Перзентханадағы немқұрайдылық…

Немесе екі жыл бұрынғы жақсы жабылмайтын есік әлі сол күйінде

Осы таяуда ақпарат салаында жемісті еңбек етіп жүрген бір әріптесіміз аман-есен босанып, өмірге шекесі торсықтай ұл әкелді. Біз оны екінші рет ана атануымен құттықтау үшін өзіне хабарласқанбыз. Қуанышы қойнына сыймаған жас босанған ана алғысын жаудыра отырып, перзентханадағы жағдайды да тілге тиек ете кетті. Сонымен, әріптесіміз не дейді?

«Өтірік сөйлеп қажеті не, тек өзім куә болған жағдайларды ғана айтайын, – дейді ол. – Рас, әйелдер босанатын залда жақсы жағдай жасалған. Құрал-жабдықтар тегіс жаңартылған. Жылы суы бар. Бірақ палатаға шыққан соң мүлде басқаша көріністі байқайсыз. Мен екі жыл бұрын дәл сол перзентханада тұңғыш сәбиімді дүниеге әкелгенмін. Сәйкестікті қарамайсыз ба, бұл жолы да тура сол кезде жатқан палатаға орналастырды. Бір қызығы, мені сол уақыттан бері жағдайдың өзгермегені таңқалдырды. Әлі есімде, екі жыл бұрын да сол палатаның есігі жөнді жабылмаушы еді. Салдарынан суық күні-түні азынап тұратын. Соның кесірінен жаңа туылған сәбиіме салқын тиіп қалды.

Перзентхананың кереуеттеріне де жас балалы ана еркін жата алмайды. Себебі бір жағына ауып кетіп жатады. Ал төсек-орындары жұп-жұқа әрі жыртық, астыңнан азынаған суық өтіп кетеді. Сосын үшінші қабатта жалғыз ғана әжетхананың болуы үлкен мәселе. Таңертеңгі сағат 6-да ұйқыдан оянып, сол жерде кезекке тұрамыз. Кезекті кейде жарты сағат, тіпті одан да көп күтуге тура келеді. Тағы айтарым, ас бөлмесінде жылы су бар, бірақ ол жаққа жылы су іздеген әйелдерді кіргізбейді.

Менің ақ халатты абзал жандарға айтар ешқандай өкпе-ренішім жоқ. Барынша жақсы қарады. Бірақ, маған перзентханада қызметкерлердің ғана жағдайлары жасалған тәрізді әсер қалдырады. Ал босанып жатқандарға келгенде басқаша. Мысалы, жаңағы мен айтқан палатаның есігін жөндеу аса қиын емес шығар? Әр мемлекеттік мекемеде техникалық жағдайларға жауапты мамандар жұмыс істемейді ме? Солар екі жыл бұрын жақсы жабылмай тұрған есікті жөндей салса болады ғой. Бұл немқұрайдылық емей немене?».

Әріптесіміз өзінің басынан өткен, көзімен көргенін ғана баяндап берді деген сенімдеміз. Біздіңше, мұндай майда-шүйде көрінетін кемшіліктер толығымен жойылуы тиіс. Бұған, тіпті, көп қаржы кетпесі де белгілі. Құнттай білсе, соның өзі жеткілікті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған