Дәрігерден дауа болмай, емшінің емі қонды

Жақында таңертең ұйқыдан оянған қызым бірден аяғын баса алмай қалды. Түнде ғана сап-сау күйінде ұйқыға жатқан-тұғын. Қызыма сыртқа шығудың өзі мұңға айналды. Сонымен дереу «жедел жәрдемге» хабарластық. Обалы не керек, олар көп күттірмей жетіп келді. Үйге ентелей кірген екеуі қызымды ары-бері тексерген соң жарты сағаттың о жақ-бұ жағында «ауруханаға жатқызу керек» деп өздерімен бірге алып кетті. Балалар ауруханасының дәрігерлері одан сан түрлі анализдер алған соң, емдеу керек деген шешімге келді.

Хош, сонымен отбасымызда сабылу басталды. Күн сайын, не күнара ауруханаға барамыз. Қызымыздан жағдайын сұрасақ «жақсы» дейді де қояды. Алайда, қызымның жағдайы жақсару былай тұрсын, кері кетті. Тіпті ауруханаға барған кезімізде оны мүгедектерге арналған қоларбада отырғанын көретін жағдайға жеттік. Ондайда кімнің жүрегі ауырмайды дейсіз?

Сонымен, күндер өте берді. «Жазылып кететін шығар» деген оймен үмітімізді үзбей жүре бердік. Бірақ қызымның жақсаратын түрі байқалмайды. Бұл жағдай мені қатты мазалаған соң алдымен бас дәрігердің орынбасарына, араға бір-екі күн салып басшының өзіне жолығуға тура келді. Екеуі де қызымның денсаулығын күндіз-түні бақылауда ұстап отырғанын, неше түрлі дәрі-дәрмектермен емдеп жатқанын айтқан соң сенбеске амалым қалмады. Өкініштісі, жағдай сол күйі өзгерген жоқ. Шыдамның да шегі бар емес пе? Бір күні бас дәрігердің орынбасарына хабарласып, қызымды ауруханадан шығарып алатынымды, бақандай 24 күннің ішінде ешқандай да ем қонбағанын ашып айттым.

Ертеңіне әйелім екеуміз қызымызды Сарыағаш ауданында тұратын Ибраһим есімді емші, әрі сынықшы кісіге алып бардық. Ол қызымды ары-бері көрді де бір жүйке тамырының омыртқа арасында қысылып қалғанын, аяғын баса алмауының нақты себебі сол екенін әп-сәтте айтты. Айтып қана қоймай сол мезетте оны қалпына келтірді. Бір айға жуық аяғын баса алмай қиналған қызым көз алдымызда ойнақтап шыға келді. Емшіге қайта-қайта рахметімізді жаудырып, үйге көңілді оралдық. Шүкір, содан бері қызымның денсаулығы жаман емес.

Мен мұны жазу арқылы дәрігерлерді даттап, емшілерді мақтайын деп отырғаным жоқ. Рас, ауырған адамның ең әуелі Алладан, сосын ақ халатты абзал жандардан көмек күтетіні белгілі. Алайда мына жағдайдан соң көкейде күмән қалғанын несіне жасырамын? Сонда дәрігерлердің қызымды неше түрлі құрал-жабдықтар арқылы тексеріп, сонша күн емдегенде жүйке тамырының омыртқа арасына қысылып қалғанын білмегені ме? Осыдан кейін «сенген қойым сен болсаң…» демегенде не дейін?

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған