Жаңғыруға қадам басқан қала

«Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр. Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді». «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев нақты бағыттарды айқындау арқылы дамудың жолын ұсынып, оны бірге атқаруға шақырғанда отандастарын осылай деп қанаттандырған-ды. Әрине, қазіргідей жаһандану заманында жаңғырудың аса қажеттігі айтпаса да түсінікті.

Осы бағдарлама аясында Шымкент қаласында жыл басынан бері қандай жұмыстар жүргізіліп, іс-шаралар атқарылып келеді? Бұл мақсатта қалада ең алдымен бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленіп, сол бойынша іс-амалдар жалғасуда. Шымкент қаласында жыл басынан бері жұмыс істеп келе жатқан «Рухани жаңғыру» орталығының деректеріне сүйенсек, бағдарлама аясында қалада 113 іс-шара өткізіліп, оған 52 мыңға жуық адам қатысыпты. «Туған жер» арнайы жобасы бойынша 6 жоба дайындалып, жүзеге асырылған. Айталық, арнайы жобаның «Атамекен» кіші бағдарламасы бойынша демеушілер мен меценаттар есебінен құны 1,6 миллиард теңгені құрайтын 32 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Әлеуметтік карта бойынша биыл Әл-фараби ауданында 20 ауланы жөндеп, абаттандыру, 1 бала-бақшаның құрылысын салу көзделген. Ал Абай ауданы бойынша Мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде 300 миллион теңгеге 8 алаңшаның құрылысын жүргізу қолға алынды. Еңбекші ауданында 43 спорт алаңшаларын жөндеу, абаттандыру, 63 ауланы ретке келтіру ісіне 1 миллиард 686 миллион 500 мың теңге игеру жоспарланған. Бүгінде бұл жұмыстардың бірқатар бөлігі жүзеге асты. Сонымен қатар, Қаратау ауданындағы елдімекендерде 20 спорт алаңшаларын соғу, 43 аулаларды абаттандыру, ретке келтіру, 2 мектептің құрылысын жүргізу бастау алды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде бұл жобаларға 1 миллиард теңге қарастыру көзделген.

«Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы аясында, яғни оқушылар мен жастар арасында «Өлкетану», «Саналы азамат», «Отаным – тағдырым» базалық бағыттары бойынша түрлі форматтарда 51, «Рухани қазына» кіші бағдарламасы бойынша «Ұлттық құндылықтар – ел бірлігі», «Мәдениет», «Салт-дәстүр және құндылықтар» жобалары негізінде 42 іс-шара ұйымдастырылды. Киелі орындар мен ескерткіштерге QR кодтар орнатылды. Қала тұрғындары мен жастарға кітап оқуды насихаттау мақсатында «Отырар» кітапханасынан «Kovorking» (коворкинг) орталығы ашылып, онда апта сайын түрлі акциялар мен конкурстар өткізілуде.

Ескі қалашық – әлемдік мәдени мұралар тізіміне ену мүмкіндігіне ие

«Қазақстанның киелі жерлері» арнайы жобасы бойынша қаладағы 7 нысан республикалық, 8 нысан жергілікті маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізілген. Соның ішіндегі Шымкент қаласы аумағындағы киелі орындар – «Ибрагим ата» мен «Қарашаш ана» кесенелерінің аумағында көріктендіру жұмыстары жүргізілді. «Қошқар ата» жобасы бойынша «Қошқар ата» өзенінің жағалауы абаттандырылып, қаланың тарихи даму кезеңін қазіргі уақытпен ұштастыратын заманауи қалашық және туристік аймақ ретінде дамыту жобасы жүзеге асырылуда. Қаладағы ескі қалашық – «Цитадельді» ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізудің номинациялық деректемесі дайындалды. Қалашықты ашық аспан астындағы мұражай ретінде құру бойынша жобалық сметалық құжат дайындауға 2017 жылы 100,0 миллион, 2018 жылы 245 187,0 мың теңге қаралып, игерілген. Ал, 2019 жылға 502 миллион теңге қаралып, бүгінде реставрация, консервация жұмыстары жүргізілуде.

Дәстүрлі түрде ұйымдастырыла бастаған «Nauryz «Koshkar-Ata» шарасы биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылып, оның аясында өткен конкурстар мен акцияларға, салт пен дәстүрді насихаттайтын тағылымдық кездесулерге, көрмелерге сегіз мың адам қатысты. Ал сәуір айында өткен «Қызғалдақ жолы» халықаралық фестиваліне қызығушылық танытқандар қатары он мыңнан асты. Дала жауһары – гүлді насихаттауға отандық және көрші елдердің флористерінен бастап, суретшілер, дизайнерлер, тіпті аспазшылар да өз үлесін қосты. Осылайша «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында нақтыланған «Қызғалдақ – Қазақстанның бренді» ұғымын көпшілікке паш ету мақсаты орындалды.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» арнайы жобасы бойынша дауыс беру нәтижесінде Шымкент қаласынан ұсынылған 18 азаматтың үшеуі жобаға енгізілді. Олардың бірі – Қ.Молдасейітов кәсіпкер болса, Құралбай Орынбасар мен Әсел Далиева спорт саласының майталмандары. Бұл жоба бойынша келесі кезеңдерге дайындық жасалуда. Шымкент қаласы бойынша республикалық жүз есімге кіретін азаматтардың еңбек жолындағы жетістіктерін насихаттау бойынша қала көшелеріне 37 баннер орналастырылған.

«Мемлекеттік тілдің латын қарпіне көшу» арнайы жобасын жүзеге асыру, талқылау бойынша желілік кесте әзірленіп, іс-шаралар жоспары бекітілген. Кестеге сәйкес, бүгінде 57 іс-шара ұйымдастырылып, БАҚ арқылы насихатталды. Ал «100 жаңа оқулық» жобасы бойынша мемлекеттік тілге аударылған екінші кезеңдегі 30 оқулықты таныстыру презентациялары барлық жоғары және орта арнаулы оқу орындарында өткізіліп, бірқатар мекемелерде кездесулер, дөңгелек үстел, сұхбаттар көрініс берді.

«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына сәйкес 6 жоба бойынша іс-шаралар өткізілуде. Атап айтқанда, олар: «Архив-2025» жобасы, «Ұлы даланың Ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы дала» атты  ежелгі өнер және технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі». Бұл жобалар аясында 90-нан астам іс-шаралар өткізілді. Тарихи-мәдени мұраларымызды насихаттап, жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында «Шымкент қаласының киелі орындары», қаланың туристік әлеуеті, қала бренді, тағы да басқа сапалы бейнероликтер түсіріліп, қоғам назарына ұсынылды.

«Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» арнайы жобасы аясында биыл Ж.Шанин атындағы қазақ академиялық драма театры, Шымкент орыс, өзбек драма театрлары, опера және балет театры мен «Шымкент цирк» пен шетелдік шығармашылық ұжымдар арасында меморандум түзіліп, гастрольдік сапары ұйымдастырылды. Атап айтсақ, «Шымкент цирк» ұжымы наурыз айында Индия мемлекетінде өткен джаз фестивалінде, мамыр айында Нұр-Сұлтан қаласында, Қытай Халық Республикасы мен Қырғыз елінде, орыс драма театры наурыз-сәуір айларында Ресей Федерациясының Санкт-Петербург, Байқоныр, Нұр-Сұлтан, Көкшетау қалаларында гастрольдік іс-сапарда болды. Сонымен қатар, қыркүйек айында Өзбекстанда өтетін Шымкент қаласының күніне орай Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры,  Шымкент қалалық өзбек драма театрының гастрольдік іс-сапарлары жоспарлануда.

«Рухани жаңғыру» Бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» жобасы аясында қала ішіндегі аудандарда да көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. Әсіресе, елге есімі жақсы жағынан танылған, ізбасарларына адастырмас жол көрсете білетін азаматтардың жастармен кездесулерін ұйымдастыруға айрықша көңіл бөлінуде. Айталық, жыл басында 2018 жылғы Шымкент қаласының «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы, 3 ұл, 1 қыз және 10 немере сүйіп отырған зейнеткер Ахмет Құрманғали Наметайұлы мен Жәутік Тәукен Дүйсеханқызы және Республикалық айтыс додаларының жеңімпазы Абзалов Қажымұхан Еңбекші ауданының жастарымен кездесіп, құнды пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ, ақын, Сайрам ауданының құрметті азаматы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Қабылбек Төретайұлы да Еңбекші ауданының жастарымен кездесіп, түрлі тақырып аясында ашық әңгіме өрбітті.

