Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Әлеумет » Полицейлердің жәбірленушінің басына целлофан пакет кигізіп ұрғаны рас па?

Полицейлердің жәбірленушінің басына целлофан пакет кигізіп ұрғаны рас па?

Өткен аптада Ордабасы ауданынан бір азаматша хабарласты. Ол таңертең үйінен шығып, жұмысына бару үшін көлігіне отырғанда оны қарсы бағыттан келген шетелдік көлік соққанын айтты. Іс мұнымен тоқтамай, шетелдік көліктен түскен екі мас жігіт өздерінің кінәлі екендеріне қарамастан, бұларды ұра бастаған. Ұрғанымен қоймай, біреуі әкесінің лауазымды қызмет атқаратынын, полициядағы таныстары арқылы бұлардың өздерін кінәлі етіп шығаратынын айтып қорқытқан.

Қалт айтпайтын халық айтпақшы, бүгінде «күштінің арты диірмен тартатын» заман болып тұр. Заңды белден басатын осындай сенгені мен сүйенгені мықты жандар емес пе? Мейлі, кім қанша жерден мықты болса да заң алдында барлығы бірдей. Олар ішіп алған сәтінде «кеудесіне нан пісіп» немесе ата-анасының ақшасына сеніп, ауыздарына келгенді айтулары мүмкін. Бірақ, түптеп келгенде сол айтқан дөрекі сөздері үшін бармақ тістеп, әттеген-айлағандар жоқ емес. Өкінішке қарай, олардың сол әттеген-айы өзгелерге сабақ болмағанға ұқсайды.

Осы оқиғадан кейін санамызда бірнеше сауал сап түзегендей сап ете қалды. Ішімдік ішіп алып, көшені ойқастаған жігіт аудан орталығында қалайша тайраңдап жүрген? Әлде ол мінген көлікті полиция қызметкерлерінің тоқтатуға «жүректері дауаламайтыны» рас болғаны ма? «Сендерді кінәлі етіп шығартамын» дегенді ол неге сеніп, кімге сүйеніп айтты? Бәлкім, ол осы кезге дейін де мұндай оқиғаларды бірнеше рет бастан өткеріп, жазықсыз жандарды кінәлі етіп, шырылдатқан да болар?

Санамды сығалаған осы сауалдарға жауап табу үшін Ордабасы аудандық полиция бөлімінің басшылығына бірнеше рет хабарласқанымызбен, тілдесудің сәті түспеді. Сондықтан біз енді бұл сауалдарды Ордабасы ауданының бас полицейіне газет арқылы жолдауды жөн көрдік. Егер Ордабасы аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Бауыржан Селтанов газет оқып, жаңалықтарға құлақ түріп жүретін азамат болса, бір жауап берер деген ойдамыз.

Ордабасылық полицейлерге қатысты жағымсыз айыптаулар мұнымен шектелмейді. Газеттің хат қоржынына сейсенбі күні Төрткөл елдімекенінің тұрғыны Қ.Қалымбеттен арыз келіп түсті. Арызда баяндалған оқиғаның орын алғаны рас болса, еріксіз жаға ұстататын жағдай екен. «Мен Түркістан облысы Ордабасы ауданының Төрткөл елдімекенінде тұрамын, – дейді арыз иесі. – Қызмет бабын асыра пайдаланған екі полиция қызметкері мені 17 шілдеден 18-іне қараған түні, дәлірегі таңғы сағат төртте жұмыс орнымнан мәжбүрлеп алып кетті. Учаскелік полиция ғимаратына алып барып, маған белгісіз төрт-бес қылмыстық істі мойныңа ал деп, қолымды, аяғымды, тіземді скотчпен байлап, басыма целлофан пакет кигізіп, тұншықтырды. Арқамнан, ішімен аяусыз ұрып, екі рет есімнен тандырып, жасамаған қылмысты мойныма артпақшы болды. Осылай таңғы сағат жетіге дейін қинады. Полиция қызметкерлерінің осындай әрекетін тоқтататын заң жоқ па?».

 

Арызды аяғына дейін оқып шыққанша денең тітіркенеді екен. Тіпті, мұндай бассыздықтың орын алғанына сенгің де келмейді. Арыз иесінің қаншалықты шындықты жазғанын анықтайтын арнайы органдар бар әрине, бірақ, ол кезде де осы секілді мәжбүрлеп мойындату әдісін қолданып жүрмесе болғаны деңіз. Біле білсек, халықаралық заң нормаларында жауап алудың мұндай тәсіліне

қатаң тыйым салынғаны қашан.

Сонымен, Ордабасы ауданының полицейлері тарапынан осындай келеңсіздіктің орын алғаны қаншалықты рас? Техниканың мүмкіндігін пайдалана отырып, Ордабасы аудандық ішкі істер бөлімі басшыcының орынбасары Нұрлан Мұратовқа «ватсап» желісі арқылы арызда айтылған мән-жайды баяндап жазып жібердік. Орынбасар мұндай жағдайдан хабарсыз екенін айтты. Тіпті, Төрткөл ауылындағы қызметкерлеріне де хабарласып, ондай оқиғаның болмағанын баяндады. Хош делік. Болмағаны жақсы. Сонда бізге арыз жазған адам жанынан безіп, өтірік айтып отыр ма? Бұл оған не үшін қажет болуы мүмкін? Болмаған нәрсені болды деп шағымдану арыз иесінің өзін жауапкершілікке тартуға себеп болатынын ол білмейді емес, біледі деп ойлаймыз. Ол осыншалықты жүрек жұтқан адам болды ма, әлде Ордабасыда полицейлер күдіктіні қорқытып, мойындату әдісін мықтап меңгерген бе? Бұл мәселе бойынша біз алдағы уақытта әлі де журналистік зерттеу жүргізетін боламыз.

Ал егер өзін қорқытып-үркітті деген оқырманның сөзі рас болса, мұның себебін тағы да Ордабасы ауданының бас полицейі Бауыржан Селтановтан білгіміз келеді. Бірақ қызметке тағайындалғанына көп бола қоймаған ауданның бас полицейінен нақты жауап алу қаншалықты мүмкін болмақ? Сондықтан Ордабасы ауданының полицейлеріне қатысты мәселені Түркістан облыстық ПД бастығы Қайрат Дәлбеков мырзаның назарына тікелей газет арқылы жолдағанды жөн көріп отырмыз. Ордабасыдағы оқыс оқиғаға байланысты облыстың бас полицейі егжей-тегжейлі жауап береді деген үмітіміз бар.

Жалпы, әкімдер Президенттің жергілікті жердегі өкілі болғандықтан, тұрғындарының тыныштығы мен қауіпсіздігіне бірінші кезекте аудан басшылары жауап беруі керек. Президент Конституцияның кепілі. Олай болса әкімдер де өз аймақтарында азаматтардың құқықтарының сақталуына, Конституцияның үстемдік құруына кепіл болуға міндетті. Сондықтан Ордабасыда қарапайым халық полициядан жәбір көрдік деп жатқанда аудан басшысы Әліпбек Өсербаевтың оған жайбарақат қарап отыруға құқы жоқ. Ол да өзіне берілген билікті пайдаланып, халықты қолдауы, полиция заң бұзған болса, оған шара көруге ықпал етуі тиіс деп ойлаймыз.

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика