тастап кеткен безбүйрек әйел енді бармағын тістеп жүргенге ұқсайды
Заман өзгерді ме, әлде адам өзгерді ме, әйтеуір бүгінде неше түрлі тосын оқиғаларды есітіп, көріп-біліп жүрміз. «Отағасы әйелі мен бала-шағасын тастап, өзге біреумен көңіл жарастырып кетіпті» дегенді оқта-текте болса да құлағымыз шалатындықтан, оған жұрт онша таңқалмаушы еді. «Тәшкендегі қызым мына қызымнан да өткен сорақы» демекші, енді керісінше күйеуі мен бала-шағаларын еш шімірікпей тастап кететін әйелдер де өмірде кездеседі екен. Жақына біз сондай бір әйел туралы сұмдықты естігенде еріксіз жағамызды ұстадық. Содан іздестіріп-сұрастырып жүріп әйелінен тірідей айырылған азаматтың өзімен тілдестік. Бүгінде ол Шымқалада бес ұл-қызымен пәтер жалдап тұрады екен.
«Бірінші әйеліммен дәм-тұзымыз жараспаған соң ажырасып кеткенмін,- дейді кейіпкеріміз. – Кейін жасы менен 10 жас кіші осы келіншекке үйлендім. Ол кезде ауылда тұратынбыз. Ел қатарлы өмір сүріп жаттық. Уақыт өте балалы-шағалы болдық. Не себеп әсер еткені беймәлім, 2013 жылы әйелімнің мінезі өзгере бастағанын байқадым. Бұрынғыдай емес, үйде ештеңе істемейді. Неше түрлі сылтаумен үйден шығып кетеді де кеш оралады. Себебін сұрасаң, жөнін айтпайды. Шынымды айтсам, оның бұл жүрісінен күдіктене бастадым. Шыдамның да шегі бар, бір күні онымен ашық сөйлесуге бел будым. Екеуара әңгіме барысында тіпті қыза-қыза келе «Егер үйде тұрғың келмесе онда жолың ашық» деуге де тура келді. Әйелім үнемі сыртқа алаңдайды да тұрады, үй-жай түгілі, бала-шағаға қарауды қойды. Ауылда өзіме лайықты жұмыс табылмай, отбасымды асырау үшін қалаға кетуге тура келді. Алматыдан жұмыс тауып, екі ай істегеннен кейін жалақымды алып, ауылға барып қайтайын дедім. Автобусқа мінер алдын әйеліме қоңырау шалып, ауылға бара жатқанымды ескерттім. Сөйтсем ол «ауылға келмей-ақ қой, одан да ақшаны салып жібере сал» демесі бар ма? Мен аң-таңмын. Себебін сұрасам, «Бізді уайымдама, бәрі жақсы. Жолға уақытыңды, ақшаңды құртып қайтесің? Ақшаңды салып тұрсаң жетеді» – деген соң кері қайттым. Ертеңіне ақшаны салып жіберіп, қайтадан жұмысымды істеп жүре бердім.
Үш айдан соң ауылға қайттым. Бұл жолы әйеліме ескертпедім. Егер оған айтар болсам, алдыңғы сөзді қайталары сөзсіз еді. Алып-ұшып ауылға келсем, әйелім үйде жоқ. Үйдің іші шашылып жатыр. Азық-түлік әлдеқашан таусылған. Әкелген табысыма бала-шағаны киіндіріп, ас-ауқатын әперген соң бұл жолы Астанаға жол тарттым. Ол жақта да қарап жүрген жоқпын, бар тапқанымды отбасыма жіберіп отырдым. Ауылға келсем, сол баз-баяғы көрініс алдымнан шығады. Отбасымның керек-жарақтарын түгелдеп беріп, ертеңіне қайтадан Астанаға кеттім. Бас қалаға келіп түскенім сол екен, әйелім қоңырау шалып: «мен кеттім, бала-шағаңа иелік ет» деп тұр! Өз құлағыма өзім сенбей, есімнен адаса жаздадым. Ары-бері айтсам көнбейді, тіпті «күйеуіммен сөйлесесің бе?» деп қитығыма тиіп, келеке етуге көшті. Ауылға келген соң сұрастырып жүріп оның Шымкентте біреумен тұрып жатқанын естідім. Мекен-жайын тауып, бала-шағамды алып бардым. Алайда он жылдан астам отасқан әйелім аузына келгенін айтып үйіне кіргізбеді. Онысы аздай, тоғыз ай, он күн көтеріп туған балаларын менікі емес деуге шейін барды. Осыдан соң кері қайттық. «Ел құлағы – елу» емес пе, оның мен туралы, отбасылы кезіміз жайында айтқандары менің құлағыма да жетіп жатты. Әйелімнің «Осы кезге дейін күйеуімнің жағдайын жасайын, бала-шағама қарайын деп бекерге жүре беріппін. От жағумен, күл шығарумен құр босқа өмірім өтіп кетіпті. Сөйтсем, нағыз рахат өмір мына жақта екен» деген сөзі әлдекімдер арқылы менің ғана емес, туған-туыстарымның да құлағына жетті».
Сергелдеңге түскен азамат осыдан соң туған-туыстарын ертіп әйеліне тағы да барыпты. Алайда бұл жолы да жұбайы бақырып-шақырып жанына жолатпапты. Міне, содан бері бірер жыл өте шыққан. Безбүйрек әйел отбасын тастап кеткенде шиеттей бес баланың үлкені 10 жаста болса, кішісі небәрі бес айлық сәби екен. Сол кезде есін біліп қалғандары аналарының әкесі жоқта не істеп жүргенін көрсе керек, әбден көңілдері суыған. Тіпті қазір анасын іздемейді де екен. Ал ай-күннің аманында отағасын жерге қаратып кеткен әйел өзі таңдап тиген сүйіктісімен де ұзақ уақыт тұра алмаған көрінеді. Қазір оның қайда жүргені де белгісіз. Соңғы айтылған ақпар рас болса, безбүйрек әйелдің басы салбырап, жүзін төмен салып төркініне келуден басқа амалы қалмағанға ұқсайды.
Біз осы айтылғандарды әлгі азаматтың өз аузынан естіген соң қарадай түңілдік. О заман да бұ заман, мұндайды кім естіген? Біздің айтарымыз, бәріне уақыт төреші. Өмір өтер, анасынан тірідей ажыраған балалар да бір күндері өсіп жетілер. Бірақ ол бейбақтардың безбүйрек аналары қайта оралған күнде де қабылдамасы анық. Отбасын қайтсем тарықтырмаймын деп күні-түні шапқылап жүрген азаматтың да бұрынғы әйеліне қатты көңілі қалған. Оны есіне де алғысы келмейді. Несін жасырайық, көкейде «рахат» өмір сүргісі келген, сол үшін бауыр еті балалары мен отағасынан безген әйел күндердің күнінде далада қалмаса нетті деген қауіп бар. Бәріне уақыт төреші.
Жалпы, оқиғаның бұлайша өрілуіне кім кінәлі? Мүмкін отағасының да тарапынан кемшіліктер мен қателіктер кетті ме екен? Әлде біз білмейтін басқа да себептер бар ма? Қалай десек те бұл жайсыз жайттың қазақылықтың қаймағы бұзылмаған оңтүстікте орын алуы көңілге қаяу түсірері анық. Құдай ақырын берсін дейік. Ата-аналар перзенттеріміздің тәрбиесіне айрықша көңіл бөлмесек, бұл қателіктің тағы қайталанбасына кім кепіл?! (Белгілі себептерге байланысты кейіпкерлердің аты-жөні мен мекен-жайын көрсетпедік).