Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Басты жаңалықтар » Жаңа ғимаратқа жөндеуге қандай қажеттілік туындады?

Жаңа ғимаратқа жөндеуге қандай қажеттілік туындады?

Елбасы Үкіметтің кеңейтілген бір отырысында «Қазынаның қаржысын көздеріңнің қарашығындай сақтаңдар. Бір тиынына да жауап бересіңдер», – деп қатаң тапсырма берген болатын. Осы тапсырма қаншалықты орындалып жатыр?

                                               

Жуырда Отырар ауданына барғанымызда бір азаматтар орталық емхананың пайдалануға берілгеніне екі жыл да толмаған ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. «Сол емхананың жыры бітпеді. Салып бітпей жатып шатыры құлап еді. Кейін сыртының сылақтары түсе бастады. Осының барлығын сырт көзге сездіргісі келмегендер жауырды жаба тоқығандай әрекеттерге барып еді. Енді ғимараттың ішіне жөндеу жүргізіп жатыр. Жаңа ғимаратқа қандай жөндеу жұмыстары керек? Мыналардың тірлігі үнемдеу емес, шашу ғой», – деген еді жергілікті тұрғындардың бірі.

Жүз рет естігеннен бір рет көрген артық. Өйткені, естіген нәрсе өтірік болуы мүмкін, ал көргеніңді ешкім жоққа шығара алмайды. Осындай оймен емханаға арнайы барғанымызда сыртқы есіктен кіре берісте үсті-басы шаңға малынған жұмысшыларды көрдік. «Пайдалануға берілгеніне көп болмаған ғимаратта қандай жөндеу жұмыстары жүріп жатыр?», – деген сауалымызға біреуі де жауап бере алмады. Әрине, оларды кіналуға болмайды. Жұмысшылар бар болғаны өздеріне жүктелген міндетті атқарып жүр. Содан кейін бұл сұрақты аудандық аурухананың бас дәрігері Райымбек Тасырбаевқа қоймақ болғанбыз. Бірақ ол кісі Түркістанда іссапарда екен. Ал аурухананың бас есепшісі Жанболат Әбдіразақов: «Бұл жұмыстар емхананы қазіргі заман талабына сай ету үшін жасалып жатыр», – дегеннен басқа ештеңе айта алмады.

Ғимараттың салынғанына 20-30 жыл болса түсінер едік, ал пайдалануға берілгеніне екі жыл да толмаған, заман талабына сай салынған жаңа ғимаратқа бұдан артық қандай заманауилық керек? Сылтауды да ақылға қонымды етіп айтса қайтеді? Осы жұмыс үшін қазынадан қанша қаржы жұмсалып жатыр? Жөндеу жұмыстары құрылысты жүргізген мердігер компанияның есебінен атқарылып жатыр дейін десең, бұл олардың құзіретіне кірмейді. Қабырғаның құлаған сылағын қайта келіп жөндеуге құлық танытпайтын мердігер мекеме басшылығы көмек қолын созып жатыр деп айту қиын, әрине.

Жаңа ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізуге қандай қажеттілік мәжбүрледі? Әлде біздің елде министрден бастап аурухананың бас дәрігеріне дейін ойына келгенін істей беруге рұқсат етілген бе? Бұл қазынаның қаржысын мақсатсыз жұмсау емес пе?

Осы емхананы салу үшін қазынадан қаншама қаражат жұмсалып, алдын ала құжаттар дайындалды. Қыруар қаржыға жобасы жасалды. Сонда осы құжат-жобалардың барлығы жарамсыз болғаны ма?

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика