Deprecated: strpos(): Passing null to parameter #1 ($haystack) of type string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 7053

Deprecated: str_replace(): Passing null to parameter #3 ($subject) of type array|string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 2165
Қорғады ма, қорлады ма? – Nysana.kz – Ақпарат агенттігі

Қорғады ма, қорлады ма?

Арыс тұрғыны полицей таяқтады деп шағымданып жүр.

Елбасы «полиция тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істеп, халықтың қорғаушысы болу керек» дегенді ұдайы қайталайды. Бірақ сол тапсырма барлық жерде бірдей орындалып жатқан жоқ секілді.

Күні кеше Арыс ауданы Жиделі ауылынан Нұрлан Дәрменов (суретте) есімді азамат редакцияға арнайы келіп, облыстың бас полицейі Қайрат Дәлбековтың атына жазған арызының көшірмесін тастап кетті. Оның арыздануына не жағдай себеп болды? Түсінікті болу үшін алдымен аталған арыздың қысқартылған нұсқасын назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.

«2019 жылдың 18 мамыры күні кешкісін анам телефон соғып, інім Ержігітті Аманғали есімді азаматтың ұрып тастағанын айтып, үйге шақырды. Барсам інімнің жағдайы ауыр екен. Екі тісі сынып, мұрны бұзылған. Денелерінде басқа да жарақат белгілері бар. Бүйрегін ала алмай отыр. Киімі мен бет аузы қан. Бұған не болған деп сұрағанымда інім «мынау ұрды» деп сол жерде тұрған адамды көрсетті. Ал ол болса ұрмағанын айтып, кешірім сұрап тұрды. Ұрмаса неге кешірім сұрайды. Өзі қатты мас күйде екен. Інімді неге ұрғанын сұрағанымда ол «екеуміздің арамызда, екеуміздің арамызда…» дегеннен басқа ештеңе айтпады. Негізі ол ініме өткен жылдан бері қарыз ақшасын қайтармай жүрген екен. Соны сұрап барғанда дәмханада отырған ол «неге ақшаңды сұрай бересің» деп інімді соққыға жыққан.

Содан үйге көршілер жиналды. Ауылдық дәрігер мен учаскелік инспекторды шақырдым. Дәрігер ауруды басатын дәрі егіп, мұрнына бір дәрі жақты да «тез арада Арыстағы ауруханаға алып бар» деп жолдама берді. Осы аралықта көрші Байырқұм ауылының учаскелік инспекторы келіп, болған оқиғаны жазып алды. Жолға шықпақшы болғанда таяқтаған адамның достары мен туысқандары біздің қолымыздан тартып, ешқайда бармауды, шағымданбауды сұрады. Бірақ оған көнбей жолға шықтық. Арысқа шамамен он шақырым жетпей жол жиегінде бір полиция көлігі тұрған. Қасынан өткенде тоқтау туралы белгі бермеді. Араға 2-3 минут салып олар біздің көлікті жол жиегіне қарай қысып тоқтатты. Өздерін таныстырмастан, құжаттарын көрсетпестен, дереу келіп көліктен түсуімізді бұйырды. Мен «Не үшін түсемін, қандай жол ережесін бұздық. Ауыр жағдайдағы інімді ауруханаға алып бара жатырмын. Қайта жәрдем беріңдер. Не үшін тоқтаттыңдар», – дегенімде олар «Бізге телефон соқты, інің өтірік істеп тұр. Сап сау», – деп көліктегі келінім Алтынайға, інім Ержігітке және маған әртүрлі балағат сөздер айтып, ғайбаттай бастады. Бұл жағдайды келінім қалта телефонына түсіріп отырғанын байқап қалған олар үшеуміздің де телефонымызды, машинаның кілтін тартып алды.

Онымен қоймай көліктен түсуді бұйырды. Себебін сұрадым. Сол үшін көліктің ішіне рұқсатсыз кірген полиция қызметкері ролде отырған менің оң құлақ шекемнен қолымен қатты ұрып жіберіп, «Мені танымайсың ба, мен осы Арысқа жауап беремін. Ісім сенімен болады. Сені жүргізбеймін», – деп боқтап, сыртқа шығуымды талап етті. Осыны күтіп тұрғандай, үш полиция қызметкерінің бірі құлағымнан сүйрелеп шығарды. Мен қарсыластым. Осы кезде біреуі аяғымнан ұрды. Жерге отырып қалғанымда тағы бірі қолымды қайырып, өздерінің көліктеріне інім екеумізді аса ауыр қылмыскерді ұстағандай күштеп отырғызды. Інімнің ауыр жағдайына қарамастан бізді Арыс қалалық ішкі істер бөліміне апарып, жарты сағаттай себепсіз ұстап отырды. Мені күштеп алып бара жатқанда қарындасым келіп қалып, айқайлап, кейін полиция көлігімен інімді ауруханаға алып бардық. Ал, көлігіміз әлі күнге дейін айып тұрағында тұр.

Дәрігерлер ініме алғашқы медициналық көмек көрсетті. Біздің спирттік ішімдік ішкен-ішпегенімізді тексерді. Мейірбике сау екенімізді, арақ ішпегенімізді анықтады. Сол күні түнгі сағат 2-3-тердің шамасында тергеушілер ауруханаға келді. Таңғы бестерде тергеушілер інім мен оны ұрған адамнан түсінік алды. Одан кейін келінім, қарындасым үшеумізді полиция бөлішесіне алып барып, бізден де түсінік алды. Бірақ, ол жерде мені полицияның ұрғаны жөнінде жазғызбады. Таңғы алтыларда бізді боссыңдар деп полициядан шығарып жіберді.

Мен бұл жерде Арыс қалалық полиция қызметкерлері тарапынан қасқана істеген бірнеше заңсыздықты көріп отырмын. Олар: Көлікті себепсіз тоқтатты. Өзін таныстырып, құжаттарын көрсетпеді. Біздің конституциямен қорғалатын жеке меншігімізге қол сұғып, көлікке рұқсатсыз кірді. Жеке мүлкіміз болып табылатын, олардың заңсыз әрекетін бейнеге түсірген телефонымызды тартып алып, ішіндегі жазбаларды өшіріп тастады.

Себепсіз ұрып-соғып, денсаулығыма қасақана зиян келтірді. Себепсіз балағаттады. Көліктің кілтін тартып алды. Көлікті себепсіз айып тұрағына қойды. Бізді себепсіз полицияға апарып, құқымызды таптады».

Арыз иесінің осындай шағымынан кейін біз екінші тараптың да уәжін тыңдамақ болып, төбелескендерге алғаш болып барып, тиісті құжаттарды дайындаған Байырқұм ауылдық округінің учаскелік инспекторы Ғалымжан Бижановқа хабарласып көрдік. «Аумақ менікі емес. Бірақ ол жақтың инспекторы демалыста болғандықтан, шақырту бойынша кезекшіліктен мені жіберіп, шағымын қабылда деді. Ержігіттің үйіне барғанымда ол есігінің алдында мұрны қан-қан болып отыр екен. Ұрған адам да жүр. Не болды деп сұрағанымда екеуінің арасында түсінбестік болғанын айтты. Ержігіт арыз жазам деген соң, арызын қабылдадым. Ол Арыстан кейін Шымкентке бармасам мұрным сынды деді. Көлікті гараждан шығарып жатқанда «өзің айдама» дедім. Сол кезде ағасы келіп, көлікті өзі жүргізетінін айтып кеткен. Көлікті жолда патрульдік полиция тоқтатқанда қашпақ болыпты. Көліктен кімнің шыққанының барлығы жазылды деп жүр ғой. Бұл жөнінде баянат бердім. Жақын күндері сот болатын шығар».

Иә, қазір іс тергеуде. Оның соңы немен аяқталары белгісіз. Жазаға тартылатын полиция қызметкерлері бола ма, әлде жәбірленуші жақ кенеттен айыпталушыға айналады ма? Көп ұзамай мұның да жауабын білетін боламыз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған