Білім министрлігінің бастамалары бүлдіршіндерді жаппай мүгедек
етпесе болғаны
Бала біздің болашағымыз. Мұны барлығымыз жақсы білгенімізбен биліктің бишігіне қонақтаған «жанашыр көкелер» жиі есімізге салып отырады. Онысы үшін рахмет әрине, алайда олар осы сөзді шын ниетімен айтады ма, әлде ұпай жинаудың бір амалы ма? Сауалды бұлайша төтесінен қоюымыздың өзіндік себебі бар.
Бүгінде Қазақстанның білім және ғылым министрлігіндегілер мектеп бағдарламасына не өзгертулер енгізіп, қандай тәжірибе жасап жатқандарын өзге түгілі өздері де толыққанды түсінбейтін секілді көрінеді бізге. Бір тәжірибені іске асыра алмай жатып келесісін тықпалай беру үйреншікті әдетке айналды. Өкініштісі сол, айтқан сөздері мен атқарған істері бір-бірімен қабыспай, қайшы келіп жатады.
Бүгінгі білім министрлігінің сансыз да сәтсіз жаңа реформалары балаларымыздың санасына салмақ салып қана қоймай, денсаулығына да зақым келтіріп, мүгедектік қамытын кигізеді ме деген қауіп те жоқ емес. Неге дейсіз ғой, айтайық. Шыны керек, қазір бастауыш сыныпта оқитын балалар үшін мектеп сөмкесін көтеріп жүру өте қиын. Бұрынғыдай бір «Әліппе» мен бірнеше дәптер салып кете бермейді. Қазір мектепке күнделікті алып баруы тиіс оқулықтардың саны да көп, салмағы да ауыр. Негізі білім министрлігі бекіткен ережеге сай мектепте негізгі пәндер мен факультатив сабақтардың кестесі бөлек түзілу керек. Бірақ бұл білім ұяларында сақтала бермейді. Соның салдарынан оқушылардың сөмкесіне салынған кітаптардың салмағы шамадан тыс артып кетеді.
Ауыр салмақ бүлдіршіндердің денсаулығына кері әсер етпей қоймайды. Осыған орай еліміздің денсаулық сақтау министрлігі өзінің 2018 жылдың 28-қыркүйегіндегі бұйрығына сәйкес «Білім ордаларындағы санитарлық эпидемиологиялық талаптар» ережесіне өзгеріс енгізген болатын. Сол ережеде оқушының күн сайынғы көтеретін салмағының шектік көлемі тайға таңба басқандай етіп көрсетілген. Мәселен, 1 – 3 сынып оқушылары – 1,5 – 2,0 келі; 4 – 5 сынып оқушылары – 2,0 – 2,5 келі; 6 – 7 сынып оқушылары – 3,0 – 3,5 келі; 8 – 11 (12) сынып оқушылары – 4,0 – 4,5 келіден артық жүк арқаламауы қажет. Осы талап бүгінде қаншалықты сақталып отыр?
Министрліктің осы бұйрығы жарияланғаннан сәтінен бастап 21 күннен кейін күшіне енді. Алайда, ол қағаз бетінде ғана қалып қойған іспетті. Неге десеңіз, бұйрық бар деп бүлдіршіндердің жеңіл сөмке көтеріп жүргенін көрмедік. Керісінше, барынша ауырлап барады. Асылында, кез-келген бұйрық орындалуымен құнды. Орындалмайтын бұйрықтың құны – көк тиын. Осындай олқылықтың салдарынан зардап шегіп жатқан оқушылар да жоқ емес. Бұл туралы перзентінің болашағына алаңдап, редакцияға хабарласқан Гүлжазира Кәрімбаева есімді оқырманымыз айтып берді. Оның кеше ғана мектеп табалдырығын аттаған қызы, Шымкент қаласындағы №99 мектептің 2 сынып оқушысы бүгінде беліне ем қабылдап жүр екен. «Қызым белім ауырды дегенде мән бермейтінбіз. Сабақтан келе сала белін ұстап жатып қалатын болғандықтан оның денсаулығына алаңдап, №7 емханаға алып бардық. Ондағы ақ халаттылар бір ай кезек күттіріп барып, УЗИ-ге түсірді. Дәрігерлер қызымның бір бүйрегі екіншісінен үлкен екенін айтып, «Нұрсәттегі» балалар ауруханасына жолдады. Ауруханадағылар емханадағы әріптестерінің тұжырымына күмәнмен қарап, ақылы негізде қайта УЗИ-ге түсіртті де, бүйрекке байланысты айтар шағымдары жоқ екенін, алайда ауыр жүк көтергеннен бел омыртқасы майысқанын айтты. Мектепке барарда сөмкесін көтертпеуге кеңес берді. Бірақ күн сайын оны мектепке кім апарып, кім алып қайтады? Одан басқа төрт балам мектепте оқиды. Барлығының көтеретіні сол ауыр салмақ. Кіші қызымның жағдайы мені сары уайымға салып қойды. Енді не істерімізді білмей отырмыз», – дейді ашынған ана.
Бұл бір ғана ата-ананың уайымы. Ал мұндай белінен зардап шеккен балалардың келешекте күрт көбеймейтініне кім кепіл? Қазірдің өзінде баласының ауырғанын білмей жүрген, білсе де өздігінше ем қабылдап немесе дәрігерге көрсетуге немқұрайды қарап жүрген ата-аналар қатары қанша екенін ешкім дөп басып айтып бере алмайды. «Ескермеген дау жаман, елемеген ауру жаман» демекші, бұл ертең бүтіндей бір ұрпақтың бас ауруына айналса қайтпекпіз?
Ұрпақ сабақтастығын ескерсек, елімізде мектеппен байланысы жоқ бірде бір отбасы жоқ. Ал сол отбасылардың болашағынан зор үміт күтіп отырған бүлдіршіндері бесіктен белі шықпай жатып-ақ белден айырылса не болмақ? Бұл жөнінде мамандар не дейді?
Самат ЕСІРКЕПОВ, Қарабастау дәрігерлік амбулаториясының дәрігері:
«Буыны бекімеген балаға ауыр көтерткен ағзасына зиян»
– Әрине, буыны бекімеген балаларға ауыр көтертуге болмайды. Бел омыртқасына зиян келері анық. Бірақ менің министрліктің бұйрығынан хабарым жоқ екен. Жалпы, біз мектеппен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Жиі кездесулер өткізіліп тұрады. Оқушыларды медециналық тексеруден өткіземіз. Әйтсе де сіз айтқан мәселені зерттеп көру керек екен.
Бақытжан НАУРЫЗБАЕВ, №99 мектеп гимназиясының директоры:
«Шкаф орнату жоспары әзірге орындалған жоқ»
– Бұл бұйрық бізге таныс. Сол бойынша жұмыс істеуге тырысып жатырмыз. Себебі бірінші кезекте оқушы денсаулығы маңызды. Кітап-дәптердің ауырлығы жөнінде ата-аналардан жиі шағым түсіп жатыр. Кейбір ата-ана баласының сөмкесін өздері көтеріп келіп жүр. Бірақ екінің бірінде ондай мүмкіндік жоқ екені де түсінікті. Сондықтан Білім министрлігі бұл мәселені бастауыш сыныптарға арнайы шкаф орнату арқылы шешпек болған. Ол шкафқа оқушының киімдері, негізгі оқу құралдары сақталады. Балалар үй мен мектеп аралығында кітап арқалап жүрмейді. Үй тапсырмасын да мектепте орындап, отбасында логикалық сұрақтарға ғана дайындалады. Осы мақсатта қаржы да қарастыратын болған. Бірақ әзірге ол орындала қоймады. Ата-аналар тарапынан шкафтарды өзіміз-ақ жасатайық деген ұсыныс-пікірлер болған. Оның қаншалықты заңға сәйкес келетіні зерделеніп жатыр. Жалпы, мұндай жағдай еліміздегі барлық мектептерге тән.
Келмеске кетті деген Кеңестік дәуірдің өзінде балаларға ауыр салмақ артып қою былай тұрсын, партада түзу отыруға да көп мән беретін. Соған ыңғайланған парталар жасалатын. Бүгін бәрі керісінше. Сонда білім министрлігі балалардың болашағын ойлап отыр ма, әлде балта шауып жатыр ма? Миллиардтан аса халқы бар Қытайда балалардың омыртқасы түзу, дені сау болу үшін еңкеймей жазуға арналған арнайы парталарға отырғызады. Миллиардтан көп халқы бар Қытай үкіметі болашағына осындай қамқорлық танытып жатқанда аз ғана тұрғыны бар елімізде неге бұл мүмкіндікке қол жеткізуге болмасқа?! Бәлкім, жанашырлық жетіспей жатқан болар?