Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Мəдениет жəне өнер » Карантин той мәдениетіне өзгеріс енгізе алады ма?

Карантин той мәдениетіне өзгеріс енгізе алады ма?

Бұл сұрақты оқырманға көлденең тартуға Сая Қасымбек атты желі қолданушысының фейсбуктегі жазбасы себеп болды. «Жиған-тергенді тойға шашу дегенді құп алам. Әйтсе де, той сценарийіне өзгеріс енгізетін заман туды ғой деймін. Бүгін жұмысқа шақыртып, театрға қарай келе жатқанмын. Жол-жөнекей бір әйел амандасты. Танымадым. Танымағанымды түсініп, жөнін айтты. Студент кезімдегі қатар жүрген құрбым екен. Тауқыметтен түтіні шығып кеткен. Көзінен танып, есіме түсті. Күйеуін жас кезінде көше бұзықтары пышақтап, екі баламен қалыпты. Ұлы отыз үште. Бойдақ. Қызы жиырма тоғызда. Үш жыл бұрын жүретін жігіті қызын ата-анасына таныстырады. Қыз бірден ұнайды. Той мәселесіне келгенде қыз жағынан ештеңе берілмейтінін біліп, айнып шыға келеді. Ата-анасын тыңдаған жігітті де кінәйлай алмайсың. Баламыздың құлақ аспағанын қайсымыз қалаймыз? Ұлы жеке фирмада құрылысшы боп жүріп, қалыңмал бере алмайтын болған соң әлі үйленбей жүр екен. Екі рет үйленбек болғанда бірі әкесіз жетім деп, екіншісі қалыңмал сұрап қырысыпты. Жүні жығылып, екі рет жолы жабылған баласы орысқа үйленем дейтін көрінеді. Өзі бір бөлмелі пәтерінде тұрады екен. Күйеуі аяқасты қайтыс болғанда күйзеліске түсіп, денсаулығын құртып алады. Мүгедектігіне қырық бес мың алады екен. Сәтсіздіктен тауы шағылған ұлы мен қызы үш жылдан бері Ресейге қара жұмыс істеп, мал табуға кетіп қалыпты. Қалыңмалға бола тойдан бас тарту деген масқараға қашан тосқауыл қойылады өзі? Осы мәселеде екі жақ бігіріп той жасап, беретінін жастарға сыйлап, ортадан ішіп-жеп, әнін шырқап, биін билеп қайта беретін орыстардан үйренетініміз бар-ау, ә? Баяғы кезеңді «артта қалған дәстүр» деуші едік, жаңғырған кезеңіміздің сорақылығы бәрінен асып түсіп жатыр. Өзім де ысырапсыз той жасағаным болмаса, кәдесін қосқанда ол да оңайға соққан жоқ. Біздер осы қиындатуға неге асықпыз? Қайта, кеңес дәуірінде ғашық жастар қолұстасып кете барушы еді ғой. Кей дәстүрге оралғанның оңғаны болмай, жастардың болашағына балта шауып жатқаны ойлантады» дейді автор.

