет етуде. Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша ТЖД тарапынан 359 қызметкер, 40 бірлік арнайы техника жұмыс істеуде.

Арыс қалас

ындағы төтенше жағдайға байланысты сол күні кешқұрым Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оқиға орнына келіп, жағдаймен танысты. «Қала қалпына келтіріледі, бәрі дұрыс болады. Бұл – төтенше жағдай, апат. Қайтеміз, кейбір уақытта солай болады. Үкімет ақша, қаражат береді, көмектеседі, алаңдамаңыздар, бәрі жақсы болады. Жөндеу жұмыстарын жасап береміз. Үкімет қанша қаражат керек екенін санайды, cодан кейін қаражат бөлеміз. Бәрін түсініп отырмын, бәрі жақсы болады. Арнайы келіп отырмын», – деді Мемлекет басшысы тұрғындарды сабырға шақырып.

 

        Ата-анасынан адасқан бала,

 баласын шарқ ұрып іздеген ата-ана…

Төтенше жағдай барысындағы ең қиын жағдай – адамдардың бір-бірінен, әсіресе, ата-ана балаларынан, балалары ата-аналарынан көз жазып қалғандығы болды. Жарылыс кезінде аман болса болғаны деп ата-аналар балаларын көшеде кездескен көліктерге салып жібере берген. Олардың көлігінің не мемлекеттік номерін, не маркасын, тіпті, оның түсінің қандай екеніне де мән бермеген. Ал балабақшадағы балаларды ата-анасының келуін күтпей, қауіпсіз аймаққа жаппай алып кеткен. Олардың қайда кетіп жатқанын ешкім білмейді. Осыдан келіп, 200-ден астам балақайларды шарқ ұрып іздеген ата-аналарға жергілікті еріктілер, блогерлер мен журналистер көп жәрдемін тигізді. Әлі де ватсап желісі арқылы балаларын таппай жүрген ата-аналардың көмек сұраған бейнелері кездеседі, бірақ, көпшілігі іздегендерін тауып, көңілдері жайланды.

Оқиға болған күннің түс мезгілінде Қазығұрт асуы мен Монтайтас ауылына баратын көпірдің тұсында қайда барарын білмей тұрған адамдардың нөпірі пайда болғандығы жөнінде мәлімет тарады. Араларында бал

алар мен қарт адамдар да бар екен. Ел басына күн туған мұндай қиын кезде зардап шеккендерге көмек қолын созу – әрбір қазақстандықтардың азаматтық борышы деп түсінеміз. «Жерлестеріміз қиналып жатқанда біздің қимылсыз қарап отырғанымыз болмас», – деп, екі көлікпен жолға шықтық.

Расында әлгі айтылған көпірдің астында да, үстінде де адамдар көп жиналып қалыпты. Барлығының да бойын үрей билеп алған. Не істерлерін білмейді. Қолына сәбиін құшақтап алған бір келіншек отбасының басқа мүшелерін таба алмай отыр. «Қалаға алып кетейік» деген ұсынысымызға «Рахмет, артта келетін адамдарым бар», – деп жыламсырай жауап берді. Ол адамдар артта ма, жоқ әлде басқа жаққа кетті ме оны нақты өзі де білмейді. «Қырсыққанда қымыран іриді» демекші, ол жерде байланыс желісі де істемейді екен. Көңілге демеу болған жайт – осындай қиын-қыстау кезде қиналғандарға көмектесуге келген адамдар өте көп. Әркім өз шама-шарқынша көметесуге ниеттеніп жүр. Бірі тегін тасымалмен айналысса, екіншілері тегін су таратуда. Тіпті, жастары елуден асқан кейуаналар да баклашкамен су таратып жүр. Біз осы тұстан адам алып, кері қайттық. Өйткені, алға қарай жүру мүмкін емес, көлік кептеліп қалған.

