Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Әлеумет » «Дипломмен ауылға» келгендер ақиқатты енді Астанадан іздемек

«Дипломмен ауылға» келгендер ақиқатты енді Астанадан іздемек

Елбасының негізгі тапсырмаларының бірі ауылдың ахуалын көтеру. Білікті мамандарды ауылға тарту үшін Президенттің «Дипломмен ауылға» деп аталатын мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруды тапсырғаны баршаға аян. Бағдарламаның негізгі көздегені – орта және жоғары білімді мамандарды қаладан ауылға шақыру. Осы мақсатта ел қазынасынан қыруар қаражат та бөлініп келеді.

Көпшіліке ұсынбас бұрын әбден екшеп-еленген Елбасы тапсырмалары талқылауға жатпайтыны түсінікті. Бірақ Түркістан облысы Ордабасы ауданының басшылары үшін олай емес секілді. Ордабасылық шенеуніктер «Дипломмен ауылға» бағдарламасының жүзеге асырылуына 2017 жылы мүлде мән бермегені байқалады. Үкімет бағдарламасына сай ат басын ауылға бұрып, баспана алуға өтініш білдірген 30 адамға 07 тамыз 2017 жылы тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит беруден бас тарту туралы шешім шығарған. Неге? 2009 жылдан бері беріліп келген көмектің кенеттен тоқтап қалуының астарында не бар? Бұл халықтың наразылығын тудырып, жоғарыға деген көпшіліктің сеніміне селкеу түсіру емес пе? Осы тақырыпты қаузап жүрген адвокат Зәкір Құралов аудан басшылары тарапынан заңға қайшы әрекеттер жасалып жатқандығын айтады.

– Ауданнан құрылған арнайы комиссия барлық құжатты тексеріп, 2014 жылы 35 адамға, 2015 жылы 30 адамға, 2016 жылы 21 адамға тұрғын үй сатып алу мақсатында 1500 еселік айлық есептік көрсеткішке тең сомада бюджеттік кредит беруге шешім шығарады. Аудан басшысы оны мақұлдайды. Ал 2017 жылы аталмыш комиссия дәл осындай жолмен құжат әзірлеген 30 адамның үй сатып алу туралы, 100 азаматтың бір реттік жәрдемақы алу туралы өтінішін қанағаттандырмай тастаған, – дейді бағдарламаға қатысушы үміткерлердің қорғаушысы. – Осы жерде неге деген сұрақ туындайды. Президенттен бастап министрге дейін мамандарды ауылға тарту керектігін айтады. Ордабасы ауданының атқамінерлері жоқ нәрсені сылтауратып, жоғарыдан келген қаржыны бермей, кейін қайтарады. Осындай келеңсіздіктің салдарынан тұрғын үйге тиесілі 85 миллион, сондай-ақ, жәрдемақыға деп бөлінген 32 миллион теңге игерілмей, кері қайтарылған. Бұл масқара емес пе? Облыста екі-ақ аудан, яғни осы Ордабасы мен Сайрам ауданында аталған мемлекеттік бағдарлама ақсап, орындаусыз қалған. Мен Мақтаарал ауданының басшылығына рахмет деймін. Ордабасылық шенеуніктер тұрғындарға тиесілі қаражатты кері қайтарғанда, Мақтаарал ауданы 2017 жылы бас-аяғы 142 маманның ауылға келіп, баспаналы болып, тұрақталып қалуына жағдай жасаған. Сонда бір мемлекеттің ортақ заңын әр аудандық әкімдік әртүрлі түсініп, әр түрлі орындайтын болғаны ма? Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, Ордабасы мен Сайрамнан басқа аудандардың барлығында мемлекеттік бағдарлама ойдағыдай орындалған. «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» демекші, сонда басқа барлық аудандар үшін заң талаптары қолайлы да, небәрі екі ғана ауданға қолайсыз болғаны ма? Егер шынында да қазіргі заң талаптары жоғарыда аталған жайттарға қайшы келер болса, онда алдыңғы үміткерлерге берілген қазына қаражаты өзінен өзі айқын болып шыға келмейді ма? Демек, бағдарламаға қатысушыларға үй сатып алуға берілетін қаржы бұған дейін тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кеткен болса оған жол берген басшылар неге жауапқа тартылмайды? Әлде мемлекет қаржысының сұрауы жоқ па? Дәл осы тақырыпты тереңінен зерделеу үшін тиісті мамандарды қатыстыра отырып, жан-жақты тексеру қажет. Қалай болғанда да қарапайым халықтың көз жасына жол берілмегені дұрыс.

Қазір мен сегіз адамның мүддесін қорғап жүрмін. Түркістан облысы әкімінен бастап, бірнеше комиссия отырысы өтті. Соның әрқайсысында әртүрлі сылтау айтылады. Мысалы, шілде айында облыс әкімінің орынбасары Т.Сәрсенбаевтың қатысуымен өткен отырыста бұларға «аттарыңда үй бар» дегенді себеп етті. Маған да солай деп жауап берілген. Облыс әкімімен болған кездесуде «үйді қайын енесінен, әкесінен сатып алуда» деген уәжді алға тартты. Өткен аптада Темірлан ауылында облыстағы бірнеше басқарма өкілдерінің қатысуымен болған жиында «аттарыңда үй бар дегенді айтпаңдар, ол сылтау емес, тіркеуге дұрыс тұрмағансыңдар» дегенді шығарды. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаевпен болған кездесуден кейін менің қорғауымдағы екі азаматша – Баян Балжан мен Анаркүл Бекболатоваға үй сатып алуға қаржы берілетін болып, комиссия хаттамасы мен аудан әкімінің қаулысы шықты. Демек беруге болады екен ғой. Темірландағы отырыста тағы екеуіне берілуі мүмкін екені белгілі болды. Сонда арнайы бағдарлама арқылы ұсынылатын қаржыны алу үшін міндетті түрде қайта-қайта арыз жаза беру керек пе?

Қорғаушы осылай дейді. 17 қаңтар күні Темірланда өткен жиынға біз де қатысып, барлық жақтың уәжін арызданушылармен бірге тыңдадық. Байқағанымыз, бағдарламаға қатысып, баспана алуға өтініш білдірген үміткерлердің барлығы құжат жинап, өткізуде бір ізбен жүргені, яғни бір адамның берген бағыт-бағдарын негізге алған секілді. Әйтпесе, басым көпшілігінің бір жерден сүрінуі мүмкін емес қой. Енді келіп, бағдарламаны іске асыруға жауапты қызметкерлердің барлығы да сүттен ақ, судан таза болып отырған жайы бар. Арызданушылар болса, «құқымыз бұзылды» деп ренжулі.

Біз жоғарыда «үш жыл бойы мемлекет қаржысын беруде кемшілікке жол бергендер неге жауапқа тыртылмайды» деген сауалдың туындайтынын айтқанбыз. Бұл сұрақтың жауабын біз Сайрам ауданы бойынша ішкі мемлекеттік аудит бойынша өкілетті органның қызметкері А.Жорабековтың аудиторлық тексеруімен танысу барысында тапқандай болдық. Ол жерде «2014, 2015, 2016 жылдар бойынша көптеген адамға «бюджеттік тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит рәсімдеуге құқық беру» туралы өтініш алдын ала сатып алынып қойған тұрғын үй үшін берілген», – деп тайға таңба басқандай етіп көрсетілген. Ал, 2017 жылы «алдын ала сатып алынған үйге қаражат бөлу дұрыс емес» деп танылған. Демек бұрын несие заңсыз беріліп, мемлекеттің қаржысы талан-таражға түскен болып шықпайды ма? Мұндай заңбұзушылық жасағандарға жаны ашыды ма, әлде басқа себептер болды ма кім білсін, әйтеуір мемлекеттік аудит А.Жорабеков былай деп тұжырым жасайды. «Ордабасы ауданы әкімдігінің 2015 жылғы 29 маусымдағы №316 қаулысына елді мекеннің тұрғындарына және ҚР Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 6 қарашадағы №72 бұйрығының 8 тармағындағы 2 тармақшасының талабын сақтамастан 89190,0 мың теңге және Ордбасы ауданы әкімдігінің 2016 жылғы 09 тамыздағы №305 және 2016 жылғы 22 желтоқсандағы №436 қаулылары елді мекеннің тұрғындарына жоғарыдағы министрліктің талабын сақтамастан, 60448,5 мың теңге жалпы 149638,5 мың теңге рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар анықталды».

Түйін: 2009 жылы қабылданған заңға 2015 жылдың қараша айында жаңа қағидалар енгізілген. Сол бойынша 2015, 2016 жылдары бағдарламаға қатысушылар жәрдемақыны да, тұрғын үй үшін берілетін несиені де алып келген. Ол кезде өтініш иелері әкесінің үйін ала ма, енесінің үйін ала ма, мұны ешкім заңға қайшы деп санамады. Заңда да бұл талап нақты көрсетілмеген. Ал бағдарламаны орындаушы жұмысшы орган 2017 жылдың ақпан айында аудандық экономика және қаржы бөліміне өткізілгеннен кейін комиссияға аталған бөлімнің басшысы А.Сихымбаева төрайым болып бекітілген. Міне, өтініш иелерінің әділдік іздеп жан-жаққа шабылуы да осы кезден басталған. Бұл мәселенің ақ-қарасын Түркістан облыстық прокуратурасы зерделеуі тиіс деп ойлаймыз. Қажет болса, Президенттің тапсырмасы жергілікті жерлерде неге орындалмай отырғанының себебін Президент әкімшілігі басшыларының да біліп отырғаны дұрыс. Сол үшін Астанаға баруға да бел буып отыр.

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика