Deprecated: strpos(): Passing null to parameter #1 ($haystack) of type string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 7053

Deprecated: str_replace(): Passing null to parameter #3 ($subject) of type array|string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 2165
Кассада билет жоқ, вагонда бос орын көп – Nysana.kz – Ақпарат агенттігі

Кассада билет жоқ, вагонда бос орын көп

Жаз – азаматтардың еңбек демалысына шығып, тынығатын, қыдыратын мезгіл. Одан басқа да түрлі себептермен жазда тасымал көлігін пайдаланатындар қатары артады. Мұның барлығы жолаушы тасымалына деген сұранысты күрт арттырады.

Әрине, ұшаққа билет қымбат әрі қат болғандықтан, көліктің бұл түріне көбіне қалтасы көтергендер мен жылдам жетуге мұқтаж жандар мінеді. Ал автобустар жақын жер болмаса алыс сапарларға қолайсыз, жолаушыны діңкелетіп тастайды. Оның үстіне билет бағасы да бұрынғыдай арзан емес. Осыдан келіп темір жолдың қызметін пайдаланушылар саны өзінен өзі көбейіп шыға кел

еді. Бірақ, қырсыққанда қымыран іриді демекші, поезға да билет табу қиынның қиынына айналып кеткелі қа-а-шан. Барар жеріңізді кемі бір ай бұрын жоспарлап, алдын ала билет сатып алып қоймасаңыз өзіңізді сарсаңға түстім деп есептей беріңіз. Ал бір Аллаға тәуекел етіп жолға шықсаңыз, қай қалада болсын пойызға билет таппай сандалып жүрген жолаушыларды кезіктіресіз. Олар билетті үстеме бағасымен де сатып алуға дайын. Бірақ билет жоқ. Туризм саласын дамытуға ниетті ел болсақ, мұндай келеңсіздіктерге жол бермеуіміз тиіс еді. Алайда, олай болмай тұр. Соған қарағанда «Қазақстанды болашақта туристер ағылып келетін елге айналдырамыз» деген шенеуніктердің сөзі ертегі ме деп қалдық. Ішкі туризмді реттей алмай отырғанда сырттан турист тарту не теңіміз?!

Қазір билік басындағылар үшін «нарық реттейді» деген жаттанды жауап хит болып тұр ма дерсіз. Қит етсе осы хитті алға тарта қояды. «Бәрін нарық реттейді» деп қол қусырып қарап отырғанша Үкімет пен Қазақстан Темір жолы қызметінің басында отырған шенеуніктер адами фактордың арқасында реттеуге күш салса қайтер екен деп күйінесің. Жыл сайын жаз мезгілінде билеттерге сұраныс артатынын жаңағы айтқан Үкімет басындағылар да, Қазақстан темір жолы қызметінің басындағылар да жақсы біледі. Ендеше, сұранысты ұсыныспен теңестіріп, жолаушы тасымалын реттеп отруға неге болмасқа?! Сұранысты саралай келе белгілі бір бағыттар бойынша пойыз санын, ең болмағанда тіркеме вагондар санын арттырып, амал қарастыруға болады ғой. Неге екені белгісіз, жылда жырға айналатын осы мәселе ұдайы назардан тыс қала береді. Діттеген жеріне уақтылы жете алмай, әуре-сарсаңға түскен көпшіліктің мәселесімен жоғарыда отырғандардың шаруасы да жоқ.

Шындығын ай

тқанда, поезға билет тапшы емес, орын жетеді. Мұны жолаушылап шыққандардың түгелге жуығы куә болып жүр деп ойлаймыз. Мәселе басқада секілді. Дәлірек айтқанда, Қазақстан темір жолында бармақ басты, көз қысты әрекеттер, ұйымдасқан топтың халыққа жасап отырған қиянаты көп секілді. Айталық, билет алмақ болып кассаға барсаңыз «билет жоқтан» басқа жауап естімейсіз. Қай кезде, қай жерге барсаңыз да. Ал амалын тауып поезға отыра қалсаңыз вагонның іші қаңырап бос тұрмаса да жартысына жуығының егесі жоқ. Мұны қалай түсінуге болады? Осы жерде сыбайластықтың исі аңқып тұрған жоқ па? Бұл жөнінде жолаушылар не ойлайды? Тыңдап көрелік.

Файзулла Ермекбаев, Қарағанды облысы, Абай қаласының тұрғыны:

«Қолдан жасалған қиындық секілді»

– Мен Шымкенттегі жиенімнің 20 шілдеде болатын тойына баруым керек еді. Үш апта болды әлі билет таппай жүрміз. Кассада отыратын таныстарымызға «билет шыға қалса алып қой» деп, ақшамыз бен құжаттарымызды да тапсырып қойдық. Билеттің барлығы сатылып кеткен дейді. Кеше кіші балам вокзалға барса жолсеріктер «орын тауып береміз» деп жолаушыларды алып кетіп жатқанына куә болыпты. Тіпті, егде тартқан кісілерге төменгі жайдан орын тауып беруге уәде беріп, енімді түрде сөйлейтінін қайтерсіз. Сонда кассада билет жоқ болса, олар орынды қайдан табады? Мұндай жағдай өз басымыздан да өтіп, жолсерік сөзінде тұрып, орын тауып берген. Әрине ол қызметі үшін билеттің екі есе құнын алады. Егер сол орындардың егесі болса бұлай сенімді әрекет етпес еді ғой. Соған қарағанда билеттің тапшы болуы қолдан жасалған қиындық секілді.

Маржан Райымбек, Шымкент қаласының тұрғыны:

«Билетті Қарағандыға дейін алып, Шымкентке жетіп алдым»

– Өткен жылы нағашым кенеттен дүние салып, тез арада Астанаға баруға тура келді. Жаназаға үлгеру үшін ұшақпен жеттім. Ал қайтарда поезға билет таппай қиналдым. Сол кезде «көмекке келген» жолсерік Қарағандыға дейін билет алғызды да сол билетпен алаңсыз Шымкентке дейін жетіп алдым. Ешкім келіп, менің орным еді деп мазалаған жоқ. Әрине жолсеріктің қызметі тегін болмайтыны түсінікті шығар.

Нүкәбай Бектібай, Шымкент қаласының тұрғыны:

«Билет таппадық, вагонда бос орын көп екен»

– 6 шілде күні Қарағандыдан Шымкентке шықтым. Орын болмағандықтан Шуға дейін №044 Қостанай-Алматы пойызына міндік. Біз бір үйден үш ересек және екі баламен шыққанбыз. Билет болмағандықтан кіші балам екеуміз тоғызыншы купе вагоннан орын алдық. Сарышағанға келгенде екіге бөлінген отбасы мүшелерімнен хабар алайын деп олар жайғасқан үшінші вагонға келсем, бірнеше орын бос тұр. Тіпті төменгі орындар да. Түсінбей қалдым. Бізге билет жоқ деп әрқайсымызды әр вагонға бөліп отырғызды. Ал мына вагонда бос орындар жетерлік. Сол бос орындарға Шуға жеткенше ешкім келмеді. Сонда бұл қандай қитұрқылық болды?

Біреу айтса сенбеуіміз мүмкін еді. Темір жол саласындағы осындай келеңсіздікке өзім куә болдым. Әрине орынның иесі түрлі себептермен келе алмаған болуы немесе үлгере алмай қалған болуы да мүмкін, бір

ақ, мұндай жағдай ұдайы қайталана бермейді ғой. Мен жолда көп жүремін. Мұндай жағдай жиі кездеседі.

Осындай жайттардан кейін жолаушылар арасында да соңғы кездері «билет жоқ болса жолсерікпен келісерміз» деп тәуекелге баратындар көбейді. Бірақ соның бір де біреуінің орын таппай, жолда қалып немесе кері қайтқанын кездестірмеппіз. Әйтеуір баратын жеріне жетіп алады. Сонда осындай қитұрқы әрекеттердің салдарынан қазынаға түсуі тиіс ақшаның көбі жеке қалталарға кетіп жатыр деген сөз емес пе? Ол ақшаның әлі де жоғары қарай сатылап, кімнің уысын толтырып жатқанын ешкім дөп басып айта алмайды. Ал мұндай сыбайластықтың зардабын қарапайым жолаушылар тартып келеді. Бірақ, қашанға дейін? Осы сауалға жауап бере алатын шенеунік бар ма екен?!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған