Төтенше жағдай орын алған Арыс қаласына жан-жақтан көмек көрсетіліп, бір айдың ішінде қала толығымен қалпына келтірілмек. Міне, осынау қайырымды істен ауыр күндері арыстықтарға пана бола білген Шымкент қаласы да шет қалып отырған жоқ. Кешегі күні қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов арнайы Арыс қаласына барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Шымкентке тиесілі секторда атқарылатын жұмыстармен танысты.
Арыс қаласы 17 секторға бөлініп, қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі. Бұл секторлардағы жөндеу жұмыстарына республиканың 16 облысынан және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан 170 арнайы бригада келіп, 1194 құрылысшы іске кірісті. Міне, осы 17 сектордың бірі, яғни оныншы секторда орналасқан ғимараттар мен нысандарды жөндеу Шымкент қаласының жауапкершілігіне жүктелген. Бұл секторда 694 үй бар. Бүгінде олардың сметасы толық жасалып, жөндеу жұмыстары басталып кетті. Құрылыс жұмыстарын өз бақылауына алған әкім Ғабидолла Рахметоллаұлы тұрғындарды алдағы бір ай уақыт ішінде жөндеу жұмыстары толығымен аяқталатынына сендірді.
Бүгінде әрбір облыс, әрбір аудан, қалам әкімдіктері өздеріне бөлінген аумақта жұмыстарын бастады. Арыс қаласында азық-түлік дүкендері мен наубайханалар халыққа қызметін бастап кетті. Қала аумағында және өзге аудан, қалаларға қатынайтын көлік тасымалы да қалыпқа келтірілді. Үйі жарамсыз болып қалған тұрғындарға 800 орындық уақытша лагерь дайындалды. Ол үш мезгіл тамақпен қамтылған. Осылайша, көпшілік тарапынан болып жатқан көмектің арқасында арыстықтар қиналып жатқан жоқ.
Әрине, әркімге өз үйі – өлең төсегі ыстық. Оны хан сарайына да алмастырмақ емес. Дегенмен, арыстықтар жөндеуден өткен, қайта салынған өз үйлеріне кіретін уақыт та алыс емес.