Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Басты жаңалықтар » «Бізге үлкен сенім артылып, жауапкершілік жүктеліп отыр»

«Бізге үлкен сенім артылып, жауапкершілік жүктеліп отыр»

Сәрсенбі күні Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов әкімдіктің үлкен мәжіліс залында 2023 жылға дейінгі кешенді жоспарды іске асыру бойынша алқалы жиын өткізді. Оған өзінің барлық орынбасарлары, аудан әкімері мен басқарма басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Кездесуді белгіленген уақытта ашқан қала басшысы тиісті азаматтарға нақты тапсырмалар беріп, оны орындауға жылдам кірісулері керектігін ескертті.

Қала басшысы бүгінгі жиынның бұрынғыдан өзгеше екенін атап өтіп, қаланы дамыту жөніндегі өзінің Үкімет отырысында берген есебіне егжей-тегжейлі тоқталып өтті. «Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мегаполиске жасаған іс-сапары барысында қойған нақты міндеттері аясында әзірленген Шымкент қаласын дамытудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспарының жобасы қаралды, – деп бастады әңгімесін қала әкімі. – Қаланы дамыту үшін жалпы құны 1 триллион 284 миллиард теңгені құрайтын 10 бағыт бойынша дайындалған 89 жоба Үкімет мүшелері тарапынан толық қолдау тапты. Осылайша

бізге үлкен сенім артылып, әрі жоғары жауапкершілік жүктеліп отыр.

Кешенді жоспардың барлық іске асыру кезеңінде жалпы құны 1 триллион теңгеден астам сомаға 89 іс-шараны жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішінде 836 миллиард теңгесі, яғни жалпы соманың 65 пайызы жеке инвесторлар есебінен, 68 миллиард теңге мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылады. Бұл құжатты іске асыру қала аумағын ықшам салуды және оңтайландыруды, инфрақұрылымды тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді, сондай-ақ тұрғындар үшін қолайлы және ыңғайлы жағдайлар тудырады.

Үкімет басшысының өзі Шымкент – Қазақстанның өнеркәсіптік, сауда-саттық және мәдени орталықтарының бірі екенін баса айтып, енді қаланы одан әрі дамытуды қамтамасыз ету бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді. Инвестициялық әлеуетті дамыту мақсатында жаңа «Жұлдыз» және «Шымкент агро» индустриялдық аймақтарының құрылысын қамтамасыз ету, «Оңтүстік» АЭА территориясын ұлғайтуды іске асыруымыз керек.

Көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағыты бойынша 2020 жылы әуежайдың жаңа жолаушылар терминалының құрылысын, теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар, Ташкент даңғыл жолы жалғастырылады және А2 айналма автожолының құрылысы қамтамасыз етіледі. Бұл қаланың көлік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Премьер-Министр қаланы энергиямен және газбен қамтамасыз ету үшін газ тарату станциясының (АГРС-3), сондай-ақ ERG компаниясының жеке инвестициясы есебінен қуаты 450 мегаватт бу-газ қондырғысының құрылысын аяқтауды тапсырды.

Кешенді жоспар тұрғын үй құрылысының көлемін кезең-кезеңімен, яғни биылдан бастап жылына 500 мың шаршы метрден 1 миллион шаршы метрге дейін арттырып, тұрғын үймен қамтамасыз етуді әрбір тұрғынға шаққанда 30 шаршы метр деңгейіне дейін жеткізуге мүмкіндік береді. «Шымкент Сити» жобасын жүзеге асыру әлеуметтік инфрақұрылымы дайын 1,5 миллион шаршы метр тұрғын үй салуға мүмкіндік бар.

Шымкентте туризм саласында да даму мүмкіндіктері артуда. Мысалы, Рим, Париж өзінің тарихи орындарымен туристерді қалай қызықтырады? Сол секілді ескі қалашықтағы Цитадель қалашығын қайта жөндеу және халықаралық деңгейдегі ойын-сауық саябағының құрылысын аяқтау нәтижесінде туристердің ағыны көбейеді деп күтілуде. Сонымен қатар, Шымкент қаласының Түркістан мен Ташкентке жақын орналасуы туристік инфрақұрылымының дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына нақты серпін мен синергетикалық әсер береді.

Мен айтып отырған он бағыттан тұратын кешенді жоспар мемлекеттік органдармен, министрліктермен келісілген. 2023 жылға дейінгі стратегиялық кешенді жоспар көлік инфрақұрылымы, тұрғын үй құрылысын дамыту, білім беру, спорт, мәдениет, денсаулық сақтау, абаттандыру, қауіпсіздікті сақтау, индустриалды аймақтарды дамыту бағыттарын қамтиды. Расында кешенді жоспарды қала үшін өте маңызды құжат деп айтуға болады. Ең алдымен 10 күннің ішінде оны іске асырудың жоспарын дайындап, бекітуіміз керек. Әр жобаға жауапты адамдар бекітіледі. Жобаны іске асыруға әкімдіктің әрбір мүшесін белсенді атсалысуға шақырамын. Нақты мақсаттар айқын. Мерзім қысқа. Енді тек жұмыс істеу қажет. Бізде барлық мүмкіндік бар. Кадрлар да жеткілікті. Тапсырма бойынша депутаттық топтар да өз сайлаушыларымен кездесіп, жобалармен таныстыру қажет».

Бұл басқосудан біздің ұққанымыз, кешенді жоспар жүзеге асқан жағдайда Шымкентте жарық мүлде өшпейтін болады, көлік жолдары жөнделеді. Су мен газ мәселесі де толықтай шешімін табады. Жаңа мектептер бой көтеріп, қалада мың орындық заманауи аурухана салынады. 2100 адамдық конгресс орталық тұрғындарға қызметін бастамақ. Ал Қажымұқан атындағы орталық стадион УЕФА талаптарына сай қайта жасақталып, онда футбол матчтары ғана өтіп қоймастан, түрлі халықаралық, республикалық фестивальдер мен концерттер ұйымдастыру арқылы жұмсалған шығынның орнын толтыруға болады екен. Ең бастысы, пәтер алғысы келген шымкенттіктердің кезегі екі есеге қысқарып, қала тұрғындарының орташа жасы 74-ке көтерілмек. Міне, Шымкент пен шымкенттіктерді осындай жарқын болашақ күтіп тұр.

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика