Жонарықтықтар жанайқайын Елбасыға жолдап отыр

«Өзге пікір» газетінің өткен жылғы нөмірлерінің бірінде Сарыағаш ауданының Жонарық елді мекені тұрғындарының арық суын ішіп отырғаны, жарық, газ, жолдың да жағдайы мәз еместігі жөнінде жазғанбыз. Мақала жарық көрісімен аудан әкімі Қайрат Әбдуәлиев ауыл тұрғындарын қабылдап, мәселені шешуге уәде берген-ді. Жуырда аталмыш ауыл тұрғындары редакцияға хабарласып, әкімдік тарапынан берілген сол уәделердің орындалмауына байланысты Елбасыға хат жолдағандары жайында айтты. Түсінікті болу үшін біз сол хаттың қысқартылған нұсқасын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

«Құрметті Елбасы! Қабланбек әкімдігі аумағында қазір 106 гектар жерде жылыжай бар. Егер олар талапқа сай болса, біз қарсы емеспіз. Бірақ солардан шыққан көмірдің түтіні экологияны бұзып, ауаны ластап, тынысымызды тарылтып барады. Әсіресе, кішкентай балалар үшін өте қиын.

Ауылымызда одан да басқа мәселе аз емес. Мәселен, жаяу жүргіншілерге арналған тротуар жоқ. Округ әкімі Қ.Тұрсынбаев 2017 жылы бюджеттен 29 миллион теңге тротуар салуға бөлінді деген, сол қаражат не себепті игерілмеді? Егемендік алғалы орталық көшеден басқа бір де бір көшеге асфальт төселмеген. Көшелер тар. Тротуар болмағандықтан, балалар асфальт жолмен жүруге мәжбүр. Ата-аналар балаларымызды көлік қағып кете ме екен деп үнемі уайымдап жүреміз.

Адам баласына біріші керегі ауа болса, екіншісі – су. Су мәселесі біздің Жонарықта Кеңес кезінен шешілмей келеді. Тұрғындар қысы-жазы арықтан су ішеді. Оның сапасын тексеріп жатқан ешкім жоқ. Жоғарыдан сумен бірге неше түрлі заттар, жан-жануарлардың өлекселері ағып келеді. Соны ішкен қаншама баланың іші ауырып, емделуге мәжбүр. Ауылдың төмен жағындағы «Тасбұлақ» каналынан су тазалап, «Сарыағаш» қаласы мен Келес ауданына дейін су айдағыш станция жұмыс істейді. Содан Жонарыкқа су берсе болар еді.

Ауылдың шығыс бөлігінде негізінен көрші мемлекеттерден қоныс аударған және жаңадан шаңырақ құрған жастардан құралған 50-60 отбасы түтін түтетуде. Олардың күнкөрісі өте қиын. Себебі газ, су, көше жоқ. Тұрғын үй-жайлары ауылдық округ құрамына енбегендіктен, ауырған жағдайда емделе де алмайды.

Ал ауылдың төменгі жағында бос жатқан 6 гектар жер күл-қоқыс алаңына айналған. Жастарға арналған стадион, спорт немесе мәдениет сарайы, тым болмағанда кітапхана да жоқ».

Ия, кезінде бұл мәселелерді біз де тізіп жазғанбыз. Аудан әкімінің өзі бастама көтеріп, ауыл тұрғындарымен кездесу ұйымдастырғанынан да хабармыз бар. Сол кезде уәде берілген болса, ол неліктен орындалмай жатыр? Осы сұрақты біз Қабланбек ауылдық округінің әкімі Қанат Тұрсынбаевқа қойдық. «Елбасының атына хат жолдағаны жайында хабарым жоқ. Бірақ біз қолдан келгенше жағдайларын жасап жатырмыз. Мен өз жауапкершілігіме көшеге трансформатор орнату міндетін алған едім, ол орындалды. Екінші көшеге тас төсетемін деген едім, ол жұмыс та бітті. Тротуар салуға қажетті құжаттарды екі жылдан бері дайындап отырмыз. Қаржы мәселесі де ауданнан шешілгелі жатыр. Ауылды түтінге көміп отырған жылыжайлар мәселесін экологтарға тапсырдық. Қорытындыны солар береді. Ауылға су тартылу керек. Оған қатысты да жұмыстар жүріп жатыр. Жол мәселесі ғана кешеуілдеп тұрғаны рас. Себебі ереже бойынша көше салу немесе жөндеу газ бен су жүйелері жүргізілгеннен кейін атқарылуы тиіс. Әйтпесе жаңа төселген асфальт бұзылады.

Ал енді ауылдың шығысындағы 60-70 отбасы орналасқан жерді елді мекен аумағына қосу ісі әні-міне аяқталуға жақын. Бұл жөнінде жұмыс атқарылды. Енді құжат мәслихатта қаралу керек. Одан қиындық тумауы тиіс. Мен тұрғындарға кездесулерде бұл жөнінде әрдайым түсіндіріп жүрмін. Сол кезде көпшілігі ауданның да, облыстың да әкіміне алғыстарын айтады. Өкінішке қарай кейінгі әңгімелері өзгереді. Енді кім не айтамын, қайда арызданамын десе де өз еркі ғой. Жалпы, біздегі жағдай осы».

Иә, бүгінгі таңда адам баласының өмірінің жайлы болуы әркімнің өзіне және мемлекеттің көмегіне тікелей байланысты. Адам өзі жұмыс істеуге талпынып, төңірегін таза ұстағанымен, инфрақұрылымдар, яғни мемлекет қамтамасыз етуі тиіс – ауыз су, жарық, жол, газ секілді қажеттіліктер шешілмесе, толыққанды жайлы өмір сүре алмайсың. Керісінше, инфрақұрылым мәселесі толық шешімін тауып, адам екі қолға бір күрек таппай, жұмыссыз сандалса да болмайды. Осы екі жағдай үндескенде ғана жоғарыға арыз жазу, шағымдану үрдісіне тоқтам болады. Дегенмен, халықтың шағымын жауапсыз қалдыру – мәселені ушықтырмаса, түйінін тарқатпасы анық. Сол себепті, жергілікті атқарушы билік өкілдері әрбір арыз-шағымдардың артында адам тағдыры тұрғанын ұдайы естен шығармаса екен дейміз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған