Екі жаңа автобус бағыты ашылды

Шымкент қаласында жолаушылар тасымалының сапасын барынша арттыру мақсатында халық үшін өте тиімді жобалар іске асырылып жатыр. Жуырда ғана қалаға жеткізілген жаңа автобустар ескі көліктерді алмастырып, бүгінде ел игілігі үшін қызмет атқаруда. Айталық, жуырда №96 автобус бағытындағы осы кезге дейін жолаушылар үшін өте қолайсыз есептеліп келген, тозығы жеткен «Газель» көліктерінің орнына салонында салқындатқыш құрылғысы бар жаңа автобустар қатынай бастаған болатын. Енді, міне, қала ішінде тағы екі бірдей жаңа бағыттардың ашылуы шымкенттіктер үшін қуанышты жаңалық болды. Шымкент қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының хабарлауынша, жалпы сыйымдылығы 56 адамды құрайтын жаңа автобустар №16 және №45 бағыттар бойынша қызмет көрсетпек.

Жолаушылар үшін маңызды саналатындықтан, ол бағыттардың қаланың қандай көшелерімен жүріп өтетінін баяндай кетуді жөн санадық. Мәселен, №45 бағыттағы маршруттың бағыты – Достық шағынауданындағы АвтоЦОН-нан басталып, Алматы айналма жолы арқылы Жиделібайсын, Ю. Гагарин көшесімен жүріп өтіп, Республика даңғылына түседі. Одан әрмен Тәуке хан даңғылымен жылжып, Ж. Тәшенов көшесі – Төле би көшесін қамтып, темір жол вокзалы аумағына дейін барады. Ал, келесі, яғни №16 автобус “Shymkent bus” – тан шығып, Тәуке хан – Қойкелді батыр, Ақназар хан, Төле би, Түркістан көшелері, Қонаев, Тәуке хан, Республика даңғылы, Б. Саттарханов, Ашурходжаев, Өркендеу, Чайковский, Б. Саттарханов, Ы. Алтынсарин, Тұрсынбаев көшелерінен жүріп өтіп, Ферма аялдамасына дейін барады.

Бұйыртса, бұл бастама жыл соңына дейін жалғасын тауып, келесі жылдан бастап қала көшелерінде жолаушыларға қызмет көрсететін жаңа автобустардың саны мыңға жететін болады.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған