Жергілікті тұрғындар осылай деп шағымданып жүр
Түркістан облысының еліміздегі бірнеше өңір мен үш мегополис – Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалаларын етпен қамтамасыз етіп отырғаны белгілі. Бұл мәселеде Сайрам ауданына қарасты Қарабұлақ ауылының қосып отырған үлесі айрықша екенін айтпай кетпеске болмайды.
Қарабұлақтықтардың бейнеткештігін бүкіл облыс тұрғындары жақсы біледі. Әрине, жергілікті тұрғындардың мал бордақылап, тұрмыстық жағдайларын түзеткендері құптарлық. Қазынаға да қосар үлестері қомақты. Ең бастысы – тұрғындар өздерін өздері жұмыспен қамтуға қауқарлы. Бірақ, олардың барлығы бірдей заң шеңберінде жұмыс жүргізіп жатыр ма?
Біздің бұлай сауал тастауымызға аталмыш ауыл тұрғындарының өздері себеп болды. Дәлірек айтқанда, редакциямызға телефон шалған олар «ауылда рұқсатсыз мал сою алаңдары жұмыс істеп тұрғанын, оларға әкімшілік, басқа да тиісті құзырлы органдар тарапынан бақылау жоқтығын» жеткізді. Соның салдарынан сойылған малдың қаны арық арқылы Қарасу өзеніне құйылып, одан әрі Арысқа қосылатынын айтады. Дәлел ретінде үйдің жанындағы арықтан аққан қанның суретін де салып жіберді. Егер расында солай болса, бұл санитарияға қайшы сорақылық емес пе? Аталған өзенді жағалап, суын түрлі мақсаттарда пайдаланып отырған ауылдар аз емес. Жаздың ыстық күнінде бала біткен өзенде шомылып жүреді. Ағын судың арамдығы жоқ деген өзен суының ауру ошағына айналмасына кім кепіл?
Әрине, бұл бізге хабарласқан оқырмандардың айтып отырғандары. Ал шын мәнінде жағдай осыншалықты қауіпті дәрежеге дейін жеткен бе? Мәселенің мән-жайын өз көзімізбен көру үшін шұғыл Қарабұлақ ауылына аттанып кеттік.
Бізді ауылдық округ әкімдігінің алдында күтіп алған бес-алты ауыл тұрғыны өздері айтып отырған мал сою алаңына алып барып, арықтан аққан қан іздерін көрсетті. Ал бізге жіберілген арық толы ағып жатқан қанның суреті сәл ертеректе түсірілген болып шықты және дәл осы арық па, басқа ма, ол жағы да анық байқалмайды. Біз көрген арықта қан іздері болғанымен, дәл сол кезде лайқа су ағып жатыр екен. Қабырғада төрт бөшке тұр екен. Оның екеуінің бетін ашып көргенде ішінде қан іздері байқалды. Ал шеткі біреуінде қан тола екен. Одан шыққан сасық иіс қолқаны қабады. Шағымға себеп болған осы мәселеге байланысты біз бірнеше адамды әңгімеге тарттық.
Зафар Қалықұлов, мал сойып жатқан үйдің ұлы: – Қанды арыққа төгеді деген жалған сөз. Өзіңіз көрдіңіз, сыртта төрт бөшке тұр. Біз сойылған малдың қанын соған жинаймыз. Бөшкелер толғанда оны арнайы көлік келіп алып кетеді. Бірақ оны қайда апарып төгетінін білмеймін. Көріп тұрсыз, өзімнің бір өгізімнен басқа қорада малым жоқ. Бұл ауылда осындай жолмен мал сойып жатқандар біз ғана емес. Неге маған ғана шүйлігіп отырғандарын білмедім.
Шындығын айтқанда, осылай істеуден басқа амал жоқ. Әкімдіктегілерден малды сойғаннан шыққан қалдықты тастайтын жер сұрасақ бермейді. Бұл қалдықты тұрмыстық қоқыспен араластыруға болмайды. Сондықтан бізге арнайы алаңша керек.
Рахматжан Мамаев, ауыл тұрғыны: – Ауылымызда оннан аса мал сою алаңшалары бар. Олар талапқа сай болған соң рұқсат берген шығар. Ал бұл кісілерге арнайы орындардан мал союға берілген рұқсаттары жоқ. Ауылымыздың сыртында арнайы алаңша жасалған, соған барып төксін. Біздің талап осы. Кім білсін, бәлкім бұлар ауру мал сойып жатқан шығар? Ал арнайы алаңшада барлығы мамандардың бақылауында. Оның үстіне қазынаға тиісті салық төленеді.
Ең бастысы – ауылды ластамасын. Күн ысыды, бұдан былай қан қазіргіден де қатты саситын болады. Неге біз зардап шегуіміз керек? Арыққа құйылған қанның бізге қандай қауіп төндіретінін қайдан білеміз? Шынын айтқанда, балаларды ауладан шығаруға да қорқамыз. Арықта қазір қан ағып жатпағанымен, ондай сорақылықты өз көзімізбен көргенбіз.
Әбдіғапур Әбдіқадіров, Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі: – Мен мамандар арқылы білдім. Бұл азаматтардың мал союға шынында да рұқсаты жоқ екен. Демек жұмысты заңсыз атқаруда. Мал союдың мемлекет белгілеген арнайы ережелері бар. Сол талапқа сай болғанда ғана рұқсат беріледі.
«Қоқыс тастайтын алаңша сұрадық» деген уәжімен де келіспеймін. Мал союды кәсіп еткісі келген адам арнайы екі шұңқыр дайындап, оның біреуіне мал союдан шыққан қалдықтар мен қанды төгуі тиіс. Ол дәрілену арқылы жойылып отырады.
Бабуржан Хамитжанов, Сайрам аудандық ветеринария бөлімінің Қарабұлақ ауылындағы өкілі: – Бұл мәселе жөнінде маған ауыл тұрғындары жақында ғана айтты. Мен заңсыз мал сойып жатыр деген азаматтардың бізге келмегенін, арнайы рұқсат алмағанын түсіндірдім. Әрбір мал союмен айналысатын адам алдымен рұқсат алуға міндетті. Одан кейін бізде сойылатын малдың ауру немесе сау екенін тексереміз. Ал бұлар ешқандай да ереже сақтап отырған жоқ.
Рысқұл Есболаев, Сайрам аудандық ветеринария бөлімінің басшысы: – Мен бұл мәселені кешеден бері зерттедім. Рұқсаттары жоқ, өз беттерімен сойып жатқаны анықталды. Рұқсаты бар алаңшалардың жұмысы күнделікті бақылауда болады. Ал сіздердің сұрап отырғандарыңыз бақылаусыз нысан болып тұр ғой. Бірақ біздің оларды өз бастамамызбен тексеруге құқымыз жоқ. Тұрғындардан немесе көршілерден арыз-шағым түскенде ғана тексере аламыз.
…Сауалымызға жауап берген азаматтардың сөзінен ұққанымыз, Қарабұлақ ауылында заңсыз мал сойып, оны базарларға, басқа да сауда орындарына таратып отырған тұрғындар аз емес секілді. Ал олардың барлығын бақылауда ұстап отыруға ауылдық округ мамандарының мүмкіндігі жоқ. Мұндай заңсыз мал сою орындары тұрғындардың ауру малын жасырын сойып, саудалап жібермесіне кім кепіл? Оны кейін кім тексеріп, түбіне жетер дейсіз?! Осындай олқылықтар жаппай орын алмас үшін тиісті құзырлы органдар ауылдағы мал сойып отырған барлық азаматтардың іс-әрекеттері қаншалықты заңды жұмыс істеп жатқандарын анықтап, заңсыз нысандардың жұмысын тоқтату керек. Сонда ғана ауру малдан келетін қауіп сейілмек. Әйтпесе, қандай малдың етін жеп, сүтін ішіп, қандай суда шомылып жүргенімізді жалғыз жаратушыдан басқа ешкім де біле алмасы анық. Бұл жағдайға Бақтияр Мамаев тізгінін ұстаған Сайрам ауданының әкімдігі неге назар салмайды?