Полицияның қызметі баланың тығылмашақ ойынына ұқсап барады
Соңғы кездері ел арасында полицияның қызметіне деген сенім төмендемесе жоғарыламай отыр. Тіпті Елбасының өзі алқалы бір жиында полиция қызметіне көңілі толмайтынын ашық айтқан болатын.
«Cаны бар, сапасы жоқ қызметкерлерді не үшін ұстаймыз, одан да Грузияның тәсілімен оларды таратып жіберу керек. Полицейлер халыққа қызмет етіп, оларға көмектесу үшін құрылған. Полицейлер өздеріне жалақыны қарапайым халықтың төлейтінін ұмытады. Оларға қандай сенім болады», – дегенде де бұл саланың басшылары қарсы уәж айта алмаған-ды. Демек полиция өз жұмысын ширатып, адамдарға деген көзқарастарын өзгертпесе ертелі-кеш Президенттің айтқаны жүзеге асуы әбден мүмкін. Осының өзі қазақстандық полицияның жұмысына қарапайым тұрғындардың ғана емес, Президенттің де көңілі толмайтындығының дәлелі болса керек.
Расында бүгінгі полицейлер өздерінің негізгі жұмыстарын ұмытып бара жатқан секілді. Сөзіміз жалған болмас үшін біз бір-екі дәлелді оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік. Өткен жазда танымал мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен ұрылардың қолынан қайғылы қазаға ұшырады. Ол іс бойынша бүгінде сотталушы орындығында Нұрәлі Қиясов, Арман Құдайбергенов және Жанар Толыбаева отыр. Алғашқы екеуі ұрлық және адам өлтіру баптары бойынша айыпталса, Ж.Толыбаеваға қылмысты біле тұра хабарламады деген кінә тағылуда. Әрине, қылмысты біле тұра хабарламаған адам сол қылмысқа қатысы бар адаммен бірдей екені рас. Олай болса оқиға куәгерлері болған полицейлер неге жазадан шет қалуы керек?
Түсінікті болу үшін айтайық, жәбірленуші жақтың қорғаушысы Нұрлан Өстеміров қанды оқиғаны көзімен көрген полиция қызметкерлерін куәгер деп емес, қылмысты хабарламады деп айыптауды талап етуде. Қорғаушының айыптауы негізсіз емес. 10 қаңтарда өткен сот отырысында қайғылы оқиға орын алған күні кезекшілікте болған полиция қызметкерлері тыңдалған. Олар Д.Тен мен оны өлтірді деп айыпталушылар арасындағы төбелесті көргендерін, бірақ жас жігіттер алысып ойнап жүр деп ойлағандарын айтады. Сол қайғылы оқиға болғаннан кейін қылмыскерлердің бірнеше күн іздестірілгені баршаға аян. Сонда полиция қызметкерлері адам өлтірген қылмыскерлерді көріп тұрып ұстамағаны ма? Бұл жұмысқа салғырт қарау немесе өзіне тапсырылған міндетті титісті деңгейде орындамау емес пе? Әлде балалардың тығылмашақ ойынындағыдай көзді жұмып, «жиырмаға дейін санаймын тығылып үлгеріңдер» деген секілді әрекет пе?
Полицияның негізгі міндеті – қылмыспен күресуден бұрын оның алдын алу болып табылады. Бұрын сондай еді, яғни профилактикалық іс-әрекеттерге көп мән берілетін. Бүгінде осы ереже бұзылып, полицейлер орын алып жатқан қылмыстық іс-әрекеттің аяқталғанын күтетін сыңайлы. Сондағы мақсат – күдіктіні айғақтық затпен ұстау. Төбелес кезінде бірі екіншісін пышақтамақ болса, полицейлер ертеңгі күні дәлел болуы үшін пышақтың сұғылуын күтеді ме, түсініксіз? Байқасаңыздар Д.Тенге қатысты жағдайда да осындай келеңсіздік көрініс берген. Төбелес пен адам өлімі полицейлердің көз алдында өрбіген. Бірақ неге екені белгісіз олар күдіктілерді ұстамайды. Бұл үшін олар жауапқа тартылмай, тек куәгер ретінде сұралады. Сонда әділдік қайда қалды?
Өткен жылы Келес өңірі Абай ауылындағы зорланды деген бастауыш сынып оқушысына қатысты мәселеге байланысты осыдан бірнеше күн бұрын сот отырысы аяқталды. Жәбірленуші кішкентай балаға сексуалды әрекеттің болғаны дәлелін тауып, бір жасөспірімге қатысты сот үкімі шықты. Енді ол жеті жылын темір тордың арғы жағында өткізбек. Осы оқиғада да полиция қызметкерлері болған қылмысты жасырудың әрекетін жасаған. Сол үшін бірнеше пагонды азаматтың жұмысымен қоштасуына тура келді. Елді шулатқан осы қылмыстың да «жабулы қазан жабулы күйінде қалуы» мүмкін еді, егер мәлімет Елбасының құлағына жетпегенде. Президент сол кезде де полицияның әпербақан әрекеттері туралы айтқан еді. Содан кейін қылмыстық істің «екінші тынысы» ашылып, сең қозғалғандай болды. Кезінде балаға зорлау әрекеті болмады деп қорытынды берген мамандар енді не дейді? Оларға қандай шара көріледі? Ал арызды қарау былай тұрсын қабылдамай тастап отырған полиция қызметкерлері ше? Әлде елімізде тәртіптің бұзылмауына жауапты полиция қызметкерлері өздері заң бұзса ешқандай жауапкершілікке тартылмайды деген жасырын тапсырма бар болғаны ма?
Мінекей құрметті оқырман, бүгін біз полиция қызметкерлерінің заңға томпақ әрекеттері туралы баяндап отырмыз. Бірақ бұл «Қазақстанда полиция біткен мүлдем жұмыс істемейді» деген сөз емес. Ондай ойдан аулақ болған дұрыс. Ішкі істер органдарында 15-20 жыл бұрын орын алған қылмыстарды да ашып жүрген тәжірибелі мамандар аз емес. Тек бір қарын майды шірітетін құмалақ секілді ортақ абыройға нұқсан келтіретін полицейлердің де кездесетіні ащы да болса ақиқат. Сала жұмысының сапасын көтеру, халық алдындағы сенімін нығайту үшін осындай кездейсоқ қызметкерлерден арылудың уақыты әлдеқашан жеткен секілді.