Ордабасы ауданында мемлекет қаржысына ешкімнің жаны
ашымағаны ма?
Мемлекеттік тапсырыс аясында көптеген құрылыс пен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, көпшілігінің сапасы сын көтермейтіні айтыла беріп жауыр тақырыпқа айналған-ды. Алайда, баяғы жартас – сол жартас. Бұған, ең бастысы, тиісті орындар тарапынан бақылаудың төмендігі себеп болып жатқан секілді.
Кешегі аптада Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылына барғанда осындай бір оқиғаның куәсі болдық. Ата-аналар орталықтағы «Кәусар» гимназиясының ұжымы мен оны басқарып отырған Шолпан Шәдіқожаның еңбегі туралы ерекше тебіреніспен айтты. ҰБТ қорытындысы бойынша 110 балл жинап, көш басынан көріну кез-келгеннің басына бұйырмайтын бақ екені түсінікті.
Осы гимназияда өткен жылы маусым айында басталған күрделі жөндеу жұмыстары тамызда аяқталуы тиіс болатын. Куәгерлердің сөзіне қарағанда мердігер «Арсенал ЮГ» серіктестігі қысқа мерзімде жұмысты аяқтаған. Әрине, үлкен ғимараттың шатыры мен еденін, есік-терезелерін ауыстырып, өзге де жөндеу жұмыстарын атқаруға біршама уақыттың қажет екені белгілі. Соған қарамастан мердігер жаңа оқу жылы басталғанша негізгі жұмыстарды бітірген. Тапсырыс беруші, яғни аудандық білім бөліміне жұмыстардың аяқталғанын көрсетіп, қабылдау актісін алған. Өкінішке қарай, күрделі жөндеу жұмыстарының біткеніне әлі бес ай бола қоймаса да жіберілген кемшіліктер көзге көріне бастапты. Әрине, біткен іске сыншы болғымыз жоқ. Дегенмен, «көрмес, түйені де көрместің» кебін кимей, ең болмағанда кейінгілер тарапынан қайталанбас үшін көзге көрінген кемшілікті айтуды мақсат тұттық.
Ғимараттың сыртына сән беретін, қабырғадағы бояулар қазірден түсіп жатса, ішкі еденіндегі кафель шетінен сына бастаған. Мұның себебін сұрағанымызда, гимназияның директоры Шолпан Рысбайқызы: «Тиісті орындарға хат жолдадық, жауабын күтіп отырмыз. Келісім бойынша кемшіліктер мердігер тарапынан толықтырылуы тиіс. Өздеріңіз де байқаған шығарсыздар, сыртқы бояулар қабыршақтанып түсіп қалып жатыр. Шамасы бұл сапасы ең төмен бояу болса керек немесе бөлменің ішіне арналған болуы да мүмкін. Күрделі жөндеу жүргізілді деген аты болмаса, бұрынғы тұрғаны тәуір еді. Оны бояп қойсаң жаңа көрінетін. Сосын жөндеу жұмыстарынан кейін бейнебақылау жүйесі әлі жұмыс істемей тұр. Мұны да мердігер компанияның жұмысшылары дұрыс шешпей, қиып тастай берген-ау. Енді оны қайта орнату керек. Бұл жөнінде де ескертілді. Бейнебақылауды бұрынғы қалпына келтірмесек, бізге айыппұл салынады», – деп, көзге көрінетін, көрінбейтін кемшіліктерді тізіп берді.
Арнайы ма, әлде кездейсоқ келіп қалды ма, әйтеуір біз мектептің ауласынан шыға берісте аудандық білім бөлімінің басшысы Шұға Нұрабаеваны кездестіріп қалдық. Орайы келіп тұрғандықтан ол кісіні де әңгімеге тарттық. «Мектептің жөндеу жұмыстары бітіп, біз оны қабылдап алдық, – деді бөлім басшысы. – Қабылдайтын кезде гимназияның директорынан жағдайды сұрадым. Ол барлығы дұрыс деп хат берді. Күнде көріп, құрылыстың басы-қасында жүрген осылар болғандықтан мен сол хатты басшылыққа алып, қабылдадым. Бірақ бес жылдық кепілдік мерзімі бар. Сол бойынша кемшіліктер орнына келтіріліп отырады. Бояулар түсіп жатса, айтамыз, келіп қайта істейді».
Жөндеу жұмыстары бітті, бірақ қаншалықты сапалы? Біздің куә болғанымыз – пайдалануға берілгеніне жарты жыл толмай жатып, күрделі жөндеуден өткен ғимараттың едені сынып, сыртындағы бояуларының түсіп жатқандығы. Қазір бұлай болса, жыл өткенде қандай күйге түседі? Мұндай көзбояушылық кімге керек? Әлде бүгінде жөндеу жұмысы жүргізілген, жаңадан салынған құрылыстарға жылына бір-екі реттен қайта жөндеу сәнге айналған ба? Ордабасы ауданында мемлекеттің қаражатына жаны ашитын ешкімнің қалмағаны ма сонда? Тапсырыс беруші мекеме біткен жұмысты қабылдарда осының барлығын ескеруі керек емес пе? Айтқан жерден аулақ, егер арада уақыт өтіп, құрылыстан ақау шықса, тиісті орындар алдында оны қабылдаған адам жауап бере ме, әлде хат бергендер ме?