Абай ауданына қарасты Көкбұлақ тұрғын алабында елді мекеннің атауы жазылған қақпа салынды. Аталған қақпа Елбасы Н.Назарбаевтың “Рухани жаңғыру” мақаласының “Туған жер” кіші бағдарламасы аясында осы тұрғын алабтың 1999 жылғы мектеп бітіруші түлектердің ұйымдастыруымен іске асырылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан 40 балаға демеушілердің көмегімен кинотеатрға баруға мүмкіндік жасалды.

 

   Латын әліпбиіне көшуге деген дайындық жоғары

Елбасы мақаласы аясында қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінде 3 ғылыми-ағартушылық және көпшілік жұмыстары ұйымдастырылса, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында тақырыптық 8 іс-шара өтті. Көрме орталығында өткен 6 іс-шараның ішіндегі мамыр айында көрініс берген «Жібек жолы айшықтары» киім стилін жаңғырту мақсатындағы ұлттық киім дизайнерлерінің көрмесі көпшіліктің көкейінен шықты.

Осы жылдың 16 наурыз – 5 мамыр аралығында «Ұлы дала хикаялары» атты заманауи өнер туындыларының жылжымалы көрмесі ұйымдастырылды.  Көрменің ашылуына халықаралық тәуелсіз тәлімгер, өнертанушылар қатысты. Төрт экспозиция залына жасақталған өнер иелерінің шығармаларына Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы арқау болды. Көрмеде дәстүрлі скульптура, көркем сурет, графика, сәулет қолөнер техникалары, сондай-ақ, инсталляция, перфоманс, бейне және медиа-арт жанрларындағы дүниелер мен түрлі техникаларда орындалған еңбектер топтастырылды. Көрмеге келушілер саны 12 мың адамнан асты.

Елбасы Жарлығымен латын қарпіндегі қазақ әліпбиінің соңғы нұсқасы бекітіліп, 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшірілуін қамтамасыз ету, ұйымдастырушылық және заңнамалық сипаттағы шаралар қабылдау жөнінде тапсырмалар берді. Бүгінде Үкімет жанынан IT-технологиялар саласындағы сарапшыларды тарта отырып, қазақ тілін латын графикасына көшіру жөніндегі 4 жұмыс тобы құрылды. Олар орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық, техникалық және ақпараттық бағытта қарқынды жұмыстар жүргізуде.

Мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру мәселесі бойынша желілік кесте әзірленіп, іс-шаралар жоспары бекітілді. Кестеге сәйкес мемлекеттік органдарда, мекемелерде, жоғары және орта кәсіптік білім беру мекемелерінде 137-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихатталды. Шараларға лингвист-ғалымдар, тіл мамандары, зиялы қауым өкілдері, белсенді жастар және басқа да әлеуметтік топтар қатысты.

Мемлекеттік органдардың, мекеме мен кәсіпорындардың  тілдерді меңгеру деңгейі мен латын әліпбиі курсынан өтуді қажет ететін қызметкерлерге жүргізілген талдау, сараптау жұмыстарының нәтижесінде 2019-2025 жылдар аралығында Шымкент қаласы әкімі аппараты, аудан әкімдіктері, басқармалардан – 551, бюджеттік салалардан – 10 982 қызметкерді латын әліпбиін оқыту курсынан кезең-кезеңмен өткізу жоспарланып отыр.

Иә, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларында ұлтымыздың өмір сүру құндылықтары кеңінен қамтылған. Ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлерімізді жаңғыртуда осы мақалалардың әсері көп болуда. Соның арқасында өзге өңірлердегі секілді Шымкент қаласында да ұлттық салт-дәстүрлеріміз кеңінен насихатталып жүр.  

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған