Бүгінде сенімге селкеу түсіретін оқиғалар жиілеп кетті. Ауызша алдау былай тұрсын, қазір қолыңызға құжат ұстатып тұрып та жер сипатып кететіндер көбейген. Редакциямызға арнайы хабарласқан Келес ауданы Қаратал ауылының тұрғыны Қошқар Алтыбаев бізге өзінің қалай оңбай алданғаны жөнінде және бұл оқиға өзгелердің де сақтық амалдарын күшейту үшін айтқысы келетінін жеткізді.
«ХоумКредитБанктен» несие алған Қошқар Алтыбаев ай сайынғы төлемақысын ауылдық почта арқылы төлеп, тиісті түбіртекті алып отырған. Мерзімі аяқталғанда «қарыз толық төленді» деген анықтама алғысы келген қарияға почташы Гүлнар Рыспаева әртүрлі сылтау айтып, уақытты соза берген. Осы аралықта, яғни 2017 жылдың 15 қаңтары күні «ХоумКредитбанктен» қарызын төлемесе сотқа беретіндіктері жөнінде ескерту хат келеді. Түкке түсінбеген Қ.Алтыбаев почтаға барғанда Гүлнар олай болуы мүмкін еместігін, өзі шешетінін айтып сендірген. Тіпті сол жылдың 28 маусымында өзі қабылдап алған 395 000 теңгені желтоқсан айына дейін бөліп төлеп құтылатыны жөнінде қолхат және сол сомманы алғанын растайтын келісім шартты нотарис арқылы бекітіп береді. Алайда, бұл уәде тағы орындалмайды. Сөйтіп жүргенде 2018 жылдың 5 наурызында Шымкент қаласы Абай аудандық сотының шешімімен Қ.Алтыбаевтан «ХоумКредитБанкттің» есебіне 395 129 теңге қарызды өндіру туралы шешім шығады. Осылайша жауапкер алған несиесін өз уақытында төлегенін және онысын құрғақ сөзбен емес, түбіртектерді көрсету арқылы дәлелдегеніне қарамастан банк алдында берешек болып шыға келеді. Өйткені, қолында түбіртек болғанымен, ол ақша банкке құйылмаған.
Кінәсіз бола тұра кінәлі болу Қ.Алтыбаевқа оңай болмағаны түсінікті. Негізі Қ.Алтыбаев жәбірленуші ретінде 2017 жылы пошташы Г.Рыспаеваның үстінен қылмыстық іс қозғау жөнінде сотқа шағым түсірген екен. Сотта ол кінәсін мойындаған. Бірақ екі жақтың келісуіне байланысты қылмыстық іс қысқарған. Ал мына оқиғадан кейін Қ.Алтыбаев жәбірленуші ретінде қайта сотқа шағымданып, 2018 жылдың 12 шілдесінде Сарыағаш аудандық №2 соты жауапкерге қатысты қарызды 12 қазанға дейін төлеуді міндеттеген ұйғарым шығарады.
Ұйғарым шыққаннан кейін оның орындалуы сот орындаушыларға өтеді. Алайда, содан бері қанша уақыт өтсе де сот ұйғарымы әліге дейін орындалмай келеді екен. Жәбірленушінің айтуынша, сот орындаушылары қарыз иесін таппай жүргенге ұқсайды. Енді келіп сот орындаушылар Қ.Қалыбаевтың өзіне салмақ салып, полицияға беріп, айыпкерді тауып беріңіз деген уәж айтып отыр екен. «Сонда сот орындаушы таппаған адамды мен қалай табам. Полицияға беру, ол адамды табу сот орындаушыларының міндеті емес пе?» – дейді қария.
Расында адамдарды алдап, сот алдында кінәсін мойындаған айыпкерден сот орындаушылары қарызды өндіруге дәрменсіздік танытса, енді кімге сенуге болады? Дәл мұндай қарқындағы жұмыспен қылмысты құрықтау былай тұрсын, керісінше өршуіне жол ашпаймыз ба? Әлде сот орындаушыларға да өз істерін дұрыс жүргізу үшін қолдарына «бірдеңе қыстыру» керек па?