Шымкент пен Түркістанның ортасында орналасқан Төрткөл ауылын білмейтін жан оңтүстікте кемде-кем шығар. Ордабасы ауданына қарасты бұл елді мекенде халық тығыз орналасқан. Әрине, айтпағымыз бұл жөнінде емес. Біз бұл жолы ауыл тұрғындарын толғандырып жүрген өзге мәселеге орай ой қозғасақ дейміз.
Аталған елді мекенде шамамен өткен ғасырдың 60-жылдарында салынған екі қабатты бірнеше үй бар. Өкінішке орай, кешегі 90-жылдары бұл үйлер мүлдем қараусыз қалды. Өйткені, бұл кезде тұрғындар қу тіршіліктің қамымен басқа жақтарға біртіндеп көшіп, әлгі үйлерде адам қалмады. Сол себепті де олар кім көрінгеннің талан-таражына түсіп, бүгінде соғыстан кейінгі ғимараттың күйін елестетеді.
Шүкір, қазір мемлекеттің ахуалы, елдің жағдайы анағұрлым жақсарды. Төрткөл де жыл сайын көріктеніп келеді. Алайда жаңағы ешкімге керексіз үйлердің қазір де ауылдың ажарына ажар қосудың орнына керісінше есік-терезелері үңірейіп, нұқсан келтіріп тұрғанын қалай жасырамыз? Осыдан біраз уақыт бұрын облыс басшысы Жансейіт Түймебаев Ордабасы ауданына жасаған сапарында Төрткөлге ат басын бұрған болатын. Аймақ басшысы сол сапарда біз әңгімелеп отырған үйлердің сиқын көріп, тиісті басшыларға қалпына келтіру жөнінде тапсырма бергені ақпарат құралдары арқылы да көрсетілді. Сол кезде аз-кем жұмыстар қолға алынып, «сең қозғалғандай» болып еді. Нақтырақ айтқанда, бес үйдің шатыры ауыстырылып, енді біреулеріне есік-терезе орнатылған. Дегенмен, айқайдың арқасында әп-әдемі-ақ басталған жұмыс орта жолда тағы тоқтап қалыпты. Дәл қазір сол ауылға жолы түскен адамның әлі күнге дейін алқа-салқасы шығып жатқан үйлерге көзі түсері хақ. Бүгінде аталған бес үйдің үшеуінде адам тұрады. Кейбірінің іші-сырты мүлде адам көргісіз. Түн былай тұрсын, тапа-тал түсте ол жаққа баруға анау-мынау адамның жүрегі дауалай бермейді. Ауылдың сиқын кетіріп тұрған үйлерді күрделі жөндеуден өткізіп, жас отбасыларға неге бермеске? Оған не кедергі? Қараусыз қалған ғимараттың қылмыс ордасына айналу қаупі сезілмейді ме? Біз осы сауалдарды Төрткөл ауылдық округі әкімінің орынбасары Оразбек Төребек мырзаға қойғанбыз. Обалы не керек, орынбасар мырза «біссіміләнің» басын «бізде бәрі жақсы» дегеннен бастады. Ол кісінің сөзіне сенсек, екі үйге дүкен, шаштараз және де осы сияқты халыққа қызмет көрсететін орындар жайғасыпты. Қалған үш үйде халық тұрып жатыр. Жарық бар, ауыз су жүйесі есік алдына дейін келіп тұр.
Ауыл әкімі орынбасарының сөзіне қарағанда, бұл үйлердегі барлық пәтерлердің өз иелері бар көрінеді. Бірақ олардың айдың-күннің аманында өз үйлерінен қарадай безіп жүргені несі? Біз осыған түсінбедік. «Замәкімнен» бір үйдің адам көргісіз күйге ұшырауының себебін сұрадық. Бірақ ол кісі мардымды жауап бергені былай тұрсын, қайта: «жоқ, енді олай емес, өздеріңіз келіп көріңіздер» дегеніне қайран қалдық. Неге дейсіз бе? Өйткені мына суретке қараған адамның өзі-ақ мәселені бірден түсінетіні сөзсіз. Сізге өтірік, бізге шын, егер мына үйлердің жанынан өтуге тура келсе, онда қашан ұзап кеткенше мұрныңызды қол орамалмен басып тұрмасаңыз ұшынып қалуыңыз әбден мүмкін. Ал алда-жалда ішіне «саяхат» жасағыңыз келсе, онда еш қарсылық жоқ. Дегенмен сақтық үшін «противогаз» киіп алған артық етпейді. Себебі дәл мына суреттегі аңғалы-саңғалы шыққан үйдің ішіндегі сасық иіске шыдап тұру еш мүмкін емес. Сонымен бірге, бұл үй – маскүнем, ұры-қарылардың ғана емес, төрт түліктің де қысы-жазы бас сұғатын «құтты мекеніне» айналған.
Ұзын сөздің қысқасы, Төрткөлдегі жағдай осындай. Бұл сүреңсіз үйлердің «жыры» қашанға дейін созылмақ? Әлде олар ешкімге керексіз күйде қорқыныш пен көріксіздіктің нышаны ретінде әлі біраз жыл тұра бермек ме? Бәлкім, бұл ауданға әкімнің тұрақтамай кетуі себеп шығар. Әлде ауыл, аудан басшылары тағы да облыс әкімінің Төрткөлге келуін күтіп жүр ме? Қалай десек те бұл Ордабасы ауданының басшылығына, ондағы өзге де шенеуніктерге үлкен сын екені айтпаса да түсінікті.