Ата-анаңа не істесең, алдыңа сол келеді

Бұрынғылардың әрбір сөзі саф алтындай салмақты, өнеге мен ұлағатқа толы екені рас қой. Әрбір ой түйіні өмірден алынғанына, тұнып тұрған философия екенінде ешкім шүбә келтірмесі хақ.

Біз бала кезімізде әкемізден «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» дегенді жиі еститінбіз. Рас, ол кезде жасымыз онға келген ойын баласы болғандықтан шығар, бұл сөзді неге айтып жатыр деп астарына үңілуді ойламайтынбыз. Қазір ойлап отырсақ, соның бәрі өмір жолыңнан адастырмас тәрбие екен ғой.

Ауылымыздың шетінде Қазыбай есімді қария құдай қосқан қосағы екеуі тұратын. Күндер өтіп, екеуінің де кәріліктен жүріп-тұруы қиындап қалды. Жаны ашитын адамдар, көрші-қолаңдар, ағайын-туыстары көмектесіп тұратын. Жастар жағы отынын жарып, суын тасып, көмектесетін. Бір сөзбен айтқанда, олар өзгенің көмегіне мұқтаж болғанымен, айналасындағы жақсы жандардың арқасында ауыры жеңілдеді.

Сол Қазыбайдың Өтепберген есімді жалғыз ұлы бар екенін білетінбіз. Ол ауылдағы байлардың бірі болатын. Жетпісінші жылдардың соңында ауылымызда алғаш болып сүттей ақ «Жигулиді» сол мінді. Ауыл көшесін шаңғытып өткенде «мұның қалай жұрттың бәрін шаңға көміп, жай жүрмейсің бе» деп айтуға көпшілігі жасқанатын. Ол «өмірім осылай жалғанды жалпағынан басумен жалғаса береді» деп ойласа керек, әйтеуір қатты қателескенін түсінетін жағдайда емес еді.

Басына күн түсірмей, еркелетіп өсірген жалғыз ұл – Өтепберген осылай өмірдің уақытша қызығына тоймай жүргенде қарт ата-анасы әлдекімдердің көмегіне мұқтаж халде өмір сүріп жатты. Уақыт өте келе жалғыз ұл ата-анасынан мүлдем хабар алмайтын халге жетіп, керексіз бір затқа айналды. Ауыл болғасын әркімнің күнделікті өмірі бір-бірінің көз алдында ғой, аға буын өкілдері жалғыз ұлдың мына қылығын құптамай, сырттай да, өзіне де «ең болмағанда екі айда бір қой сойып, ұн әперіп, ата-анаңа қарайлассаң қайтеді» деп қанша айтқанымен, жүрегі жіби қоймады. Біз де ол кезде бұл сөздің парқын түсіне қоймаппыз. Көпшілігіміз «зейнетақы алады, аштан өлмейді ғой, көмектесетін көрші-қолаң бар, неменесіне уайымдайды» деген ой жетегінде жүргенбіз. Ең болмағанда жасы ұлғайған адамның дүкенге барып-келуі де қиындап қалатынын ойламағанбыз да ғой.

Ешкім де мәңгілік емес. Жалғыз ұлдан рақым көрмей, өмірінің соңғы жылдарын өксікпен өткерген қариялар дәм-тұзы таусылып, жалғаннан бақиға аттанды. Біз де есейдік. Сол кезде ғана әкемнің жиі айтатын «атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген сөздің төркініне үңіліп, парқын пайымдағандай болдық. Оған себеп болатын жайттар жетерлік қой.

Осыдан он жылдай бұрын жалғыз перзент – Өтепбергеннің Қарағанды облысында тұрып жатқанын естідім. Баяғы күш-қайраттың қайтқан кезі. «Мал бір жұттық» демекші, қора-қора қойы да таусылыпты. Балаларының  басы бірікпей, бірі Алматы, екіншісі Астана, үшіншісі Жамбылда жүр. Өзінің әйелі өмірден озып, жалғыз қалыпты. «Орта жолда атың өлмесін, орта жаста әйелің өлмесін» демекші, жасы егде тартқанда әйелден бір ажырап, балалардан тағы қол жазып, жалғыз қалған қарияның сол кездегі жағдайы қырық жыл бұрынғы әкесінің қиналған күндерін айнытпай көз алдыңа еріксіз елестетеді екен. Бір айырмашылығы – бұрындары адамдар мейірбан, бір-біріне жанашыр, қамқор еді ғой. Соның арқасында Өтепбергеннің әке-шешесі ұл «сыйлаған» қиындықтан жаны қиналса да, тәні қиналмады. Ал, Өтепбергеннің айналасында қол ұшын созып, көмектесетін де адам қалмапты. Қандай аянышты ахуал. «Сен балаңнан бұрын өзіңді тәрбиеле, балаң сенің әрекетіңді қайталайды» деген рас қой. Әкесінің теріс қылығын көріп өскен бала қайбір оңсын.

…Бірнеше жыл бұрын сол Өтепбергеннің қарттар үйінде жатып, дүние салғанын естідік. Шалғай кеткен балалары уақытында жете алмағандықтан соңғы сапарға да қарттар үйіндегілер шығарып салғанға ұқсайды. Әкелерінің қабіріне бір уыс топырақ салуға да үлгере алмапты. Бұл жаратқанның құлына деген жазасы ма, әлде сынақ па? Онысын дөп басып айту қиын шығар, бірақ мұның өзгелерге ой салар ащы сабақ болғаны анық. Бәлкім Өтепберген аз-кем дүниеге малданбай, қартайған әкесі мен шешесіне қамқор болып, оң батасын алып қалғанда өзі де соңғы сапарға қарттар үйінен емес, қара шаңырағынан, балалары арулап шығарып салар ма еді деген ой келеді. Мүмкін тағдыры солай өрілген болар. Бірақ, сол тағдырға да түзету енгізетін өзіміздің іс-әрекетіміз, игі амалымыз емес пе?

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған