Н.Назарбаев «Нұр Отанның» ХVІІІ съезінде осылай деді.
Кеше, яғни 27-ақпан күні Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен “Нұр Отан” партиясының кезекті XVIII съезі болып өтті. Партияның құрылғанына 20 жыл толған маңызды жиында Елбасы не айтты?
* Осы жылдың 1 шілдесінен бастап бюджет саласындағы айлығы төмен қызметкерлердің жалақысы 30 пайызға арттырылмақ.
* Көпбалалы отбасыларға 40 мың жалдамалы пәтер салынады. Бұл шараға жыл сайын 50 млрд. теңге бөлінетін болады.
* Мүгедек бала асырап отырған ата-аналардың жәрдемақысы 30 пайызға өседі.
* «Атаулы көмек алып отырған көпбалалы отбасылардың әрбір баласына берілетін жәрдемақыны 21 мың теңгеге дейін өсіруді тапсырамын. Аталған көмекті барынша жеңілдету керек. Халық ары-бері шапқылап жүрмесін. Сосын ондай отбасылардың табысын есептегенде басқа әлеуметтік жәрдемақыларды санауды алып тастау қажет. Әйтпесе, соның бәрін санағанда көпбалалы отбасылар бай азаматтар болып шыға келеді».
* Толық емес көпбалалы отбасыларға үйден жұмыс істеуге мүмкіншілік жасау қажет. Ал ауылдағы көпбалалы отбасыларға жекелеген гранттар, квоталар және шағын несиелер бөлу қажет. Үкімет пен әкімдер бұл қызметті “Нұр Отан” және “Атамекенмен” бірге жүзеге асыруы тиіс”.
* Көпбалалы және толық емес, мүгедек балалары бар, аз қамтылған отбасыларға Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы жылдық 2-3 пайызбен тұрғын үй заемын беру жеңілдіктерінің тетіктері әзірленбек.
* Республикалық бюджет шығындарының 45 проценті әлеуметтік салаға бағытталады.
* Қоғамдық денсаулық пен алғашқы медициналық көмекке бөлінетін қаражаттың жалпы денсаулық сақтау саласына қарастырылған ақшаның 40 пайызынан 60 пайызға дейін арттырылуы тиіс. Бұл саланы дамытуға қосымша 120 млрд теңге бөлінеді.
* Жергілікті жолдарды жөндеуге 350 млрд. теңге бөлінеді.
“Нұр Отан” – толағай табыстардың және болашаққа жол ашатын жарқын жетістіктердің партиясы. Біздің ұзақ мерзімді стратегиямыз, мол табиғи ресурсымыз, саяси күш-жігеріміз бар. Мемлекеттің қуаттылығы мен экономиканың даму қарқыны азаматтардың тұрмыс сапасымен өлшенеді. Сондықтан мен өзіме сенім артқан халықтың болашақта емес, қазір бақытты болғанын көргім келеді”, – деп атап өтті Президент Н.Назарбаев.