Deprecated: strpos(): Passing null to parameter #1 ($haystack) of type string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 7053

Deprecated: str_replace(): Passing null to parameter #3 ($subject) of type array|string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 2165
Абайлаңыз, алаяқ келін! – Nysana.kz – Ақпарат агенттігі

Абайлаңыз, алаяқ келін!

Соңғы кездері алаяқтықтың саны да, түрі де көбейіп кетті. Ресми мәліметтерге сенсек, сотталушылардың жартысынан көбі темір торға ұрлық пен алаяқтық қылмыстары үшін тоғытылған екен. Ендеше, қылмыстың бұл екі түрін қоғамның кеселіне айналды десек те болады.

Осындай алаяқтың алдауына түскендердің бірі апта басында редакцияға келді. Ол кісінің әңгімесін тыңдап отырып, қулықтың мұндай түрі де белең алған ба деген ойда қалдық. Күнделікті өмірде кездесіп жатқан осындай келеңсіздіктен өзгелердің бойын аулақ ұстап, сақтанып жүруі үшін біз Ордабасы ауданынан келген Шолпан есімді кейуананың сөзін оқырманға қаз-қалпында жеткізгенді жөн көрдік.

«Ақпан айының екінші онкүндігінде мен таныстарым арқылы Сарыағаш ауданындағы бір әйелмен хабарластым. Ол сіңлісінің жас қызын жөні түзу жігіт болса уақыт оздырмай тұрмысқа беруі керектігін айтқан соң бойдақ ұлымды ертіп, Сарыағашқа қызды көруге бардық. Балам қызды көргеннен кейін «білмеймін, болатын секілді» деп бас тарта қоймаса, қыз бірден «ұнады, момын да жақсы жігітке ұқсайды» деп келісімін беріпті. Бірақ, біз әл-әзірге дайындығымыздың жоқтығын, тек қызды көруге ғана келгенімізді айтқанымызбен, қыз жақ «әрі-бері әуре болып жүресіздер ме, ақыры келіп қалған екенсіздер бүгін-ақ алып кете беріңіздер» деп қоймады. Содан тым құрыса сырға салу рәсімін жасайық деп Сарыағаштағы базарға барып, сырға алдым. Не керек сол күні түнде келінді алып қайттық.

Ауылға келіп, ауыл-аймақты, алыс-жақындағы ағайын-туысты жинап, беташар тойын жасадық. Көптен күткен қуаныш болғандықтан, аз шығынданған жоқпыз. Өкінішке орай, қуанышымыз үш-ақ күнге созылды. Келін түсіргеніміздің үшінші күнінде кезекті қонақтардың алдына ас тартып отырғанбыз. Кешігіп келген көршіміз: «Жас келінді сонша жүгіртіп, дүкенге жұмсағандарың қалай, дедектеп барады ғой», – дегенде түсінбей қалдық. «Келінді ешқайда жұмсағанымыз жоқ, жас келінді кім дүкенге жібереді дейсіз» деп, оған іздеу салдық. Шынында да үйде жоқ. Балаларды көшеге жүгіртіп жіберіп едік, таппай келді. Мектептен қайтқан балам көшеде асығыс кетіп бара жатқан келінді көріп, «Жеңеше қайда барасыз?» дегенде, қолындағы пакетті көрсетіп, «мынаны көршіге апарып беруге» депті. «Сіздің барғаныңыз ұят қой, маған беріңіз, мен-ақ апара салайын» деген балам «жоқ өзім апарам, сендер бара беріңдер» дегесін жөніне кете берген.

Содан келінімізді кешке дейін іздедік. Жоқ. Келіп қалар деп бір күн күттік. Келмеді. Оны-мұныға ақша керек болғанда байқадым, біраз ақша қолды болыпты. Күдік бірден келінге түсті. Амал жоқ, 102-ге телефон шалуға тура келді. Кешке үйге үш полиция қызметкері келді. Мен оларға келіннің үйден 20 мың теңге ұрлап, қашып кеткенін айтқанда, олар «келініңізге ол ақшаның не қажеті бар» деп арызымды қабылдамады.

Келесі күні аудандық ішкі істер бөліміне барғанда қарызды қабылдап алған қызметкер келінімнің жоғалғандығы туралы арызды жазғызды да, ұрланған ақша жайлы сөз қозғамауды тапсырды. Оның мәнісін түсінбедім. Сыртқа шыққанымда бастығы тұр екен, оған не себепті үйден алып кеткен ақша туралы арызға қосқызбағанын сұрадым. Сол кезде ол әлгі қызметкерге телефон соқты. Бірақ, ол кезде тергеуші жігіт жұмыста болмай, кешке өзі баратынын айтыпты. Кешкісін үйге бірнеше полиция қызметкері келді. Сол күні түнде келініміз табылды. Таңертеңгісін тағы ішкі істер бөліміне шақырып, қайта арыз жазғызды. Бірнеше күннен кейін отбасымыздағы бірнеше адамнан көрген-білгені жөнінде түсініктеме алды. Ұрланған ақша бойынша қылмыстық іс қозғалды деген, бірақ қазір не болып жатқанын білмеймін. Шынымды айтсам, полицейлердің жұмысына сенбей қалдым. Қашып кеткен келін мен оның ата-анасын, мені бөлек-бөлек кіргізіп сөйлеседі. Осы мәселені айтайын деп аудандық прокуратураға барып едім олар: «Полицияның жұмысына қатысты шағымды облыстық ДВД-ға жазыңыз» деп қайтарып жіберді.

Үйде небәрі үш күн болып, қашып кеткен келініміз ұрлаған 20 мың теңгеден өзге бізді қыруар шығынға батырды. Нақтырақ айтқанда, қалың малы деп 300 мың теңге бердік. Келіннің құлағына таққан алтын сырға үшін 45 мың теңге жұмсадым. Қой сойып, дүкендерден қарыз алып, беташар той жасадық. Құдаларға кигізген кит-миті тағы бар. Жалпы, үш күн келінді боламын деп, бас-аяғы 800 мың теңге желге ұшты.

Полицияға келгенде қыздың ата-анасы «қалыңға берген қаражаттың жартысын ертең берейік, қалғанын жиым-терімнен кейін толтырармыз, әзірге кешірім жазып беріңіз», – дейді. Мен кеткен келіннің әкесі қашан егінін жинап болады деп күтіп жүруім керек пе? Өзімді осыншалық ақымақ етіп алдап, әбігерге салғаны үшін ешқандай кешірім болмайтынын, «көп болса 800 мың теңгем кеткен шығар, бірақ мұндай қылмыскерлер жазасын алу керек» деген талап қойдым. Содан бері бірталай күн өтті. Тергеудің не болып жатқанынан хабарым жоқ. Бір сұрағанымда қашқын келіннің үстінен қылмыстық із қозғалды деп жауап берген. Әділетті тергеледі деген сенімдемін.

Менің бұлайша табандап тұруымның себебі де жоқ емес. Бәлкім бізге үш күн келін болған адам осындай алаяқтық әрекетті кәсіп көзіне айналдырып, талай жігітті сан соқтырып жүрген де болар. Соған тақтам салу және мұндай қылмыстардың алдын алу үшін осындай қадамға баруыма тура келді. Басқа да былықтары анықталып жатса, келін де, оның ата-аналары да жауапқа тартылуы тиіс. Әйтпесе, «жаман әдет жұққыш келеді» демекші, мұндай «кәсіптің» белең алуы да ғажап емес қой. Бұл үйленген жігітке де, оның ата-анасы мен бауырларына да ауыр соққы болатыны анық. Сол үшін мен кейбіреулер секілді «ұят болады» деп жылы жауып қоя салмай, соңына дейін барғым келеді. Мені мазалайтыны – шығынданған 800 мың теңге емес, аяқасты болған намысымыз».

Иә, кейіпкеріміз осылай дейді. Сол себепті, құрметті оқырман, болашақ келінді, оның отбасын танып-білмей жатып, асығыстыққа салынып, баланы үйлендіре салуға асықпаңыздар екен. Қазақта «көріп алған сұлудан, көрмей алған текті артық» деп тегін айтылмаса керек. Абай болыңыздаршы әйтеуір, арамызда алаяқ келіндер жүр.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған