Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Мəдениет жəне өнер » Ақалтын мектебіндегі мерейлі мереке

Ақалтын мектебіндегі мерейлі мереке

8-наурыз Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік іс-шаралардың идеялық құндылық мазмұнын жоғары деңгейге көтеріп,  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Жастар жылының басымдықтарымен» ұштастырып ұйымдастыруды көздеген Шардара аудандық білім бөлімінің бастамасына орай аудандағы Ақалтын мектебінде онкүндік болып өтті.

1-наурыз – Алғыс айту күнінен бастау алған іс-шара жарасымды жалғасын тапты. Көктемнің алғашқы күні өткізілген «Жан жылуы» тақырыбындағы акцияға мектеп ұжымы белсенділікпен қатысты. «Ынтымағы жарасқан Қазақстан» атты қолөнер шеберлерінің көрмесі де жоғары деңгейде өтті. Ұйымдастырушы педагог Айжан Ақбаева мен тәлімгер Күләш Құлымбетова «Мен алғыс айтамын», «Ризашылық марафоны», «Татулықтың тұтқасы – бірліктің бесігі» тақырыбында оқушыларға эссе жаздырып, дөңгелек үстел отырысын өткізді. Жоғары сынып оқушылары ұстаздарға арнап әннен шашу шашты.

«Қазақстан – мейірімділік мекені» республикалық акция барысында мектепішілік жоспар құрылып, сол бойынша іс-шаралар ұйымдастырылды. Оның мақсаты – қоғамға риясыз қызмет көрсету идеясын тарату және насихаттауға қоғамның назарын аудару, балалардың көмекке мұқтаж адамдар мен табиғатқа деген қамқорлық қарым-қатынас, қоршаған орта үшін жақсы, игі амалдар жасау бағытындағы іс-шараларға қатысуын қамтамасыз ету болатын.

Тәлімгер Күләш Құлымбетова «Мейірімділікті анадан үйрен» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Ал «Жас Ұландықтар» көп балалы аналарға, ардагер ұстаздардың үйіне барып, ауласын тазалап, отындарын жарып, оны жинап, қол ұшын беріп қайтты. Педагог-психолог Нағима Асханова 5-сынып оқушыларымен өткізген «Балаға жүрек жылуы» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысында оқушыларға халқымызда ежелден қалыптасқан әдептіліктің жөн-жоралғылары, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету туралы түсінік әңгіме жүргізілді. 3 «А» сыныбының жетекшісі Жәмила Манах тәрбие сағатын өткізіп, барша жанға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

2 наурызда көрініс берген «Сыр сұлуы-2019» атты мектепішілік қыз сынында бас жүлдені 10 сынып оқушысы Альбина Матаева иеленіп, сайыстың аудандық кезеңіне жолдама алды. 4 наурыз күні қыздар кеңесінің төрайымы Жақсыгүл Сұлтанбекованың «Қыз өссе елдің көркі» тақырыбында арнайы мамандардың қатысуымен жиын өткізіп, өзара пікір алмасты. Келесі күні тәлімгер Күләш Құлымбетованың ұйымдастыруымен «Аяулы ұстаз – өмірдің гүлісің» тақырыбында қабырға газеттері шығарылды. Ертеңіне 5 «Б» сыныбының жетекшісі Айна Сұлтанбекова «Аналар асыл жандар» тақырыбында тәрбие сағатын өткізді.

Ал 6 наурызда Ләйлә Қасымова «Давайте, друзья, потолкуем о маме» тақырыбында тәрбие сағатын өткізсе, Индира Анашова жас мұғалімдердің қатысуымен «Болашақ – жалынды жастардың қолында» атты интеллектуалдық-шығармашылық байқау ұйымдастырды. «Болашақ» және «Жалын» тобы қатысқан бұл сайыс нәтижесінде «болашақтықтар» жеңімпаз атанды.

Мереке қарсаңында педагог-психолог Гүлшат Қадырбаеваның жас мұғалімдердің қатысуымен өткізген «Менің кіші Отаным» тақырыбындағы дөңгелек үстелде қатысушылар тарапынан ұтымды ойлар айтылып, психологиялық жаттығулар жасалды. Сол күні 11 сынып жетекшісі Азамат Ильясовтың ұйымдастыруымен «Сыйынар ем АНА деген тәңірге» тақырыбында мерекелік концерт өте жоғары деңгейде өтіп, барша ұстаздар мен ата-аналар алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді. Іс-шара барысында мектепте еңбек ететін ұстаздар, тәрбиешілер мен техникалық қызметкерлер марапатталды.

Мектебімізде бір аптаға созылған іс-шара 7 наурызда қыз-келіншектердің қатысуымен өткен спорттық сайыспен қорытындыланды. Осы бағыттағы шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенім бар.

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика