Бұйыртса келесі, яғни 2020 жыл Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы болады. Бұл Шымқаламыз үшін жоғары мәртебе болумен қатар үлкен жауапкершілікті талап етеді. Кез-келген қаланың бағына бұйыра бермейтін бұл міндет еліміздегі үшінші мегаполистің атын бүкіл ТМД елдеріне паш етуге мүмкіндік ашып отыр.
Шаһар маңызды да жауапты кезеңге дайындықты бастап жібергеніне біраз уақыт болды. Сондай жұмыстардың бірі ретінде қала орталығындағы ескірген үйлердің қасбетін арнайы материалдармен қаптап, күрделі жөндеуден өткізіп, жаңаша, тамаша келбетке айналдыру жұмыстары қызу қарқын алды. Оған өз туған қаласының патриоты саналатын кәсіпкер азаматтар да атсалысуда. Бүгінде Тәуке хан даңғылы бойындағы ескі үйлердің қасбетін күрделі жөндеу жұмыстары да аяқталуға жақын. Мәселен, пайдалануға берілгелі жөндеу көрмеген Тәуке жан даңғылындағы №11 үйдің су жіберетін тесік шатыры жаңаланып, терезелері ауыстырылып, сыртқы келбеті ретке келтірілуде. Жобалық сметалық құны 147 миллион теңгені құраған құрылыс жұмыстары жеке кәсіпкердің есебінен жүргізіліп жатыр.
Бұдан бөлек Шымкент қаласында көшелерді күрделі жөндеу жұмыстары да қарқын алған. Олардың көпшілігі осы жылдың соңына дейін толығымен аяқталуы тиіс.