Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Әлеумет » Нәтижелі жұмыс – халықтың сенімін арттырады

Нәтижелі жұмыс – халықтың сенімін арттырады

Жұмыс сапарымен Шымкент қаласына келген ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевты қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов алдымен кәсіпкерлік саласында мемлекеттік қызметтер көрсетіп отырған «Бизес супермаркет» пен «E-Commerce Center» электронды коммерция орталықтарының және әкімдік ғимаратының бірінші қабатынан ашылған «Ашық әкімдік» орталығының жұмысымен таныстырды. Бұл бастамалардың барлығы да басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында қолға алынған дүниелер.

Таныстырылым барысында қала әкімінің орынбасары Данат Жумин агенттік төрағасы бастаған жұмысшы топтың назарына соңғы екі айда атқарылған жұмыстарды таныстырды. Өз кезегінде қызметтерді цифрландыру – сыбайлас жемқорлық көріністерін алдын алудың негізгі көмекшісі екенін атап өткен төраға әкімдік бастамаларын қолдап, атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.

Сапар барысында жұмысшы топ, сондай-ақ, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік академиясының қаладағы бөлімшесінің тыныс-тіршілігімен танысты. Мұнда білікті мемлекеттік қызметкерлерді дайындау бағытында қолға алынған жаңашыл жобалармен танысты. Ал Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменттің қызметкерлерімен жүздескен Агенттік төрағасы мемлекеттік қызметкерлер жалақысын 30-дан 50 пайызға дейін көтеру мәселесі қарастырылып жатқанын айтып қуантса, керісінше нәтижесіз жұмыс істейтіндердің қысқартылатынын ескертті. Ол бұл ойын төмендегіше жеткізді: «Жалақысы өскен мемлекеттік қызметкерлерге талап күшейтіледі. Бәсекелестік бар жерде қызметкерлер арасында жұмысқа деген ынта өседі және ол нәтижелі болмақ. Қызметтегі азаматтардың басты ұстанымы Халыққа адал қызмет ету керек»

Арнайы келген жұмысшы топ Шымкентте мемлекеттік мекемелермен бірге бірнеше кәсіпкерлік нысандарын да аралап көрді. Алдымен олар «Шымкент ӘКК» алаңында құрылған «Бизнеске арналған Үкімет» орталығында болып, кәсіпкерлікті қолдауға байланысты жасалып жатқан жағдаймен танысты. Сосын «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақта орналасқан «Әлем БТ» және «Бал текстиль» кәсіпорындарының жұмыстарын көріп, бас бармақпен бағалады. Осы тұста экспортқа шығарылатын өнімдер үшін кеденде кедергілердің кездесетіні жайында құлағдар болған төраға қарамағындағы қызметкерлеріне бұл мәселені тез арада шешу мәселесін тапсырды. Жүрген жерінде нақты шешім қабылдау қасиетіне ие А.Шпекбаев қызметкерлеріне Шымкентте шығатын киім өнімдерін алдыртып, отандық өнімді қолдаудың үлгісін көрсетті.

Іссапар барысында жұмысшы топ өкілдері Шымкент қаласының активімен кездесті. Қала басшысы Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен жиында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша елімізде жүзеге асырылып жатқан саясат пен азаматтардың қажеттілігіне бағытталған мемлекеттік аппараттың алдағы перспективасы туралы баяндалды. Жиын барысында Алик Шпекбаев үздік
компанияларда жұмыс тәжірибесі бар немесе жетекші әлемдік университеттердің ғылыми дәрежесі бар жоғары білікті азаматтарды мемлекеттік қызметке қабылдаудың оңтайландырылған механизмі енгізіліп жатқанын мәлім етті.

Тұңғыш Президент, Елбасы айтқандай, билік халықтың қызметшісі болуы тиіс. Ал қызмет көрсету жүйесі жаңаланған әкімдіктің халықпен арадағы қарым-қатынасы барынша жеңілдеп, сыбайлас жемқорлыққа себеп болатын жағдайлардың барлығы ретке келтіріліп жатыр. Бұл билік өкілдері тарапынан халықтың сенім үдесінен шығатын әрекет болып жатқанында күмән жоқ.

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика