Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Отбасы » Азаматтық неке – азғындаудың алғышарты

Азаматтық неке – азғындаудың алғышарты

Бұрындары, бала кезімізде өзіміз бұрын-соңды естімеген жағдайларға қатты таңқалатын едік. Қазір таңқалу деген сезім жойылып барады. Бәрі де үйреншікті әдетке айналып шыға келетіндіктен, түк болмағандай жүре беретін болдық. Ешкімді ештеңе алаңдатпайды. Жақында бір әріптесімнің әлеуметтік желіде жазған мына бір жайсыз әңгімені оқып қалдым. «…Қысқасы, 4 баласын жарына тастап кеткен бір еркек 10 жылда тағы да екі әйелге үйленіпті. Соңғы екі некеден туған 6 баласы да әкесіз өсіп жатыр. Сонымен, бұрынғы үш әйел бірігіпті. Олар экс-күйеуін тауып, алиментті төлетіңізші деп көмек сұрайды. Қашып жүрген әлгі азамат жұмыс істемейді. Есесіне тағы жар құшыпты. Үйлене берсін, бірақ баланы тудырып, неге тастап кетеді? Әйелдерден «жүктіліктен неге сақтанбадыңыз, оның бұрын әйелі, бала-шағасын тастап кеткенін де білдіңіз. Олардың қиыншылықтан титықтаған жағдайына неге көз жұмдыңыз» деп сұрадым. Олар жауап қатпады».

Турасын айтайық, қазір дәл осыған ұқсас тағдырлар елімізде жүздеп, мыңдап саналады. Осыған қарап-ақ біздің жағдайымыздың қай дәрежеде екенін шамалауға болады. Жоғарыда айтылған оқиғаның орын алуына елімізге аузымыздың суы құрып әңгімелейтін Еуропа елдерінен енген азаматтық неке деген пәле кінәлі. Қоғамның азғындауына барынша «үлес қосып» жүрген осы бір құбылыстың тамырына балта шабылмайынша әлі талай отбасының шаңырағын ортасына түсіретіні шүбәсіз.

Мұсылман қауымында мұны зинақорлық, яғни ойнастық деп санайды. Зинақорлық – бұл дінімізде үлкен күнә және ол Ислам дінінде ғана емес, өзге діндерде де шеттетілген. Өйткені зинақорлықтың адам үшін, қоғам үшін, ұлт үшін зияны орасан. Ал мұны кейбіреулер өз мүддесі үшін пайдалануда. Қазiр ер адамдар өздерiнiң заңды балаларына алимент төлеуден қашқақтайды, ал азаматтық некеде дүниеге келген балаға алимент төлету мүлде мүмкiн емес. Керек десеңіз, азаматтық некедегі әкенің өз баласының тағдырына, болашағына деген жауапкершілікті де сезінбейді. Осыдан келіп әкесіз балалардың саны артады. Ер адамды шынымен баланың әкесi екенiн анықтайтын бiр ғана жол бар, ол – ДНК арқылы дәлелдеу. Бiрақ бұл өте қиын, әрi әжептәуір қаржыны қажет етедi. Ал сот көп жағдайда мұндай iстердi қарауға тәуекел етпейдi.

Азаматтық некенің алғашқы шығу төркініне тоқталып өтер болсақ, оның бастапқы негізі 1580 жылы Нидерланды елінде қалыптасқан көрінеді. Кейін 1791 жылы Францияға, 1836 жылы Англияға, 1875 жылы Германияға және 1917 жылы Ресейге тараған. Міне, сол жылдардан бері дін қызметкерлерінің қарсылығына тап болғанмен ол елдерде шіркеу некесіне балама неке ретінде дамыған. Тіпті бүгінгі күнге дейін жетіп отыр. Мамандардың есептеуінше, азаматтық некемен өмір сүрген жастардың 80 пайызы бір-бірімен жараспай, айырылысып кетеді екен. Тек бестен бірі ғана дәм-тұзы жарасқан ерлі-зайыпты атанатын көрінеді. Еліміздегі дағдарыс орталықтары одағының мәліметіне сүйенсек, ол жерге жыл сайын «азаматтық некеге» тұрып, алданып қалған 15-20 әйел көмек сұрап келеді екен. Оның үстіне, бүгінгі таңда кәмелетке толмаған балалардың 22 пайызы некесіз туған деген дерек бар. Мұның бәрі еліміздің демографиялық жағдайына оразан зор кесірін тигізері айдан анық.

Жасыратыны жоқ, қазір бір-бірімен тек ашыналық қатынаста болуды көздеген немесе жұмыс карьерасын ғана ойлап, бала табуды кейінге ысырған жастар көбіне азаматтық некеге тұруды құп көреді. Өйткені, бұл кез-келген уақытта қосылып, қалаған сәтте айырыла салатын ең жеңілтек неке. Рухани тұрғыдан қарар болсақ, некеге тұрмай, тән қарым-қатынасында болу – адамды ар-абырой кемістігіне шалдырады. Мұсылмандық үшін де мүлдем жат. Психологтардың пiкiрiнше, азаматтық некедегi нәзiк жандылар көбiнесе күйеуiм бар деп сенедi, ал ер адамдар оларға көңiлдесiм деп қана қарайды екен. Осындай қарым-қатынастағы ер мен әйелдi отбасы деп атауға қалай ауыз барады?

Дүниежүзінде осындай адамзат санасын улайтын жалған пікірдің салдарынан миллиондаған адамдар зардап шегуде. Мыңдаған отбасы ойран болып, қаншама балалар тірі жетімге айналуда. Жезөкшелік пен азғындық көбейіп, СПИД секілді қауіп төндірген, қисапсыз бәлекет алып келген әртүрлі аурулардың таралуына жол ашуда. Сондықтан, кейбір мемлекеттер секілді еліміздің ақпарат құралдарында некесіз, отбасынсыз өмір сүруді уағыздайтын тақырыптарға мүлде жол берілмеуі тиіс.

Өкінішке орай, қазіргі таңда дініміз бен ділімізге қайшы келетін бейнеклиптер мен кинолардан аяқ алып жүре алмайсыз. Қолдан жасалған мұндай азғындықты қайта түзету оңай емес. Оған ұрынбас үшін отбасындағы ата-ананың тәрбиесі мықты болуы керек. Иманды, ибалы ұрпақ ондайға жолай қоймас. Егер бұл мәселемен ел болып күресудің орнына жүрдім-бардым қарасақ, ертең салдарын жою мүмкін болмай қалады. Онда басқалар сияқты миллиондап қаржыны ысырап ету өз алдына, өмірден бармағымызды тістеп өтеріміз хақ.

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика