Келбетті келген көрші келіншек әр бейсенбі сайын жеті шелпек пісіріп, көрші-қолаңдарға таратуды үзілмейтін үрдіс етіп алған. Тәп-тәтті әрі ыстық шелпекті кім жақсы көрмейді дейсіз? Оны сүйсіне жегендер айрықша рахметін жаудыратын. Осылай өмір бірқалыпты өтіп жатты. Таңқаларлығы, уақыт өте келе бұл отбасының айы оңынан туып, жағдайлары күрт жақсарып шыға келді. Келіншектің көп жылдар бойы алқам-салқамы шыққан ескі “Опель-Вектра” мініп жүрген күйеуі күндердің күнінде сүліктей қара “Джипті” тізгіндеп шыға келді. Бұрынғы ескі баспананың орнына зәулім сарай бой көтерді. Жұрт ол отбасыға қызыға да қызғана қарайтын жағдайға жетті.
Сөйтіп жүргенде, не себепті екенін кім білген, әлгі келіншек «тәспісінен жаңылып», бұрынғыша бейсенбі сайын жеті шелпек таратуды кілт доғарды. Құлдырау да тап осы кезден басталды. Отағасы суытылған аттай жүйткіп тұрған темір тұлпарымен абайсызда адам қағып кетті. Өкініштісі, жәбірленуші оқиға орнында тілге келмеген күйі бақилық болыпты. Кіресімен бірге шығасылары да бар екен, сол істі ың-шыңсыз жабу үшін көп шығындалғанға ұқсайды. “Бір айналдырғанды шыр айналдырады” демекші, көп ұзамай келіншектің өзі аты жаман ауруға ұшырады. Құдай қосқан қосағының аурудан құлан-таза айыққанын қалаған азаматтың сол бір қиын шақта неше жыл бойы өлең-төсегіне айналған құт мекені – баспанасын сатудан басқа амалы қалмайды. Әйтеуір бір жақсы хабар болды – келіншек ауыр науқастан жазылыпты.
Соңғы естігенім, қазір олар отбасымен пәтер жалдап тұрады екен. Жоқтықты да, барлықты да бастан кешірген келіншек бүгінде бұрынғыша әр бейсенбі сайын жеті шелпек таратуды қайтадан үрдіске айналдыра бастаған көрінеді. Жағдайлары бірден жақсарып кетпесе де ел қатарлы күндерін көріп жүр деседі.
Міне, өмірде осындай күтпеген жағдайлар да орын алып жатады. Әрине, бұған сену-сенбеу әркімнің жеке ісі. Бәлкім, кездейсоқтық болар. Қалай болғанда да кедей кезінде сауап іске көп көңіл бөліп, байығанда бәрін ұмыту адамды тәубасына түсірмей қоймайтыны анық. Сол үшін орта жолда жолыққан байлықтан бас айналып, қайырымды, сауап істерді ұмыт қалдырудан абай болу өте маңызды. Садақа – бәле-жаладан, қауіп-қатерден қорғайтын ең күшті қорған.