Жарылыстан кейінгі Арыс қазір қандай күйде?

Дүйсенбі күні таңертең Арыс қаласында әскери қоймада жарылыс болып, ондағы снарядтар, снаряд жарықшақтары қалаға шашылды. Салдарынан қалада хаос орнап, тұрғындар жан-жақта бас сауғалап қашқан еді. Сол күні Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев кешкісін брифинг өткізіп, қаладағы ахуал жөнінде баяндап берді.

Ал, бүгін қалада не жаңалық? Әзірге Арыс қаласына кіру мүмкін емес. Қорғаныс министрлігі мен арнайы өкілетті органдар қалаға кірер жолда бірнеше блокпосттар орнатып тастаған.  Бірақ, осыған қарамай, адамдар қалаға кіруге ұмтылып жатыр. Мұнда бірінің құнды заттары, бірінің қажетті дүниелері бар. Соны алғылары келеді. Енді бірінің малы қараусыз қалған. Бірақ, адам өмірі бәрінен қымбат.

Фотода Арыс қаласына қарасты Ақ дала ауылдық округі маңында құрылған блокпостта әскерилер мен полицейлер тұрғындарды ішке кіргізбей жатыр.   

Полицейлер өлермендікпен ішке ұмтылған азаматтарға қалада әлі жарылыс қаупі бар екендігін түсіндіріп, кері қайтарып жатыр. Бірақ, тұрғындар қайтпай, блокпост маңында қарақұрым болып жиналып тұр.

Арыс көшелері тым-тырыс, үйлер қаңырап бос тұрғанымен, қалып қойған бірен-саран тұрғын бар болып шықты. Қалғандары түгелдей қауіпсіз жерге жеткізілген. Қорғаныс министрлігінің мамандары қаланы әлі залалсыздандырып жатыр. Әзірге қаланы қауіпсіз деуге келмейді. Жарылыстар орын алуы мүмкін. Сондықтан да тұрғындар қала жарылғыш заттардан толықтай залалсыздандырылып бітпейінше кіргізілмейді. Снаряд түскен ғимараттар қираған, жарамсыз күйде. Кейбір үйлерде әлі өрт болып жатыр. Өрт сөндірушілер жүгіріп жүріп өртті ауыздықтауда.

Жай күндері адам деген құмырсқадай қаптап жүретін теміржол вокзалында өлі тыныштық. Жарылыстағы ауа толқыны ағаштарды да сұлатып түсірген. Ал, тойхана иелері біраз шығынға батыпты. Даңғарадай ғимараттарының терезелері шытынап сынып, бірнеше жеріне зақым келген. Ғимарат сыртын сәндеуге арналған қымбат құрылыс материалдары қирап, жерде шашылып жатыр. Жолдағы шыны терезелі аялдамалардың да шынылары шашырап жатыр.

Тек малдар ғана алаңсыз жүр. Бірақ, Арыста күн «жанып» тұрғандықтан, олардың шөлден қаталап, су іздеп жүргенін байқауға болады. Шөлге шыдамағандары әлдене іздеп (бәлкім, егелерін) мөңіреп қояды.

Қаладаның орталық базарындағы сауда орындары бос. Тауарлары жаймада самсап тұр. Дүрбелең болған кезде жұрт жапа-тармағай қашқан кезде, кей көкөністер жерге шашылып түскен. Жерде әлі де домалап жатыр.

“Бүлінгеннен бүлдіргі алма” дейді. Дегенмен, осындай аласапыран кезді пайдаланып, оңай олжаға кенелгісі келетіндер де болмай қалмапты. Қаланы күзетіп жүрген полиция қызметкерлерінің айтуынша, қалада ұрлық фактілері тіркелген. Мысалы, кеше бір кісі әлдекімнің көлігін айдап кетпек болған. Оны полицейлер тез арада құрықтап, қолға түсірген. Кей адамдар блокпосттан өте алмайтын болғасын, шеттен қыр арқылы асып өтіп, қолына ілінгенді алмаққа әрекеттенген. Бірақ, полицейлер оларға жол бермеуде. Олар қалада әлдеқандай себеппен қалып кетіп, көлікпен ызғытып жүргендерді ұстап, не үшін жүргендерін тәптіштеп сұрап, тексеруге алуда.

Бұйыртса, қойма өрттен толық залалсыздандырылса, тұрғындардың өз үйі – өлең төсегіне оралу сәті де жақын қалған сияқты.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған