Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes

ХХІ ғасыр…

Жылғалықтар әлі де ауыз суға жарымай жүр

Алла қаласа, тәуелсіздік алғанымызға екі жылдан кейін 30 жыл толады. Тарих үшін қас-қағым сәт саналғанымен бұл аралықта елімізде көптеген игі іс-шаралар атқарылды. Басқасын айтпағанда, ел жүрегінде Нұр-Сұлтан қаласының пайда болуының өзі не тұрады. ХХІ ғасырда Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем елдері алға қарай дамудың космостық жылдамдығына ілесті. Шығыстағы көршіміз – Қытайда 19 күнде 57 қабатты үйді тұрғызып біткені бұрын-соңды жер бетінде болмаған жаңалық ретінде тіркелді. Әлем елдері осындай мүмкіндіктерімен адамзат баласын таңдай қақтырып жатқанда, бізді өңіріміздің кейбір тұрғындары әлі де ауыз суға жарымай, тасымал суға таласып жүргені таңқалдырды.

Жуырда Сарыағаш ауданының Жылға ауылынан Райымбек Ералиев есімді азамат хабарласты. Ауыл биі болып қызмет атқаратын ол кісіні бұрыннан білетінбіз. Өзінің жеке мәселесімен емес, ұдайы көпшіліктің мұң-мұқтажын айтып көмек сұрайтын азаматты бұл жолы Жылға ауылының ауыз суы толғандырып жүр екен. «Жаз болса біздің Жылғада судың жыры басталады, – деді Райымбек Ералиев. – Мыңнан аса отбасы, 5500 тұрғыны бар елдімекенде ауыз су мәселесі әлі күнге дейін күрделі күйінде дегенге кім сенеді? Қазір өзі ХХІ ғасыр ма, әлде ХІХ ғасыр ма, білмей қалдық.

Су – тіршілік нәрі. Жылғалықтар ондаған жылдан бері сол тіршілік нәрінің рахатын сезіне алмай келеді. Ауылдағы бүкіл су жүйесі жеке адамның қолында. Егер қателеспесем, 1994 жылы тұңғыш Президенттің «халыққа маңызды нысандар жекеменшікке бірілмесін» деген тапсырмасы бар еді. Ал су жинайтын және оны тарататын құбырлар мен насостарды маңызды емес деп кім айта алады?

Жер астынан шыққан су жерге көмілген үлкен бөшкеге жиналады. Сол жерден көлікпен тұрғындарға таратылады. Ауылда қырық шақты отбасы әлгі судың иесімен келісіп, заңсыз болса да аулаларына дейін құбырмен су тартып алған. Ауылдың қалған тұрғындары тасымал су ішеді. Онда да кез-келген уақытта су ала алмаймыз. Тіршілік нәрін таситын көлік барса, судың иесі әр түрлі сылтау-желеуді айтып, «келесі апта кел, он күннен кейін кел» деп қайтарып жібереді екен. Сонда бір апта, он күн сусыз отыра беретіндей тұрғындарды түйеге теңейді ме екен? Есесіне, осы аралықта қожайын суды малы көп адамдарға қымбат бағаға сатады екен дегенді естіп жатамыз. Егер ел аузындағы осы сөз рас болса бұл заңбұзушылық деп ойлаймын. Тұрғындарға су жетпей жатқанда оны малы барларға сатқанын қалай түсінуге болады? Мұны құзырлы органдар тексеріп, анық-қанығын халыққа айтуы тиіс. Әйтпесе әрбір келеңсіздіктердің осындай түсінбестіктің салдарынан туындап жатқанын көріп, біліп жүрміз ғой. Жалпы, біз таласып-тармасып алып жүрген судың таза сақталуы да күмән тудырады. Көмілген бөшкенің ішіне не түсіп, не жатқаны бізге белгісіз. Жеке кәсіпкердің жеріне кіре алмайсың.

Тасымал суға қол жеткізудің өзі бір азап. Әр көшеге көліктің келетін уақыты белгіленіп, кестесі түзілген. Бірақ ол кесте сақтала бермейді. Содан шелегі мен флягасын көтерген адамдар күннің астында кезекке тұрады. Су келген кезде олардың таласқанын көрсеңіз. Ол енді ертегіге бергісіз өз алдына бөлек әңгіме.

Біздің бұл ауыр жағдайымыздан облыс басшылары хабарсыз болса да аудан басшысы білуі керек. Себебі мен әкімнің халық алдындағы есеп беру жиынында да, «Нұр Отанның», сайлауалды жиындарда да Жылғаның су мәселесін ұдайы көтеріп жүрмін. Бәрі де «Өгем тауының суын тарту керекпен» шектеледі. Рас, жер асты суын барлаушылар ауылға келіп, бірнеше рет бұрғылау жұмыстарын жүргізіп кетті. Бірақ, нәтиже жоқ. Сонда біз қашанға дейін ауыз судың азабын тартып отыра беруіміз керек?».

Р.Ералиевтың осы шағымын негізге алып, біз Жылға ауылдық округінің әкімі Бауыржан Сапарбаевқа хабарласып, азапқа айналған ауыз су жайын сұрадық. «Ауылда ауыз суыға қатысты қиындықтың бары рас, – деді әкім шындықты жасырмай. – Әсіресе шілде айында су тапшылығы қаттырақ сезіледі. Бірақ жағдай шағымданушының сіздерге айтқандағыдай халде емес. Тұрғындардың шелекпен, флягамен кезекке тұрғаны ауылдың су құбырын жөндеген кездегі көріністер. Сол кезде екі-үш су таситын көлікпен халыққа ауыз суды үйме-үй тасытқанбыз. Әркім өзіндегі бар ыдысқа су толтырып алуға тырысып баққан. Сол сәтті біреулер бейнеге түсіріп алып, әлеуметтік желілерге салып жіберсе керек. Құбырларды жөндеп болған соң жағдай тұрақталған-ды. Соған қарамастан тұрғындарға қосымша «водовозбен» таратып береміз.

Жер асты суын барлаушылар тіршілік нәрінің халықты қамтамасыз етуге жетпейтінін айтып кетіп жатыр. Су жоқ болса, скважина қазғаннан келер пайда қайсы? Барлық мәліметтер аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінде сақтаулы. Жерге көмілген үлкен ыдысқа су жинайды дегендері бос әңгіме, шындыққа жанаспайды. Ол ыдыс пайдаланусыз, жәй көміліп жатыр. Ал тұрғындарға жер астынан шыққан су сағатпен беріліп, тұрғындарға таратылады. Артылғаны 50 тонналық цистернаға құйылып, өрт қауіпсіздігі мақсатында сақталады. Кейде су жетпегенде ол цистернаның суы да ауыз су мақсатында пайдаланады. Бірақ ол шағымданушылар айтқандай лас емес, су таза күйінде сақталады. Биікте орналасқандықтан, оған біреулердің бір нәрсе тастауы мүмкін емес. Төрт тонналық бір «Водовоз» су 2,5-3 мың теңдеген сатылады. Оншалықты қымбат емес деп ойлаймын. Ал Өгемнің суын тарту жөніндегі әңгіменің айтылғанына көп болды. Одан бері облыста үш әкім ауысты. Оның үстіне бұл жобаны жүзеге асыру қиын шаруа. Бірақ Қапланбек ауылының жоғары жағында Сарыағаш қаласын сумен қамтамасыз етіп отырған «Р-1» деп аталатын су қоймасы бар. Облыстық су шаруашылығы мекемесі сол қоймадан бізге мың куб су беруге құжат жасап жатыр. Оның бес жүз кубы Дарбазаға, бес жүз кубы Жылғаға келсе, біздегі су мәселесі толықтай шешіледі. Бірақ ол іске асу үшін 2-3 жыл уақыт керек болуы мүмкін.

Жылғалықтар Қарамергеннің суын пайдаланатын. Онда да құбырларды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірнеше күнде бітетін болса су жіберіледі. Негізі Қарамергеннің суы малға беруге арналған. Алайда, сол суды бұрын жеті-сегіз жыл өзіміз де ішкенбіз».

Жылғада ауыз суға қатысты мәселе барын әкім де жоққа шығармады. Дегенмен, ондағы жағдайдың дәл бүгінде қандай дәрежеде екеніне таразыға салу үшін ауыл биі мен ауылдық округ әкімінің сөзін қатар бердік. Әрине, мұндағы ойымыз – би мен әкімді бір-біріне қарсы қою емес, керісінше су тапшылығын жоюға өз үлесімізді қоссақ дедік. Әйтпесе ХХІ ғасырда адамдардың ауыз су үшін қолына шелек алып, су тасушы көлікті сабыла күтіп жүргені ерсі көрінері анық. Ал шілденің шіліңгір ыстығында құбырларды жөндеу үшін су беруді тоқтату қандай адамның басына келе қалған «тапқырлық» десеңізші. Әлде бұл да бір халықтың жағдайымен санаспайтын шенеуніктің қолдан жасаған қиыншылығы ма? Бұл мәселені құзырлы органдар тексеріп көру керек секілді. Егер бұл күн ыстықта су бағасын көтеру үшін әдейі ұйымдастырылған әрекет болса, оны жүзеге асырғандар заң алдында жауап берулері тиіс. Халықтың мұны талап етуге құқы бар. 

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика