Осы жылдың алғашқы алты айында Шымкент қаласының бюджеті 79 миллиард теңгеге ұлғайып, жалпы 219 миллиард теңгеге жетті. Индустриаландыру картасы аясында 3 жоба жүзеге асырылса, кәсіпкерлік субьектілерінің саны 14 пайызға өсіп, 65 687 бірлікті құрады. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қалалық мәслихаттың кезектен тыс елу екінші сессиясында мәлім етті.
Сонымен қатар, айтылып отырған мерзім ішінде ЖӨӨ көлемі 2, өнеркәсіп өнімінің көлемі 25, ал орташа жалақы көлемі 12 пайызға артқан. Жаңадан ашылған жұмыс орнының саны 14 334-ке жетті. Бүгінгі таңда шаһарда 6345 пәтерлі 129 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Осы секілді статистиканы алға тартқан қала басшысы халық қалаулылары мен зиялы қауым өкілдерінің алдында «2019 жыл жақсы жетістіктермен басталды. Жыл басынан бері инвесторлармен көптеген келісімдер жасалды. Бағдарламалар дайындалды. Біз осы жұмыстарды әрі қарай жалғастыруымыз керек. Оған барлықтарыңызды атсалысуға шақырамын», – деді. Сондай-ақ,
Ғабидолла Рахматоллаұлы жыл басынан бергі қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішкерін баяндап, индустриаландыру, инвестиция тарту, инфрақұрылым, әлеуметтік салалардың даму көрсеткіштеріне тоқталды. Мәслихат хатшысы Ғани Ташқараев бастаған депутаттар қала әкімінің жұмысына оң бағаларын берді.