Жергілікті басылымдардың бірінен Атазаң, ЭКСПО, Теңге, Саммит есімді балақайлардың өсіп келе жатқаны жайлы оқып, терең ойға қалдым. Ата-бабаларымыз перзенттеріне ат қоярда немкеттілікке бармаған. «Елге танымал, жақсы адамдардың қасиеті жұғысты болсын», – деген оймен, ұлдары мен қыздарына барынша жақсы есім таңдауға тырысқан. Ұзақ уақыттан бері перзент көре алмай келген ерлі-зайыптылар ғана балаларына «көз тимесін, әйтеуір тірі жүрсе болғаны», – деп ырымдап, құлаққа ерсілеу ат қойғанын білеміз.
Көп адамдардың перзенттеріне ат қоярда «мұсылманша болсын» деп құран ашатыны да бар. Бұл туралы пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «перзенттеріңе көркем есім қойыңдар» деді емес пе? Ал қазіргі заманда кейбір адамдар бұл іске немкетті қарайтын секілді. Менің Оңғар есімді замандасым, әрі көршім бар. Үйіме қонақ келсе оны да құрметтеп, дастархан басында бірге болуға шақырамын. Оның бір әдеті, таныстық барысында есімін атаған жанға ол аттың не себепті қойылғанын және қандай мағынасы барын міндетті түрде сұрайды. Осындайда көп адамдар өз аттарының шығу төркінін мақтанышпен айтса, енді біреулері «кім біліпті» деп күмілжиді.
Студент кезімізде бір жігіттің фамилиясы Кутентаев еді. Әлгі жігітпен әзілдескен қатарластары: «сен фамилияңды бұрмаламай, таза қазақшалап айт», – деп өздері буынға бөліп-бөліп, нықтап айтып беретін. Бұндайда намысы өртеніп, қып-қызыл болған жігіт ақыры әлгілерден қашып, орыс тобында оқып, солармен бірге жүретін. Ұлдарымызға қойған бүгінгі атымыз бұйыртса немерелеріміздің, шөберелеріміздің фамилиясына айналады. Сол кезде олар да намыстанып жүрмесін. Әрине, әрбір ата-ана ұл-қыздарын болашақта осындай ыңғайсыз жағдайға қалдырмас үшін есім таңдауда немқұрайдылыққа жол бермеу қажет.
Сексенінші жылдары туылған немеремнің есімін «Ислам» деп қойғанмын. Бұны естіген құрдастарымның бірі «дереу Өзбекстан президенті Ислам Каримовке телеграмма салып хабарла. Сонда ол риза болып, қомақты сыйлық береді», – деген еді ақылсынып. Бірақ мен ол Исламды емес, «дін исламды» құрметтеп қойғанымды айттым. Ал енді біреулердің перзентіне Мәңгілік деп ат қоюы мүлде ақылға сыйымсыз дер едім. Өйткені, мәңгілік деген сөз тек АЛЛА-ға ғана тән екенін ұмытпайық!
Тоқетерін айтқанда, перзенттерімізге ат қоярда тереңінен ойланайық, ағайын. Әркімнің есімі оның тағдырына да әсер ететінін естен шығармайық.