Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Мәселе » 21 мың теңгенің жыры

21 мың теңгенің жыры

 Балалар жәрдемақысы кімдерге тиесілі?

Елбасы «Нұр Отан» партиясының жуырда өткен съезінде көп балалы отбасыларға көмектесу жөнінде тапсырма бергені белгілі. «Мен халқымның ертең емес, бүгін бақытты болуын қалаймын», – деген Нұрсұлтан Назарбаев шілде айынан бастап көп балалы отбасыдағы әр балаға 21 мың теңгеден жәрдемақы тағайындауды үкіметке тапсырған болатын.

«Тұрмысы төмен азаматтарға және көпбалалы отбасыларға көмек көрсету керек. Әр қазақстандық отбасы жүргізіліп жатқан реформалардың тиімділігін болашақта емес, дәл бүгін сезінуі тиіс. Әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдауды күшейту қажет деп санаймын. Бірақ, әр отбасының кірісі әртүрлі. Біреуінікі аз, біреуінікі орташа, енді бірінікі көп. Осыны ескеру керек. Миллионерлерге мемлекеттен қосымша көмек көрсетіп не керек? Мемлекет, ең алдымен табысы төмен көпбалалы отбасыларға көмек көрсетуі тиіс. Атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы отбасыларды қолдау үшін көпбалалы отбасыларда әр балаға ең төменгі төлемді 21 мың теңге шамасында бекітуді тапсырамын», – деген болатын Елбасы. Оған тиісті қаржы көзі де қарастырылды. Нақты айтсақ, жыл сайын тұрмысы төмен көп баласы бар отбасыларды қолдауға ел қазынасына 500 миллиард теңге бөлінбек.

Артынша бұл әлеуметтік көмекті бірінші шілдеден емес, бірінші сәуірден бастап төленсін деген тапсырма түскенде Елбасыға алғыс айтпаған ана қалмаған шығар. Сол күннен бастап осы күнге дейін айдан айға дейін ақшасын әрең жеткізіп, ілдебайлап күн көріп келе жатқан алтын құрсақты аналар бірден байып кетпесе де ай сайын қомақты қаражатты қалтасына басып отыратындай керемет сезімде жүр. Бес баласы барлар ай сайын 105 мың, алты баласы барлар 126 мың теңге аламыз деп алақандарын ысқылауда. Осыдан кейін бала санын көбейтуді жоспарлаған отбасылар қатары да көбейіп жатса таңқалуға болмайды.

Айтылған сөз – атылған оқ. Оны қайтарып алу мүмкін емес. Елбасы атаулы әлеуметтік көмек 1-сәуірден бастап берілсін деп тапсырды. Айтылған мерзім де келіп жетті. Алайда, аналар арасында әлі де бұл атаулы көмектің қалай есептелетінін, оның қай санаттағы аналарға тиесілі екенін және оған қандай құжат тапсыру керектігін, тіпті, қандай мекеменің көмегіне жүгіну керектігін де толық білмейтіндер көп. Сол себепті бөпесін арқалап алып әкімдікті, жұмыспен қамту орталықтарын жағалап, сандалып жүргендер жетерлік. Аналар былай тұрсын, атаулы әлеуметтік көмек жайынан онымен айналысатын тиісті мекеме қызметкерлерінің өздері де толыққанды мағлұмат бере алмай отыр. Былайша айтқанда әр балаға 21 мың теңге беріледі деп ауызша айтылғанымен, оның тәртібі, тиісті ережесі әлі бекітілмегенге ұқсайды. Міне, осындай мәселенің туындауына байланысты біз бірнеше мекеме қызметкерлерімен сөйлесіп, мәселенің анық-қанығын ажыратуға ұмтылып көрген едік.

Біздің болжамымыз алдамапты. Бірнеше ауданның жұмыспен қамту мекемелерінің қызметкерлеріне хабарласқанымызда олар да «қолымызда не нақты бір ереже жоқ, не заң жоқ, не істерімізді білімейміз», – деп, ауыздарын қу шөппен сүртуде. Әйтеуір Шардара мен Отырар аудандарындағы мамандардан бұл көмек түрі жайлы бірді-екілі мәлімет алғандай болдық. Олар да аталмыш жәрдемақыға құжат қабылдау үшін жоғарыдан арнайы нұсқау күтіп отырғанадарын алға тартты.

Мұхит Амангелді, Отырар аудандық Жұмыспен қамту орталығының директоры:

«Отбасылық табысы әр мүшесіне шаққанда 20789 теңгеге жетпегендер алады…»

– Елбасының 1-сәуірден бастап тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға атаулы әлеуметтік жәрдемақы берілсін дегені рас. Бірақ бізге оның ережесі әлі келген жоқ. Әзірге атаулы әлеуметтік көмек бұрынғы ереже негізінде есептелуде. Жоғарыдан тиісті нұсқау келсе, жәрдемақыны төлеуге біз дайынбыз. Ол бойынша түсінік жұмыстары жүргізілуде. Жаңа жәрдемақы жайлы айтар болсам, оны әрбір мүшесінің табысы 20789 теңгеден аспайтын отбасылар алады. Мысалы, ерлі-зайыптылардың ортақ айлық табысы 100 мың теңге болса, оны бес адамға бөлгенде әрқайсысына 20 мың теңгеден келеді, яғни 20789 теңгеге жетпейді. Демек, мұндай табысы бар отбасыдағы 3 балаға 20789 теңгеден жалпы 62367 теңге тиесілі. Ал ата-анасының үлесі 1578 теңгеге тең (20789 – 20000 = 789; 789:2= 1578; 62367 + 1578 = 63945). Осылайша олар жалпы 63945 теңге алады. Оның да шартты және шартсыз деп аталатын екі түрі бар. Біреуін ай сайын, екіншісін үш айда бір алады.

 

 Жоламан Тұрлыбеков, Шардара аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

«Табысты қалай есептеу керектігі талқыға түсуде»

– Заң әлі Парламентте қаралуда. Үкімет ұсынған жоба депутаттардың талқысында жатыр. Негізгі түйткіл табыстың қалай есептелу керектігіне тіреліп тұрған секілді. Үкімет бір үйде тіркеуде тұратын барлық азаматтардың табысын есептеу керек дейді. Депутаттар ана мен әкесінің ғана жалақысын есептеуді дұрыс көреді. Осы жағы шешілсе болды. Біздің ауданда түсіндіру жұмыстары толықтай жүргізіліп жатыр. Әрі кетсе бір-екі аптаның ішінде ереже де қабылданып қалар. Сол кезден бастап құжат қабылдап, жәрдемақы төлеу басталады. Құжат тапсыру да бұрынғыдай қиын емес. Әркім өзі тұратын жергілікті әкімдікке барады. Сол жерде орталықтандырылған жүйе енгізілген. Бұрынғыдай әр жерден құжат жинап әуре-сарсаңға түспейді.

 Мамандардың сөзінен ұққанымыздай, жәрдемақыға құжат қабылдау 1-сәуірден бастала қоймайтын секілді. Өйткені, әлі ереже дайын емес. Бірақ, мұны көпшілік «халықты алдау» деп түсінуі әбден мүмкін. Сол себепті әкімдік, жұмыспен қамту орталықтары қызметкерлері тарапынан түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажет екені айтпаса да түсінікті.

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика