Ұлыстың ұлы күні саналған Наурыз – күллі парсы және түркі жұрттарының мерейлі мерекесі. Мұсылмандықты, ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды бекем ұстанған қазақ халқы бұл күнді ерекше дайындықпен өткізеді. Ақсақалды қариялар, ақ самайлы әже-апалар ақ дастархан жайып, қонақ күтіп, батасын береді. «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!», – деген тілек-дұғалар айтылатын наурыз – бірліктің, ынтымақтың, береке мен татулықтың мерекесі. Бұл күні араздасқандар – адамгершілік, ренжіскендер – рақымдылық жолын ұстанады. Асылында мұсылмандар үшін біреуге ренжуге де, өзгені ренжітуге де болмайды. Алла тағала қасиетті Құранда «Кешірім жолын ұстан», – деп бұйырғандықтан осынау ізгілік мерекесінде адамдар кешірімділікке, татулыққа ұйысады.
Расында да жері кең, ал саны аз қазақ халқына ауызбіршілік ауадай қажет. Бірлігінен айырылған елден береке қашады. Ұлы Алла Құран Кәрімде бізді бірлік пен ынтымаққа шақыра отырып, былай дейді: «Барлықтарың Аллаһтың жібіне (дініне) жармасыңдар, сондай-ақ өзара бөлінбеңдер» (Әл Ғимран сүресі, 103-аят). Ислам діні әрбір ұлт өкілдеріне құрметпен қарап, ешкімді ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап ажыратып бөлмейді.
Мейірімді, кешірімді болу
Дініміз әрбір пендеге мейірімді және кешірімді болуды бұйырады. Бұл шын мәнінде халықтығымызға, елдігімізге ежелден бері өте жақын мәселе десек, артық айтқандық емес. Ислам бізден үй ішінен үй тігуді немесе түрлі ағымға бөлініп, кейбір діни-саяси топтың қолшоқпары болып, бүлік шығаруды емес, керісінше қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті ұстануды бұйырады.
Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мына бір хадисінде: «Сендерге бірге болуларыңды өсиет етемін. Бөлініп шығудан өте қатты сақ болыңдар. Себебі, шайтан жеке басына өмір сүрген кісіге жақын болады. Бірге болған екі адамнан алыс тұрады. Кімде-кім жәннәттің дәл ортасында өмір сүргісі келсе, бірге болуға мән берсін» (Тирмизи, Фитән 7) дейді.
Тасаддық (тасаттық) «жауын тілеу» амалдары
Кейбір жылдары көктем айлары жауын-шашынсыз өтеді. Осындай кезде ел болып жаңбыр тілеу намазын оқиды. Мұны қазақ жұртында «тасаддық» (тасаттық) деп те атайтын болған.
Мұса (ғ.с.) пайғамбарымыздың тұсында Жаратқанның рақымының бір тамшысы жерге түспей, бәрі жиылып, тасаттық беріп, жауын тілейді. Алайда, жаңбыр жаумайды. Мұның себебін сұрай келген халықтан кейін, ол (ғ.с.) «Тұр» тауына шыққанда, оған «Ол жерге Өзім барамын», – дейді Алла тағала. Сөйтіп, халық ұлан-асыр дайындықпен күтіп отырғанда, бір кембағал келіп, нан сұрайды. Халық болса, оның алқам-салқам түрі мен үстіне қарап, қуып шығады. Кешке дейін сарыла күткен халық наразыланып, Мұсаға (ғ.с.) қайырылғанда, Алла тағала жиналған халықтың ниетіне қарай жауынның жіберілмейтінін жеткізеді. Тасаттық беру ниеттес болғандардың шынайы жүрекпен бірге тілектес болуы – маңызды шарт. Жаратқанның мейіріміне жетіп, жауын жаууының септігі де осында. Қыстың қолайлы, көктемнің сәуірлі, жаздың жайдарлы, күздің күреңді болуының да көп себебі – адамдардың ниеті, пейілі, адами қасиеті, Жаратқанға жақындауында.
Наурыз бата
Дана халқымызда: “Батамен ер көгереді, жаңбырмен жер көгереді” деп текке айтылмаған. Осы орайда мына хикаяны айтып өтуді жөн санаймыз.
Әбу Ханифаның атасы Зұта ардақты сахаба Әлимен (р.а) кездесіп, баласы Сәбитке игі тілек тілеуін өтінеді. Сонда ардақты сахаба Әли (р.а) Жаратқан Алладан оның ұлына жақсылық, құт-бұреке тілеп, дұға етеді. Сол шынайы жасалған дұға қабыл болып, Сәбиттен әлемге мәшһүр Әбу Ханифа атымен аталатын Нұғман есімді ұл дүниеге келеді. Бұл да болса «жақсыдан -шарапат» деген сөздің дәлелі болса керек.
Сондықтан осындай айтулы мереке күндері жасы үлкен кісілерден бата алып қалуға тырысу керек.
Наурызда сыйлық беру дәстүрі
Сүннеттердің ішіндегі ең нәзігі – сыйлық жасау дәстүрі. Бұл адамдардың арасында достық пен сүйіспеншілікті нығайтады. Әбу Һурайра (р.а.): «Бір-біріңе сыйлық жасаңдар, бір-біріңді жақсы көресіңдер», – деген хадис жеткізген (Байһақи).
Бұл сүннетті орындау үшін аса көп қаражат жұмсаудың қажеті шамалы. Кітапша, орамал, тақия, шапан, гүл, қаламсап сияқты қарапайым заттарды шын ықыласпен ата-анаға, әйеліне немесе күйеуіне, аға-ініге сыйға беру олардың көңілін бір марқайтып тастайтыны белгілі.
Сәлем беру дәстүрі
Ата-бабаларымыз: «Сәлем түзелмей, әлем түзелмейді», «Сәлем – сөздің анасы», «Сәлем – сөз басы» деген насихаттары сәлем берудің маңызын айшықтай түседі.
Сәлемдесу – Жаратушы Жаббар Жалғыз Иеміз Алланың үйреткен есендік сөзі. «Ас-Сәләм» – Алла тағаланың көркем есімдерінің бірі. Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Адамдардың ең әлсізі – дұғаға әлсіздік еткені (яғни, қажетін Алла тағаладан тілеу ісіне селқос қарағаны). Адамдардың ең сараңы – сәлемге сараңдық еткені» (имам Табарони және Имам Бәйһақи), – десе, Әбу Заррдан (р.а.) жеткен хадисте: «Расулулла (с.а.с.) маған: «Шариғат оң көрген әрбір іске, тіпті бауырыңды жайдары жүзбен қарсы алудың өзіне немқұрайлы қарама», – деді» (имам Мүслім).
Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадисте пайғамбарымыз (с.а.с.): «Көлікте отырған адам – жаяуға, жүріп келе жатқан – отырғанға, азшылық – көпшілікке сәлем береді», – делінген. Мінеки, мұсылмандық сәлемдесу үлгісі – жәй айтылған сөз емес, амандасып тұрған адамға тіршілігінде, әрбір ісінде Алла Тағаладан есендік, амандық, берекет тілеу болып табылады.
КОРЗИНАҒА:
Кім бірінші сәлем береді?
- Кіші – үлкенге;
- Өтіп бара жатқан – тұрған адамға;
- Аттылы адам – жаяуға;
- Көліктегі кісі – жаяуға;
- Азшылық – көпшілікке;
- Арада бір үзіліс болса;
- Қабірстанға барғанда;
- Ешкім жоқ үйге кіргенде;
- Аурудың алдына көңіл сұрап барғанда;
- Мешітке кіргенде сәлем беріледі;
- Ұл-қызы ата-анасына бірінші болып сәлем береді, т.б.
Ағаш отырғызудың сауабы мол
Халқымыздың тарапынан Наурыз мерекесiнде адамдарға ғана емес, табиғатқа да ерекше қамқорлық жасалып отырған. Ол жөнінде дана халқымыз: “Бір тал кессең, он тал ек”, – деген қанатты сөз қалдырған. Мұны Ислам дiнi ерекше қолдайтын дәстүр деуге болады. Асыл дiнiмiзде табиғатты аялау және оны қамқорлыққа алу жайында Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деген: «Бiр мұсылман бiр ағаш отырғызса немесе бiр нәрсе ексе және одан бiр құс, бiр адам немесе жануар жесе, ол адам үшiн садақа болып есептеледi» (Бухари риуаяты).
Iшiмдiкке жол берiлмеуi қажет
Ұлыстың ұлы күнiнiң өзге ұлттардың жаңа жылынан бiр ерекшелiгi – тән тазалығына ғана емес, жан тазалығына да үлкен мән берiледi. Яғни, наурызда iшiмдiкке жол берiлмеуі керек. Бүгiнде Наурызға қатысты кейбiр жиындарда iшiмдiктерге жол беру ара-кідік көрініс беріп жатады. Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! Арақ ішу, құмар ойнау, пұтқа табыну, оқпен бал ашып бәсекелесу – шайтан ісі, жиіркенішті қылықтар. Бақытқа жетем дегендер шайтан ісінен аулақ болыңдар. Сол арақ, құмар ойнау арқылы шайтан сендердің араларыңа дұшпандық-ғадауат тудырады, сендердің намаз оқуларыңа кедергі жасамақ болады. Тәңірді естеріңнен шығаруға тырысады. Арақ пен құмар ойнаудан сонда да безбейсіңдер ме?», – деп, бұл жамандық атаулыдан аулақ болуға шақырады (Маида сүресі, 90-91 аяттары.)
Хадистерде: «Әрбір мас етуші (ішімдік) – арақ, барлық арақ түрі – харам» және «Көп мөлшері мас еткен ішімдіктің аз мөлшері де – харам», – деп баяндалған (Муслим Ахмед, Әбу Дәуід және Тирмизи). Пайғамбарымыз (с.а.с.) араққа қатысты он нәрсеге лағынет айтты: жасаушыға, жасатушыға, iшкенге, iшкiзгенге, көтергенге, көтерткенге, сатушыға, сатып алушыға, сыйға тартушыға, арақты сатып, ақшасын пайдаланғанға деп келеді. Сондықтан, әз-Наурызда арақ-шарапқа жол берiлмегенi ләзiм.
Наурыз көже дінмен үндеседi
Қазiргi күндерi Наурыз мерекесiн «жақсы бидғат» деп тануға бола ма деген сыңайдағы сұрақтар жиі кездесiп жатады. Ханафи мазхабының шарттарымен наурыз мерекесiн жақсы бидғат деп тануға толық негiз бар. Себебi, атақты Имам Ағзам құқықтық мектебiндегi үкiм берудiң жетi қайнаркөзiнiң бiрi – «әдет-ғұрып» болып табылады.
Үкiм берудiң «әдет-ғұрып» қағидасы бойынша, ислам жаңадан енген елдiң бұрынғы салт-дәстүрлерi ислам негiздерiне қайшы келмей, қоғамдық қатынасты оң реттеген болса, бұл салт-дәстүрлер сақталады, әрi мұсылман құқығының үкiмi ретiнде қарастырылады. Бүгiнгi дәстүрiмiздегi наурыз мерекесiнiң исламға ешқандай ала-бөтендiгi жоқ. Мәселен, наурыз мерекесiнде дайындалатын «наурыз көженiң» ислам мәдениетiндегi «ашура тәттiсiмен» мазмұны бiр.
Нұх (ғ.с.) кемеден қауымымен жерге түскенде дорбаның түбiнде там-тұмдап қалған түрлi дақылдарды қазанға салып пiсiрiп, содан «ашура тәттiсiн» жасаған. Әрбiр жылы мұсылмандар Ашура мерекесi күндерi «ашура тәттiсiн» жасап, бiр-бiрiн қонақ етедi. Қазақтар да наурыз мерекесiнде қыстан қалған дорбаның түбiндегi дән-дақылдан «наурыз көже» дайындап, бiр-бiрiне дәм таттырады. Яғни, қазақтың наурыз көже дайындау дәстүрi Ислам дiнiнiң жоралғыларына негiзделген.
Наурызда не істеген жөн?
Мерекелердің ішіндегі ең мерейлі күндердің бірі – әз Наурыз мерекесі. Осы күндері мына ережелерге назар аударған артық болмас деген оймен назарларыңызға ұсынып отырмыз. Мереке күндері:
- ғұсыл құйыну, яғни көшеге тазаланып, дәретпен шығу;
- жақсы және таза киім кию (мүмкіндігі болып жатса жаңа киімдер кию);
- жағымды иіс майлар себу;
- мереке күндері Алла Тағаланы еске алып, дұға – тілек жасау;
- ең бірінші кішкентай бүлдіршіндерге, балаларға сыйлықтар мен ойыншықтар алып беру;
- ата-анамызды, достарымызды мерекемен құттықтап, сый-сияпаттар жасау;
- мереке күндері араздасушыларды татуластыру;
- айтулы күндері әуелі көршілеріміздің дініне, ұлтына қарамастан мерекемен құттықтау;
- өмірден озған адамдардың үйлеріне барып, Құран бағыштау;
- науқастанған бауырымыздың көңілін сұрау;
- тұрып жатқан жерімізге ағаш отырғызып, арық-атыздарды тазалауды естен шығармау;
- жағдайы төмен отбасылар мен жетім-жесірлерге қол ұшын созу, көмек беру;
- көпшілікке қайырымдылық негізінде ас беріп, дастархан жаю;
- жасы кіші үлкендерге барып сәлем бергені абзал;
- сауапты істермен айналысу, т.б.
Жалпы, бұл күндері ұдайы қуанышта болып, барша жақсылық атаулының басы-қасында жүріп, қолдан келген ізгі амалдарымызды жасау – сіз бен бізді Алла тағаланың рахымына бөлейтін амалдар, ишааллаһ.
Алла тағала елімізге тыныштық, халқымызға бейбіт өмір, елімізді мекендеген түрлі ұлттар мен ұлыстардың өзара бірлігі мен ынтымақты болуын нәсіп етсін. Ұлыс оң болсын, ағайын!