19-ақпан күні Шардараға шетелдік спорт федерациясының басшылары арнайы ат басын бұра келді. Атап айтар болсақ, АҚШ-тағы армрестлинг федерациясының Президенті, қол күресінен 11 дүркін әлем чемпионы, жалпақ елге «Кобра» деген лақап атпен танымал болған Эндрю Родос пен Малайзия мемлекетінің армрестлинг федерациясының Президенті, халықаралық дәрежедегі төреші Зил Файзли шағалалы өңір спортының тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында іссапармен келді.
Шетелдік қонақтарды қабылдаған аудан әкімі Болатбек Қыстауов, оларға ауданымыздың спорт саласындағы жетістіктерін айтып өтті.
– Бүгін Шардара топырағында айтулы оқиға болып жатыр деп есептеймін. Біздің ауданның армрестлинг спорты бойынша қол жеткізіп келе жатқан жетістіктерімен танысу үшін АҚШ пен Малайзиядан келіп отырған Эндрю Родос пен Зил Файзли мырзаларға зор алғысымды білдіремін. Шардара ауданында бұл спорттың қанат жайып, өркендеуіне даңқты спортшымыз Арман Қарсыбаевтың қосқан үлесі шексіз. Өңірімізде армрестлинг спорт федерациясы 2001 жылы құрылып, содан бергі уақытта 34 шардаралық спортшы әлем чемпионы атанды. 26 спортшы Әлем кубогының жеңімпазы, 114 спортшы Азия чемпионы атағын иеленді. Бүгінгі күні ауданымызда қол күресі спортымен 800 жас тұрақты түрде шұғылданып келеді. Шардаралық қол күресшілер Қазақстан құрамасының 100 пайызын құрап отырғанын да мақтанышпен айтамыз, – деді аудан әкімі.
Өз кезегінде шетелдік қонақтар да шардаралық қол күрес шеберлерінің әлемдік аренада жоғары беделге ие екенін атап өтісті. 55 жастағы Эндрю Родос аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі тізгінін қолына ұстап отырған әйгілі спортшы Шынболат Райхановпен бұдан бірнеше жыл бұрын қол күрестіріп, одан жеңілген сәтін жасырмай айтып берді. Сондай-ақ, алдағы уақытта АҚШ пен Шардара спортшылары арасында тығыз әріптестік қарым-қатынас орнату жолында жұмыс жасайтынын да жеткізді.
Кездесу соңынан аудан әкімі Болатбек Қыстауов шетелдік спортшыларға қазақтың салты бойынша иықтарына оқалы шапан жауып, бағалы сыйлықтар тарту етті.