Иә, расында той мәселесі қазақтың жанды жері. Бесіктен бейітке дейінгі өмірін өлеңмен өрген халқымыз ежелден сауықшыл. Десек те, соңғы жиырма жылдықта бұл үрдіс тым дарақы жолға түсті. Бесіктойдан басталған думан тілашар, тұсаукесер, сүндет той, қыз ұзату, үйлену, мерейтойларға жалғасып жатады. Онымен қатар, қоныс той, зейнет той, көрші-құрдастармен айына бір рет бас қосатын «гәп» сияқты жиындар бар. Тойдың көптігі өз алдына, ондағы жасалатын ырым-жоралғылардың өзі қаншама? Мұның барлығы айналып келгенде көпшіліктің қалтасына ғана емес, уақытына да шашетек шығын. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» мамыражай кезеңде бұл мәселе қаншама айтылғанмен, тоқтам болған жоқ. Алайда, соңғы үш айдағы жайт еліміздегі біршама жағдайларды күрт өзгертіп жіберді. Бұрын той десе қу басы домалап, делебесі қозатын қазақты карантин біраз қызықтан айырды. Әлемді алаңдатқан пандемия, экономикалық дағдарыс, табиғи апаттар тойшыл қауымның санасына сілкініс әкелді ме?
Алдымен, экономист мамандардың айтарына құлақ түрсек, тойшыл халықтың несібесін несие еселей алмай тұр. Қаржылық сауаттылықтың аздығынан тұрғындар күйбең тіршіліктің мәселесін несие алумен шешуге айналдырды. Қазір той жасайтындар да, шоу жасайтындар да банктен қарыз сұрайды. Мұнай бағасының төмендеуі, төл теңгеміздің құлдырауы өз кезегінде халықтың қалтасына салмақ түсіретіні сөзсіз. Экономикалық болжамдарға сәйкес, карантиннен кейін доллар бағамы тағы да артатыны айтылуда. Бұлардың барлығы да әрине қазақтың тойына шектеу қоймағанмен, оның форматының өзгеруіне айтарлықтай өзгеріс әкелмек. «Карантин кезінде қазақстандық тұтынушылардың мінез-құлқы өзгере бастады. Олардың мейрамхана мен ірі сауда орталықтарына барып, бұрынғы өмірлеріне оралуы ұзақ мерзімді алуы мүмкін. Кейбірі тіпті бұрынғы өміріне оралмауы да мүмкін», — дейді мамандар.
Әрине экономистердің бұл болжамы соғыс жылдарында да дастарқанға бір уыс бидайды шашып жіберіп той қылған қазақы менталитетімізді өзгерте қоймас. Дегенмен, біздегі думандар бұрынғыдай «ас та төк» даңғаза мен дабырадан арылып, реформаланатыны, форматы ықшамдалатыны анық. Психолог мамандар да бұны жоққа шығармайды. «Бұрын қазақ той жасағанда басқадан асып түсуге тырысса, карантиннен кейін тойдың мазмұнына көбірек басымдық беретін болады. Жиын-тойлардың моральдық мағынасы өзгеретін болады, негізгі құндылықтар жанданады. Бұрын «менің тойыма мына кісі не әкелді?» деп қарасақ, енді қуанышты шын бөлісу арқылы тойдың материалдық жағын ғана емес, моральдық мазмұнын көтереміз. Карантинге дейін қарбаласта жүрген адамдар енді жақындарына шын көңіл бөле бастайды» дейді психологтар.
Бір қызығы, тойдың көбеймеуін қалайтындардың көбі үш жүз орындық тойхана жалдап, думандататын күнгей өлкенің тұрғындары екен. Карантиннен кейін қазақтың тойы да, ойы да өзгеріп, бір-бірімен той жарыстырып емес, уақытын баланың келешегіне арнап, кәсіп ашып жарысса… Ортаңқол әншіні шақырып, ақы төлеп байытқанша, той көрігін туысқандардың өзі қыздырса. Бес жүз адамға дейін сыятын тойханаларға да бұдан кейін сұраныс азаятын сыңайлы. Оның орнына жүз-жүз жиырма адамдық шағын думандар көбіне қуаныш иесінің өз үйінде өткізілмек. Бұл алдағы уақытта үйіңізге келіп той өткізіп беретін ұйымдар мен жалдамалы ақылы қызметке деген сұранысты арттырмақ. Ал, артық шығын екі жастың аяқтан нық тұрып кетуіне жұмсалса құба-құп. Сонда жоғарыда келтірілген мысалдағыдай қалыңмал мен тойдың себебінен бас құрай алмай жүрген жастар да азаяр ма еді?
Осы орайда оқырмандардың есіне сала кетсек, еліміздің бас санитар дәрігері А. Есмағамбетованың мәлімдегеніндей, әзірше той жасауға рұқсат жоқ. Короновирусқа шалдыққан науқастардың күнделікті өсу қарқыны екі пайыздан төмен болғанда, сырттан келетіндерді санамағанда, ел ішінде ауру жұқтыру дерегі тіркелмесе, отбасылық шараларға сонда ғана рұқсат беріледі. Ал, той өзгерту тәртібіне оқырман пікірі қандай?
Батырхан ДӘУРЕНБЕКОВ, белгілі кинорежиссер:
«Әртіске беретін гонорарды жастардың игілігіне жұмсаған жөн»
— Негізі қазір адам да, қоғам да өзгеруде. Той өткізу үрдісі енді бұрынғыдай болмаса керек. «Теңін тапса тегін бер» деген сөзді де жерге тастамауды ойланайық. Мен кеше айттың бірінші күні үлкен қызымыз Салтанатты мешітте некесін қидырып, жақын туыстарды жиып құдайы бердік. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) айтқан екен: «жастар үйленсін, ата-анасы мешітте некесін қидырып, жақын туыстарын шақырып құдайы берсін» деп… Үлкендердің батасын алып, шығарып салдық. Қызыма берген қалыңмалды жастардың өзіне қайтарып бердім. Әрине, әркім өзі біледі, бірақ екі жас бақытты өмір сүруі үшін екі жақ та көмектесуі керек. Балдарымыз бақытты болса, біз де бақыттымыз. Даңғаза тойларды тоқтату керек, тойға шақыратын әртістердің гонорарын жастардың игілігіне жұмсау керек. Тойға кететін қаражатты екі жастың үй мәселесін шешуге жұмсайық.

Бердалы ОСПАН, тарихшы, зиялы қауым өкілі:
«Тойды олай жасама, бұлай жасама дегеннен ештеңе өзгермейді»
— Жалпы, тойды өзгерту мүмкін емес. Той қоғамды дамытудың бір құралы. Жарыс жоқ жерде даму да жоқ. Бес-алты кітап оқыдық, адам адам болғалы «кедей байға жетемін, бай құдайға жетеміннің» кері екен. «Тең теңімен, тезек қабымен» деген де бар. Кедей тойды әлі келгенше жасайды. Тойды асырып жатқан байлар ғой, ал байларды тоқтатыпты дегенді естіген емеспін. Одан да баланы жастайынан ақшаны қалай тауып, қалай жұмсау керек екенін үйретейік деген сөз айту керек-ақ. Сонда санасына сөз жеткен бала басқа болып өседі. Өмір де өзгереді. Ал, тойды олай жасама, бұлай жасама дегеннен ешнәрсе өзгермейді.

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика