Жасы елуді еңсерсе де жұмыстан қол үзбеген ана, дәлірегі ене байғұс тауықпен таласа оянып, күндегі әдетінше үйден ерте шықты. Жұмыстан кешігіп қалмайын деген бала да ешкімді мазаламастан таңертеңгілік шайын апыл-ғұпыл өзі дайындап, ішіп кетті. Үйде науқас отағасы мен босаға аттағанына бірнеше ай ғана болған жас келін ғана қалды.
Отағасы да күндегі әдетінше ұйқыдан ерте оянған-ды. Ал жас келін әлі төсегінен тұрар емес. Таңертеңгі сағат 8 жарым шамасында атасы келін жатқан бөлменің есігін ақырын қағып, “келін, көшенің бас жағындағы дүкеннен нан әкеле қойшы, ә айтпақшы, темекім де таусылыпты” – деді де аулаға шығып кетті. Ал ұйқысы қанбаған жас келін орнынан сүйретіліп тұрды да беті-қолын шала-шарпы жуып, дүкенді бетке алды. Тәтті ұйқысын үзген атасына қатты ренжулі. Ашуы мұрнының ұшында тұрған соң оңсын ба, үйден ұзамай жатып дереу әкесіне қоңырау шалды. “Пап, атам мені 8 жарым болмай ұйқымнан оятып, дүкенге нанға жұмсады! Еще мен оған темекі де әкеліп беруім керек екен! Мен сонда бұл үйге құлдыққа келгенмін бе? Ой, какой ужас!” – деп ботадай боздай бергені сол еді телефонның арғы жағындағы әкесі қалшылдап кетті. “Қазір мен саған көрсетемін!” деп ашу-дұшпанға ерік берген ол дереу құдасының телефон номерін теріп, “Әй, құда! Сенің мұның не, а? Не, менің қызым сендердің құлдарың ба? Таң атпай нанға жұмсайсың, ол аздай темекі әкел дейсің! Бұл не, а? Мен саған адам жұмсағанды көрсетемін!” – деді шаптығып. Алғашында туған құдасының мына сөздеріне түсінбей, біраз уақыт аңтарылып, үнсіз қалған атасы аздап есін жиып, өз-өзіне келе бастағанда ғана дауылдың қай жақтан соққанын ұғынғандай болды.
– Құдеке, сәл сабыр етіңіз. Бүлінген ештеңе жоқ. Рас, келінді дүкенге жұмсаған едім…
– Неге бүлінген ештеңе жоқ? Ұялмай-қызармай осылай деп айтуға қалай дәтің барады? Все! Қазір балаларымды жіберемін, қызымды алып кетеді, – деп телефон тұтқасын тастай салды.
Құдасының мына сөзі сүйектен өтіп, тұрған орнында бойын тіктеп ұстай алмай аз-кем шайқатылып кетті. «Құдай-ау, келінін дүкенге жұмсаса не болыпты?» деп өз ойымен өзі арпалысып жүргенде көп ұзамай үйге сотқалдай үш жігіт сау етіп кіріп келді. «Қонақтардың» түрлері өрт сөндіргендей түтігіп кеткен. Олар ай-шайға қараған жоқ, қарындастарын “бол да бол” деп асықтырып, қас пен көздің арасында киімдерін алды да қараларын батырды. Үй иесінің сабырға шақырған сөздерін құлақтарына да ілген жоқ.
Жұмыстан үйіне кештетіп оралған ене мына сұмдықты есіткенде басын ұстап, сенер-сенбесін білмеді. Әлден соң өз-өзіне келіп, құдасына қоңырау шалған-тұғын. Бірақ құданың ашуы тарқай қоймапты, телефонды өшірді де тастады.
Жас келін сол кеткеннен мол кетті. Күндер зулап өте берді. Әне-міне дегенше үш ай сырғып өте шықты. Қашанғы шыдасын, бір күні ене келіннің артынан келген бар жүгін көлікке тиеп жіберді. Арада екі сағат өткенде көлік құданың үйіне тұмсық тіреді. Көліктен түскен екі жігіт ештеңеге алаңдамай жүктерді біртіндеп жерге түсіре бастады. Сырттағы дауыстарды есітіп тысқа шыққан үй иелері мына көрініске алғаш аңтарылып қалғанымен, бәрі түсінікті еді. Сүт пісірім уақытта жүк түсіріліп, суыт барғандар жылдам кері қайтты…
Бүгінде бұл оқиғаның орын алғанына жылдан асып кетті. Бұл аралықта жас келін төркінінде жатып босанып та алды. Өмірдің өзінен үлкен ұстаз, мықты тәрбиеші жоқ. Төркіндеп жатқан келін бар бәле өзінде екенін біртіндеп сезіне бастады. Ата-анасы да жіберіп алған қателіктерін түсініп, жүздері төмен қарады. Жалған намысты жиып қойып, қыздары ақ босаға аттаған үйдің иелеріне “Жаздық-жаңылдық, бізді кешіріңіздер, бір білместік өтті” деп хабарласқан-тұғын. Алайда бір атым насыбайдан да қалатын көңіл жіби қоймады, оқтау жұтқандай иліккен жоқ. Бір жағынан, оларды да түсінген дұрыс шығар?
Иә, өз перзентінің жай-күйі қай ата-ананы да алаңдатпай қоймайды. Дегенмен, қыз – жат жұрттық. Жөнсіз жерге килігіп, орынсыз іске араласу – өз перзентінің өмірін жеңілдететін емес, қиындыққа толтыратын әрекет екенін осы оқиғаның өзі-ақ дәлелдеп отыр. Атам қазақ «судай сіңіп, тастай бат» деп тегін айтпаған. Әрине, жаңа түскен келін үшін жаңа ортаға, жаңа әулетке сіңісіп кету оңай емес. Осындай кезеңде қызының әрбір әрекетіне араласа беру ата-анаға абырой әкелмейді. Ұл-қыздарының шаңырағын шайқалпай ұстау ерлі-зайыптыларға ғана емес, ата-аналарға да тікелей байланысты. Осыны ұмытпаған жөн-ау.