 

Жүк салғышқа мінгендерді де көзіміз шалды

Иә, төтенше жағдай туындағанда адамдардың көлік таңдамайтыны осы жолы тағы бір айқын көрініс берді. Жеңіл көлікке 6-7 адамның сығылысып сыйып кетуі көзүйреншікті көрініске айналды. Трактор мен КамАЗ-дың  тіркемесінен де орын тимей қалғандар табылды. Бұл жөнінде жолда тұрған жерінен біз алып қайтқан жолаушылардың бірі былай дейді: «Адамдар көлік таңдаған жоқ. Жүк көліктің үстін айтасыз, біреулер «багажы» жоқ жеңіл көліктердің үстіне шығып кеткен. Біз Шанақ ауылынан боламыз. Ауыл тұсы кептеліс болып қалған. Асыққан көліктер бір-бірін өткізбейді. Бірін бірі соққандарына да қарап жатқан жоқ.

Анам «түтін таңертеңгі сегіз жарым мен тоғыздар шамасында көрінді» дейді. Біздің ауыл Арыс қаласынан сәл жырақтау жерде. Соған қарамастан полицейлер дауыс күшейткішпен «тез а
рада құжаттарыңды ғана алып, ауылдан шығып кетіңдер, су жіберіледі» деп айқайлады».

Біз осылай әңгімелесіп келе жатқанда қасымыздан қатты жылдамдықпен «Ваз 2106» көлігі өтті. Алғашында артындағы жүк салғышының ашық тұрғанына мән бермеген едік, кейін қарасақ ол жерде де адамдар сығылысып жатыр екен. Ауа жетпей қалмас үшін жүк салғыштың капотын таяқпен тіреп, оны бір қолымен ұстап жатыр.

 

     Көрші аудан тұрғындары да көше бастаған

Еліміздің ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев: «Қаладан 41 мың адам көшірілді. Оның 39 мыңы өз күштерімен кеткен. 2815 тұрғын арнайы көлікпен көшірілді. Қалада 23 өрт сөндіруші жұмыс істеп, он тоғыз тұрғын үйдің және тоғыз қоражайлардың өрті сөндірілді», – деп хабарлады. Әрине бұл жерде министрдің тек Арыс қаласынан көшкен адамдарды ғана айтып отырғаны белгілі. Шын мәнінде осы оқиғаға байланысты көштің саны әлдеқайда көп секілді. Бұл жөнінде редакцияға хабарласқан бірнеше адамның пікірін берсек түсінікті болар.

 Қасымхан Қожан, Отырар ауданының тұрғыны:Ауылда әртүрлі сөз жүріп жатыр. Өзімнің денсаулығым нашар. Егер көшіңдер деген хабар келе қалса басқалар секілді жүгіріп кете алмаймын. Сондықтан жайсыз хабарды күтпестен екі баламды алып Түркістандағы туысқандарды паналай тұрғанды жөн көрдік. Бәрі дұрыс болса қайтып келерміз.

Қалдыбай Қожаназаров, Шардара ауданы, Тұрысбеков ауылының тұрғыны:Мен қазір ауылда не істерімді білмей отырмын. Көршілер құжаттарын алып кетті. Мүмкіндігі барлар Жетісай мен Сарыағашқа, қалғандары Шардараға жол тартты. Су бармайды деп құмға кеткендер де жоқ емес. Осындайда ауылдың басшылары қайда қарайды, неге түсінік жұмыстарын жүргізбейді? Халыққа басу айту керек қой. Тек біздің ауыл емес, көрші ауылдарда да үйлерін тастап шығып жатқандар бар екен.

 

                 Ескерту болмады емес…

Өкінішке қарай, бұл Арыстағы алғашқы жарылыс емес. Дәл осы оқ-дәрі қоймасында бұған дейін де бірнеше рет жарылыс болған. Он жыл бұрын, яғни 2009 жылы наурызда қоймада жарылғыш заттар жарылып, сақтаулы тұрған қару-жарақ атылған. Оқиға кезінде төрт адам қаза тауып, жиырмаға тарта адам жапа шеккен еді. Ресми билік жарылысқа қоймадағы қарудың дұрыс сақталмауы мен жарылғыш затпен дұрыс жұмыс істемеу себеп болды деп мәлімдеген. Сондай-ақ, 2014 жылы да Арыс қаласындағы «Қазақжарылысөнеркәсібі» акционерлік қоғамы аумағында жарылыс болып, екі адам көз жұмса, 2015 жылы қарашада полигон аумағында болған жарылыс барысында бір адам мерт болды. Ресми ақпарат бойынша, жарылыс әскери оқ-дәрілер мен өндіріс қалдықтарын жою кезінде болған. Міне, осындай қайғылы оқиғалардың бір емес, бірнеше рет қайталанса да тоқтайтын түрі жоқ.

Арыста түбір бір жойқын жарылыстың болатыны жайында осы саланың білгір мамандары да күн тәртібіне көтерумен келеді. Мәселен, Мәжіліс депутаты Ержан Исақұловтың 2009 жылдың 25 наурызы күні болған мәжілісте жасаған баяндамасында былай деген: «Қорғаныс министрлігінің Арыс қаласындағы қоймасында Кеңес армиясының Ауғанстаннан шығарылғаннан кейін әкелінген көптеген миллиондық оқ-дәрі мен снарядтары сақтаулы тұр. Мұндай жағдай болашақта да қайталануы мүмкін. Және көлемі де үлкен, зардабы да ауыр болуы ғажап емес».

Осындай ескертулер бола тұра «неге қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, залалсыздандыру жұмыстары жеделдетілмейді» деген сұрақтың туындайтыны заңды. Мұны кең етек жайған жемқорлықпен байланыстыратындар да бар. Есімі елге белгілі азамат, «Қазақстан барысы» жобасының авторы, қазақ күресін халықаралық аренаға шығарып жүрген Арман Шораев Facebook әлеуметтік желісінде «Біз сияқты бейшара елге АЭС салуға болмайды», – деп жазады. Ол өзінің мұндай ойға келуіне Арыстағы оқиға себеп болғанын айтады. «Атомдық қуат беру станцияларын салуына біздің ел сияқты, Өзбекстан сияқты кедей, бейшара елдерге мүлдем салдыруға болмайды. Өйткені құрылыс біткен соң сол станцияны күзететін күзетшілерге ертең радикалдар келіп, 5-10 мың доллардан пара берсе, жарылғыш заттарды реактордың астына қойып береді. Арыстағы жағдай да жемқорлықпен тікелей байланысты. Сондықтан біз сияқты кедей елге атом электр станциясын салуға болмайды. Қарсылық білдірейік», – дейді ол.

Иә, әркімнің өз пікірі бар және оны жария етуге құқылы. Ал біз өз тарапымыздан айтарымыз, Қазақстан бейбіт дамуға таңдау жасаған мемлекет. Оған АҚШ, Ресей, Қытай секілді алпауыт елдер кепілдік берген. Олай болса неге біз жарылса бір қаланы түгелдей жойып жіберіп, сол төңіректегі басқа да ірілі-ұсақты қалалар мен елді мекендерге қауіп төндіретін қару-жарақ қоймасын сақтауымыз керек. Және ол жаңа, замануи үлгідегі болса сөз басқа. Егер Е.Исақұловтың сөзі рас болса, кешегі жарылған оқ-дәрілер бұдан отыз жылдан аса уақыт бұрын шығарылған екен. Былайша айтқанда бүгінде ешкімге керексіз оқ-дәрілер. Олай болса оның бізге керегі не? Ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан Қазақстан үшін Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасындағы қару-жарақтарды тездетіп залалсыздандырып, қойманың өзін бейбіт мақсатқа пайдалану еш қиындық тудырмаса керек.

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика