Отандық өнімдерді қолдау – ел экономикасын өрге сүйреудің негізгі бір тетігі. Кезінде неміс халқы өз отандық өнімдерін қолдаудың үздік үлгісін көрсетіп, соның арқасында әлем мойындаған брендтер пайда болды. Біздің мемлекетте, өңірімізде де өте сапалы өнімдер шығарылып жатыр. Әрине, олардың барлығы да ең алдымен өз отандастарының қолдауына мұқтаж екені түсінікті.
Отандық өнімдерді, яғни жергілікті өндірушілерді қолдау мақсатында кешегі аптаның жұмасы күні Шымкент қаласындағы «Көрме» орталығында “Қазақстанның үздік тауары” атты өңірлік конкурс өтті. Сонымен қатар, осы конкурс аясында «Өңірлік өнімдері-2019» атты үздік тауарлардың жәрмеңке-көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде Шымкент қаласының азық-түлік, фармацевтика, машина жасау, химия, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы саласы мен құрылыс индустриясының жүздеген тауар өндірушілері өз экспозицияларын көрсетіп, тұтынушыларының назарына ұсынды. Көрме-жәрмеңкеге Шымкент қаласының әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова, облыстық мәслихат депутаттары, «Атамекен» Өңірлік Кәсіпкерлер палаталарының басшылығы мен кәсіпкерлер қатысты. Сонымен қатар жәрмеңке-көрмеге алғаш рет қатысқан ондаған жаңа компаниялар, атап айтқанда, дизельді газ генераторларын, күн панельдерін, компрессорлар, мотопомпалар, су жылытқыштар өндіретін «NewtechnologyLTD» Kazgenerators, азық-түлік, сусындар мен темекі өнімдерін өндіріп, қайта өңдейтін жабдықтар өндірісімен айналысатын «Vacuummatic» ЖШС және түрлі тауарлар шығаратын ЖК «Увадуллаев», «Аль Абай» ЖШС, ЖК «Нормухамедов Р. Т.», «СП LuxShoes» ЖШС, «Шымкент Кашемир» ЖШС, «MgroupKZ» ЖШС, «PallantTradecompany» ЖШС, «AsiaTrafo» ЖШС, «AquaRossa» ЖШС, «ProtectKZ» ЖШС, ЖК «Петухова» өз өнімдерін ел назарына ұсынды. Көрмеде ірі компаниялар ғана емес, шағын және орта бизнес өкілдері де өздері туралы мәлімдеу мүмкіндігіне ие болды. «Метро», «Магнум», «Фиркан», «Грамад» секілді ірі көтерме сауда орындары мен дистрибьютерлік компаниялардың да қатыстырылуы көрме маңыздылығын жылдағыдан арттыра түсті. Өйткені, өндірілген өнімді сатуда аталған сауда жүйелері маңызды роль атқарады. Алдағы уақытта осы компаниялар мен өндіруші мекемелер өзара тығыз байланыста жұмыс істейтін болса, көп нәтижеге қол жеткізуге жол ашылмақ.
Конкурс болған соң, бағалау мен бәсекелестік қағидаттары қатар жүреді. Үміткерлердің жұмысын бағалауға тәуелсіз сарапшы-аудиторлар мен кәсіпкерлік ассоциациялардың, салалық қоғамдық бірлестіктердің және жергілікті деңгейдегі мемлекеттік органдардың өкілдерінен құрылған сараптама комиссиясы қатысып, үш номинация бойынша дипломанттарды іріктеді.
Сараптама комиссиясы тауар өндірушілердің жұмысын саралай келе үміткерлерді үш номинация бойынша жеңімпаздарды анықтады. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» атты номинация бойынша «Asia Trafo» ЖШС үздік деп танылды. «Asia Trafo» ЖШС трансформатор құрылғыларын өндіретін Орталық Азиядағы ең ірі зауыт болып есептеледі. Кәсіпорын электротехникалық құрал-жабдықтар өндіретін «Alageum Electric» АҚ атты қазақстандық жетекші өндіріс орнының құрамына кіреді. Зауыттың негізгі өндіретін өнімдері – күші жоғары майлы трансформаторлар мен 110, 220, 500 Квт қуаттағы автотрансформаторлар мен реакторлар. Бұл кәсіпорынның ерекшелігі – 500 Кв.-тық реакторлар Қазақстан бойынша басқа ешқандай да зауытта өндірілмейді. Зауыттың жобалық қуаты – жылына 12 000 МВА трансформаторлар мен реакторлар шығаруға қауқарлы. Осы саладағы әлемдік көшбасшылармен тәжірибе алмасып отырады.
Осы номинация бойынша және әлеуметтік-мәдени нысандарға арналған су жылытқыш пештер мен құрылысқа қажетті өзге де қондырғылар шығарумен айналысатын «Арт сапалы құрылыс» ЖШС, су және уран алуға арналған скважиналық фильтр шығаратын «Трансполимер» ЖШС үздіктер қатарынан көрінді.
«Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша алкогольсыз сусындар өндірумен шұғылданатын «Визит» АҚ компаниясы көш бастады. Сонымен қатар, тәулігіне 20 тонна кондитер өнімдерін өндіруге қауқарлы «Пионер» Кондитер фабрикасы» ЖШС, айына 25 тонна кофе және шай өндіретін ЖК «Убайдуллаев»-тар да марапттан шет қалмады.
«Халық тұтынатын үздік тауарлар» номинациясы бойынша «ALEM BT» ЖШС жеңімпаз деп танылды. Бұл серіктестік шұлық-нәски өнімдерін шығарумен айналысады. Өз өндірісінде Оңтүстік Кореяның жоғары сапалы құрал-жабдықтарын пайдаланады. Осы номинация аясында ARUA маркалы төсек жабынғыларын, арнайы киімдер мен мектеп формаларын өндіретін, өнімдерінің 90 пайызы экспортқа шығарылатын «АГФ-групп» ЖШС, былғарыдан жоғары сапалы өнімдер әзірлейтін «Каз Итал Кожа» ЖШС-ның өнімдері де бәсекеге барынша қабілетті деп танылды.
Міне, осы үш номинация бойынша үздіктер қатарынан табылған 9 жеңімпаздың барлығы да жыл соңына қарай Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауарлары» республикалық конкурсына қатысуға жолдама алды.
Осы іс-шара басырында, сондай-ақ, «Vacuummatic» компаниясы «Жыл серпілісі», «Назар текстиль» – «Бизнестегі үлкен жетістіктері үшін», «Мадлен» – «Көрменің үздік дизайны», «Mega smart» – «Белсенді кәсіпкер», «Azaza textile» – «Әлеуметтік маңызы бар бизнес», «PallantTradecompany» ЖШС – «Табиғи өнім өндіруші» және «AquaRossa» – «Үздік тауар орамасы» болып танылды. Ал ЖК «Байтемирова» «Ең үздік әйел-жұмыс беруші» номинациясын еншілесе, ЖК «Аширбаева» «Бизнес-вумен-инноватор» атанды.
Бір күнге созылған көрме күні бойына жалғасын тапқан концерттік ойын-сауық бағдарламалармен, лотерея ойнатылымдарымен және бағалы сыйлықтармен маңызы арта түсті. Иә, осылайша отандық өнім өндірушілер бір серпілісті сезініп, алдағы уақытта жұмыстарын бүгінгіден де жандандыруға бекінгенін байқауға болады.