Оқырманның есінде болса, өткен жылы Мақтаарал ауданындағы мектептердің бірінде «қыздарымызға хиджап кигізбесе мектепке жібермейміз» деген ата-аналар шу көтерген болатын. Бірақ түсінік жұмыстарын жүргізудің арқасында ол мәселе шешімін тапқан-ды. Оқу жылы аяқталар тұста сол жағдай тағы қайталанғанға ұқсайды. Бұл жөнінде мақтааралдық оқырманымыз Сафуан Өтебаев әлеуметтік желідегі парақшасында былай деп жазыпты:
«2018-2019 оқу жылы басталғаннан Мақтаарал ауданындағы Фердауси атындағы мектепте оқушылардың мектеп формасына қатысты дау-дамай туындағаны белгілі. Бүкіл Республиканы шулатқан бұл мәселе биліктің белсенді араласуымен, Заң талаптарына сай шешілген болатын.
Осы жағдайдан кейін аудан әкімдігі бұл мектепке ерекше көңіл бөліп, түрлі игі іс-шаралар ұйымдастырды. Оқушылар басқа ауыл ұстаздары мен оқушылары қол жеткізе алмай жүрген, заманауи білім беруге лайық жаңа ғимаратта білім алуда. Тағы не керек?
Бұл мәселе ашық айтылса «Ұлтшылдық» сипаттағы дауға балаймыз.
«Ауруын жасырған адам өледі» деген сөз бар. Айтпасқа тағы болмады. Бұл мектепте кезекті даулы мәселе басталды. 19-сәуір күні Айгуля Касымбекованың парақшасынан Түркістан облысы білім басқармасының мәліметі жарияланды. Онда былай делінген: «Бүгінгі таңда ағайынды Мирзаевтар жеті баласын сабаққа жібермей отыр. Ағайынды Мирзаевтар жеті баланың үшеуін (қыз балалалар) мектепке діни сипаттағы киіммен, яғни орамалмен баруға мәжбүрлеуде. Ал мектеп өз тарапынан мектеп формасын сақтауды талап етуде…
Білім беру мекемесіне ойран жасау жеке мүдденің жоспары негізінде жасалып жатқандай… Бұл дау-дамайдың түп төркінін тексеріп, мәселені ушықтырған тұлғаларға қатаң шаралар көрілу керек. Жоқ жерден «Ұлтараздық» дау жасаудан аулақ болайық. Сондықтан диаспора өкілдері тарапынан түсінік жұмыстарын жүргізу жағын назарға алсақ…».
Осы жазбаға байланысты біз Мақтаарал аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мадияр Бабашевке хабарласып, туындаған мәселе жөнінде мән-жайды айтып беруді сұрағанбыз. «Түсіндіру жұмыстары жүргізілді, – деді ол кісі. – Сонымен қатар бақылауға алу үшін ішкі істер басқармасына, басқа да тиісті органдарға мәлімдеме жолданды. Түркістан облысы білім саласындағы бақылау департаменті өз кезегінде хаттама түзді. Баланы себепсіз мектепке жібермеймін деп үйінде ұстап отыруға ешкімнің құқы жоқ. Ондай адамдар заңмен жауапкершілікке тартылады. Әкімшілік құқықбұзушылық бабына сәйкес бала алдындағы өз міндетін орындамағаны үшін бірінші кезекте ата-анасына айыппұл салынады. Оны бір айдың ішінде төлемеген жағдайда іс сотқа жіберіледі. Бұл жағдай біздің де, аудан әкімдігінің де назарында тұр».
Иә, біз зайырлы мемлекетте өмір сүреміз және заң баршаға ортақ. Демек, мемлекеттегі заңға хан да, қара да бағынышты. Ал бағынбағандар заң шеңберінде жауапкершілікке тартылатыны түсінікті. Жалпы, осы мәселеде білім министрлігі мен ҚМДБ бірлесіп, ортақ мәміле жасау, оны көпшілікке түсіндіру, ұғындыру аса маңызды. Өйткені, дін – өте нәзік тақырып. Оны назардан тыс қалдыру үлкен қателік.