Шымкент қаласына көрші аудандардан қосылған елді мекендермен бірге түйткілі тарқатылмаған көптеген мәселелердің де ере келгені белгілі. Сондай елді мекендердің бірі – «Сәуле» шағынауданы 276 орам тұрғындары демеушілердің көмегімен ауыз сумен қамтылып, мәре-сәре күй кешті.
«Сәуле» шағынауданы Шымкент қаласындағы Әл-Фараби ауданына қарасты. Аудан әкімі Ғабит Мәуленқұлов сәулеліктерді қуанышымен құттықтап, құбырдан өз қолымен су ағызды. Ауыз судың сапасын білу үшін тіршілік нәрін қолданып та көрді.
Жалпы, Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы аумағына Сайрам ауданынан «Бадам» тұрғын алабы (195 орам) мен «Сәуле» шағынауданы (276 орам) қосылған. «Бадам» тұрғын алабы (195 орам) егжей-тегжейлі жоспарына сәйкес жеке тұрғын үй салу үшін 600 жер учаскесі беріліп, қазіргі таңда 300 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілген. Онда 1280 адам тұрады. Ал «Сәуле» шағынауданы (276 орам) жаңақұрылыс аумағында шамамен 110 тұрғын үй құрылысы жүргізілсе, онда мекен ететін тұрғын саны – 517 екен.