Deprecated: strpos(): Passing null to parameter #1 ($haystack) of type string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 7053

Deprecated: str_replace(): Passing null to parameter #3 ($subject) of type array|string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 2165
Төтеншеліктердің тегеурінсіздігі таңқалдырды – Nysana.kz – Ақпарат агенттігі

Төтеншеліктердің тегеурінсіздігі таңқалдырды

– Мен Жетісай ауданының Асықата кентінен хабарласып тұрмын. Өткен аптада орталықта бес үй отқа оранып, түгі қалмай жанып кетті. Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Бір қоршаудың ішінде қабырғалары жапсарлас салынған алты отбасы тұратынбыз. Кеңестік дәуірден қалған үй ескі болғанымен әркім өзінің шама-шарқына қарай жөндеп алған. Өрт күндіз шықты. Ауыл адамдары лезде жиналып қалды. Улап-шулап жүріп әрең дегенде менің үйімді өрттен аман алып қалды. Қалғандары өрт сөндірушілер келем дегенше жанып кетті.

«Көп түкірсе көл», – деген рас екен. Зардап шегушілерге біреу киім, екіншісі ыдыс-аяқ, үшіншісі төсек-орыннан көмектесті. Әкімдіктегілер үй салуға көмек қолын созатынын мәлімдеді. Депутатымыз да қарап қалған жоқ, көмектесімін деп сөз беріп отыр. Жалпы, халыққа рахмет, мұндай жағдайда бей-жай қалмай қолдан келген көмекті көрсетуде. Өкініштісі, көпшілігі құжаттарын аман алып қала алмады. Енді оларды қалай қалпына келтіретіні белгісіз. Араларында балалардың жәрдемақысымен күн көріп отырғандар да бар.

Менің таңқалғаным – өрт сөндірушілердің төтенше жағдайға тегеурінсіздігі болды. Оларды шақыру үшін Жетісайдағы ішкі істер басқармасына телефон соғуыма тура келді. Ал олар оқиға орнына жетемін дегенше жалын қанша дүниені жалмап үлгерді. Келгеннен кейінгі кемшіліктері де кешірілмейді: көліктерінде көбік атымен жоқ, су да болмашы көлемде. Шаша бастағанда-ақ таусылып қалды. Соған қарағанда көліктерін суға толтырып, тосын жәйттарға тас-түйін дайын тұрмайтын сияқты. Ал өрт сөндірушілер кімдер дейсіз ғой? Кілең әлжуаз біреулер. Қатты қысыммен жіберілген судың шлангасын игере алмай қисалаңдап жүр. Физикалық тұрғыда дайын емес жігіттер төтенше жағдаймен қалай күреседі? Менің түсінігімде ол жерде мықты жігіттер жұмыс істеуі тиіс. Өйткені, өртпен күресу оңай шаруа емес. Осы жанайқайымды оқып жатса, Түркістан облысының төтенше жағдайлар басқармасының басшылығы жағдайды ретке келтіреді деп сенгім келеді. Әйтпесе, әлі де қаншама отбасының тілсіз жаудан опық жеуі ғажап емес.

Оқырманның сөзін жазып алған Қ. БАСТАУ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған