Шетелдік нөмер таққан көлік иелерін алда не күтіп тұр?

Осыдан бірнеше жыл бұрын шетелдік ескі көліктерді Қазақстанға кіргізбеу, яғни тіркемеу туралы заң жобасы мақұлданған болатын. Әрине, өзге елдің ескі-құсқы темір-терсектерін төрге оздыруға тыйым салынғаны дұрыс болды. Содан бері шетелден келетін көліктердің сапасы да біршама артқанын аңғаруға болады. Дей тұрғанмен соңғы кездері қала көшелерінде Ресей, Армения, Қырғыз елінің мемлекеттік тіркеу нөмерлерімен жүйткіп жүрген көліктердің саны көбейе бастады. Заң бойынша олардың жүріп-тұруына шектеу қойылмайды. Бірақ олар тарапынан туындайтын келеңсіздіктер де жоқ емес. Соның бірі – ереже бұзған жағдайда жүргізушіге жол патрульдік полиция қызметкерлері айыппұл сала алады ма? Әлде көлік шетелде тіркелгендіктен ол жақтағы иесіне айыппұлды төлету мүмкін емес пе? Ал шетелдік көліктер күн санап артып барады. Мұндай жағдайда не істеу керек? Айыппұл төлете алмайтынын білетін жүргізуші жиі ереже бұзып, жол қауіпсіздігіне бағынғысы келмейді емес пе? Бұл бір.

Екіншіден, Ресей мен Арменияның мемлекеттік нөмерімен жүрген көліктерді техникалық байқаудан өткізу қиындық тудыруда. Ол жаққа бару көп шығынды қажет етеді. Ал техникалық байқаудан өткізбейінше көліктердің Қазақстанда жүріп-тұруы мүмкін емес. Міне, осындай қарбаласты пайдаланып, оңай олжаға кенелгісі келетін алаяқтар да бой көрсете бастағандай. Олар ресейлік техникалық байқау орталықтарының мөрі мен қағаздарын қолдан жасау арқылы құжат жасап береді екен. Бірақ алаяқтық әрекет алысқа бармайтыны секілді жол патрульдік полиция қызметкерлері ол құжаттардың жалғандығын тез анықтауда. Себебі әзірге Қазақстанда көліктерді техникалық байқаудан өткізетін шетелдік фирмалардың өкілдіктері ашылмаған. Олай болса, құжаттарды кім, қалай беріп жүр? Онымен жүру қаншалықты заңға сай келеді? Осы сұрақты біз бірнеше жүргізушілердің өздеріне қойып көрдік.

 Төлтай ТҰРҒЫНБАЙ, Шымкент қаласының тұрғыны: – Мен Ресейдің мемлекеттік нөмерімен жүрген көлікті сатып алғаныма көп бола қойған жоқ. Ақпан айының соңына дейін техникалық байқаудан өтуім керек. Бірақ қалай, осы жағы қиындық тудыруда. Қазақстанда шетелдік орталықтардың өкілдіктері ашылмағандықтан, техникалық байқаудан өткізу үшін Ресейге барып-келу керек болып тұр. Бір таныстарымнан ресейлік көліктерді техбайқаудан Байқоңыр қаласында өткізуге болады деп естідім. Бірақ оның өзі алыс. Екі аптадай бұрын Мәделі қожа көшесімен өтіп бара жатып сол төңіректегі көліктерді техникалық байқаудан өткізетін, сақтандыру полисін беретіндермен сөйлессем, «Ресейлік көліктерді техникалық байқаудан өтті», – деген құжат береміз дейді. Бірақ оларға сенбедім, жалған құжат жасап беретіні анық.

 Қайрат КЕНЖЕҒҰЛОВ, Отырар ауданының тұрғыны: – Менің де көлігім Ресей азаматының атында. Сенім хат арқылы басқарамын. Өткен аптада көшеде жүрген осындай көліктердің барлығының құжатын тексергенде көпшілігінің техникалық байқаудан өту мерзімі өтіп кеткені белгілі болды. Оларға айыппұл салынды. Айып тұрағына апарып қойғандары да бар. Мен осы Шәуілдір ауылында біреулерден көлігімнің техникалық байқаудан өткендігі туралы құжат алып, уайымсыз жүр едім. Тексеру барысында сол құжат жалған болып шықты. Қараптан-қарап айыппұл төледім. Мұндай жағдайға қайта тап болмас үшін өткен аптада көлігімді сатып құтылдым.

Осылайша шетелдің мемлекеттік тіркеу нөмерімен жүрген көліктерге байланысты қиыншылықтар туындауда. Керісінше номері шетелдік болғандықтан жаза қолдана алмайды деген оймен көшеде жүйткіп жүргендері қаншама? Бірақ олар ортақ базаға көлігінің номері тіркелмесе де өзінің атына берілген сақтандыру құжатының тіркелгенін ескермейді. Сол арқылы полиция көлік иесін кез келген уақытта тауып алып, мойнына бірнеше ондаған мың теңге айыппұлды салып жібере алатынын ойламайды да.

Осы тақырып төңірегіндегі жауап табу мақсатында әлеуметтік желіге үңілгенімізде мынадай мәліметке қол жеткіздік. «2017 жылдың күзінен бастап Еуразиялық одаққа мүше елдердегі көлік құралдарына жеңілдетілген тәртіп енгізілді. Яғни одақтас елдердің автомобильдері 6 айдан соң кері шығуы немесе уақытша тіркелуі тиіс деген шектеу күшін жойды. Өз кезегінде Қазақстанда шетелдік көліктердің саны артты. Осыған байланысты еш жерде тіркелмеген темір тұлпарлардың еркінситіні сонша, жол ережесін жиі бұзатын. Олар туралы дерек болмаған соң жүргізушілерін жазалау да мүмкін емес еді. Енді шетелдік көлік иелері аяғын аңдап басатын болды. Сақтандыру қағазы арқылы да әкімшілік жауапкершілікке тартылып жатқандары бар».

Шетелдік көлік иелерінің әлсіз тұсын өздерінің тиімділігіне пайдаланған пысықайлар заңсыз жолмен табыс тауып жүр. Ал жаздан бастап ондай көліктерді мүлде жүргізбей қояды деген сөз шыққалы көлік иелерінің уайымы қалыңдай түскен сыңайлы. Мұндай қауесет адамдарды ертерек көліктерін сатып құтылуға мәжбүрлегендіктен шетелде тіркеулі көліктердің құны күрт төмендеп кеткен. Сатпайын десе алда тағы не күтіп тұрғаны беймәлім. Құзырлы органдар көпшіліктің аузындағы желдей есіп жүрген сөзге нүкте қою үшін ресми мәлімет таратуға асығар емес. Осы сөздің қаншалықты рас екеніне көз жеткізу үшін біз Шымкент қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне хабарластық. Бірақ ол жердегі мамандар мүмкіндікті пайдаланып, ел аузындағы жел сөзге нүкте қоюдың орнына түрлі құжаттар сұрап, кедергісіз ақпарат беруді күрделендіріп жіберді. Ал тұрғындар көліктерін не сатарын, не сатпасын білмей әлек. Алаяқтар болса, ресейлік көліктерді техникалық байқаудан өткіземіз деп жалған құжат жасап, жұрттың әмианына қол салып, жалғанды жалпағынан басуда. Сонда бұған кім жауап береді?

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған