Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Саясат » Аты – «Тәуелсіздікке – 20 жыл», заты ше?

Аты – «Тәуелсіздікке – 20 жыл», заты ше?

Шымкент қаласына қарасты Жаңаталап ауыл әкімдігінің құрамындағы «Тәуелсіздікке – 20 жыл» елді мекенінде негізінен көршілес Өзбекстаннан қоныс аударған қандас бауырларымыз тұрады. Өткен ғасырдың 90-жылдарынан бері шет елдерден атажұртқа бет алған ағайындардың дені шаһарға жақын, қолайлы жер екен деп осы ауылға тұрақтаған. Ауыл тұрғындарының басым көпшілігі күні бүгінге дейін қалаға қатынап жұмыс істейді. Аталған елді мекеннің Сайрам ауданынан қаланың құрамына өткеніне көп уақыт өте қойған жоқ. Сол себепті де онда шешімін күткен шаруа шаш етектен.

Түйткілдің түйіндісі – ауыз су мәселесі. Құбыр суы келмегендіктен, барлық отбасы құдық суын пайдалануға мәжбүр. Ауылдың іргесінен кішкене бұлақ ағады. Оны жағалай орналасқан тұрғындардың тіршілік нәрі ретінде соны пайдаланудан басқа амалдары жоқ. Өкініштісі, соңғы жылдары бұлақтың көзі де бітеле бастаған. Оның үстіне ашық жатқан суды мал ішіп, ластап кетіп жатады.

Өткен жылы ауылды қақ жарып өтетін күре жол қайта жөндеуден өтті. Жол жиегіне аяқжол салынды. Алайда жаңбыр, жел мен суықтан пана болатын аялдамалар орнатылмай қалды. Сондай-ақ, «тәуелсіздікке – 20 жылдықтар» үшін әлі күнге дейін көгілдір отын қол жетпес арманға айналып отыр. Ауыл әкімдігі орналасқан Жаңаталапта газ сонау кеңестік кезеңнен бері бар. Ал оған тиіп тұрған бұрынғы саяжайдың тұрғындары жыл сайын қымбат бағаға көмір сатып алуға мәжбүр.

Қысқасы, «Тәуелсіздікке – 20 жыл» елді мекенінде тұратын қарапайым халық тәуелсіздіктің шарапатын толық көріп, сезініп отыр деп айта алмаймыз. Бұйыртса, әкімдердің халық алдындағы есебі басталғалы отыр. Осындай маңызды шарада айтылып отырған ауылдың проблемасы әкімдердің назарына ілігіп, шешімін тапса деген жергілікті тұрғындардың талап-тілегі бар. Халықтың сұранысы назардан тыс қалып кетпесе игі еді.

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика