Қазақстанның бүгінгі жетістігі мен дамуы өздігінен келген жоқ. Осы жолда қаншама адам еңбек етті, тер төкті. Еліміздің жарқын болашағы үшін еңбектенгендердің көпшілігі бүгінде құрметті еңбек демалысында, немере-шөберелердің ортасында жүр. Сондай еңбегі үшін олар мемлекет белгілеген зейнетақы алады. Бұл үшін Елбасыға да, үкіметке де алғыстарын айтудан жалықпайды.
Дей тұрғанмен осы кісілердің заңды зейнетақысына негізсіз қол сұғушылар әлі күнге толастар емес. Кеше ғана Алматыда белгісіз адамның 75 жастағы кейуананың қолын қойып, зейнетқасын алып кеткені телеарнада көрсетілді. Мұндай зейнеткерлерді алдаған алаяқтар туралы дәлелдерді ондап, жүздеп келтіруге болады. Бірақ мемлекет сеніп тапсырған қызмет иелерінің зейнеткердің аз ғана зейнетақысына жармасқандары қай сасқаны?
Сейсенбі күні редакцияға Сайрам ауданының Көмешбұлақ ауылынан бірнеше адам хабарласып, былай деді: «Бүгін біздің ауылда зейнетақы мен балалардың жәрдемақысын таратып жатыр. Әрбірімізден еріксіз түрде «жолкүре шығыны үшін» деп 500 теңгеден ұстап қалуда. Осы дұрыс па?». Оқырманның айтқаны біз үшін әрдайым маңызды. Сол себепті бұл мәселе алдағы уақытта назарда болады. Көп ұзатпай арнайы барып, ауыл тұрғындарымен жеке сөйлесіп, мәселенің ақ-қарасын анықтауға тырысамыз. Әзірге ақшаны негізсіз алды деп айыпталып жатқан қызметкермен де, ауылдық округ әкімімен де байланысуға әрекет еткенімізбен, тілдесуге мүмкіндік болмады. Ал аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Ақылбай Жақыпбеков бұл мәселені зерттеп көретінін айтты. Алдағы уақытта олардың айтар уәжі болса газет бетінен орын беруге дайынбыз.
Дей тұрғанмен осы мәселенің қаншалықты шындыққа жанасымды екеніне көз жеткізу үшін біз өзіміз танитын ауыл тұрғындарына хабарластық. Галия Қыдырәлиева есімді азаматша «жаманатты болып қайтемін, өздеріңіз келсеңіздер барлығын көресіздер», – десе, Ажар Бектауова жасырмай шындықты айтты. «Біз шалымыз екеуміз зейнеткерміз. Ақшаны алуды сенім хат арқылы келінімізге тапсырғанбыз. Ол зейнетақымыздан бізге айтпай бір тиын да алмайды. Ал пошташы Қайнар ауылының жігіті, ай сайын жол кіре үшін деп ақша ұстап қалатыны рас. Келін зейнетақыны кеше алып келді. Екі адамға деп жолкүре үшін 600 теңге ұстап қалыпты. Почта қызметкерлерінің бұл әрекеті қаншалықты заңды?»
Бұдан кейін біз бұл кейіпкеріміздің келінімен де тілдестік. «Ауылдағылардың көпшілігі зейнетақымен отырғандар ғой, – деді ол кісі. – Кеше менен жол күреге деп 600 теңге ұстады. Коммуналдық төлемдер үшін де ақша ұстап қалады. Зейнетақы тарататын күні ұзын-сонар кезек болады. Арттағылар асықтырады, пошташы да «бол-бол» дегесін кейде қанша ақшаға қол қойып жатқаныңды да білмей қаласың. Әйтеуір жылдам-жылдам алып кетуге асығасың. Менің қолыма орыс тіліндегі сканворд газетті ұстатты. Уақыты өтіп, сарғайып кеткен газет үшін деп 150-200 теңгеден тағы ұстайды. Қазақ тіліндегі газеттің жаңа саны болса да мейлі ғой. Алмаймын десең болмайды. Онсыз ақшаңды ала алмайсың. Бізде осылай».
Сайрам ауданына қарасты бұл ауылда 9 мыңдай тұрғын бар екен. Олардың арасында зейнетақы мен балалардың жәрдемақысымен күн көріп отырғандар аз емес. Соған қарамастан сол аз ақшаға сұғанақтық жасайтындар көбейген. Жолкүре үшін деп әр зейнеткерден 500 теңгеден ұстап қалар болса, жиналған ақшаға ол ауылға ұшақ жалдап баруға да болатын шығар. Осы әрекеттер қаншалықты заңға сай келеді?
Біз тиісті орындардан осы сұраққа жауап күтеміз.