Өкінішке қарай, елімізде, оның ішінде қазақылықтың қаймағы сақталған деп саналатын оңтүстік өңірінде де ажырасу оқиғалары кең етек алып кетті. Бұл туралы жергілікті сот саласының өкілдері де дабыл қағып, мәселе ретінде көтеріп жүр. Қазақ тарихында бұрын ажырасу деген мүлдем болмаған. Ата-бабаларымыз бұл мәселеге ерекше көңіл бөліп, алдын алып отырған, тіпті күйеуі қайтыс болған жесірді әмеңгерлік жолмен қайнысына немесе қайынағасына қосып, бауырларын жетімдіктің қамытынан құтқарған. Бірақ, бүгінде біз бұл дәстүрдің жолынан жаңылып қалдық. Мұның жан-жақты зардабы орасан.
Неке бұзу оқиғаларының күрт көбеюі салдарынан алимент өндіру мәселесі де күрделеніп кетті. Шымкент қаласында бұл әлеуметтік мәселенің көрсеткіші жоғары болып отыр. Қысқа жіпті күрмеуге келтіре алмай, амал жоқ билік өкілдерінен көмек сұраған аналар саны артуда. Осы бір келеңсіздікке бей-жай қарай алмаған «Nur Otan» партиясының төрағалығымен аталған әлеуметтік мәселені бірігіп шешу мақсатында осы іске қатысы бар сала басшыларының басын қосып, арнайы жиын өткізді.
– Соңғы жылдары ажырасу, неке бұзу оқиғалары күрт көбейіп кетті. Бұл онсыз да күрделі күйде болған алимент өндіру мәселесін онан сайын шиеленістіріп жіберді. Алимент өндіру көрсеткіші бойынша еліміздегі 17 аймақтың ішінде Шымкент 16-ыншы орында тұр екен. Мәселенің түйінін тарқату үшін ер азаматтарға қатысты жауапкершілікті күшейту керек деп ойлаймын. Қажет болса заңға да өзгерістер енгізген жөн. Балалары алдындағы борышын өтеуге немқұрайдылық танытқандарға түрлі шаралар көріліп, міндетін орындаудан ұдайы бой тасалағандарды қамауға дейін алып, алимент төлетуге мәжбүрлі түрде міндеттеу керек. Шындығына келгенде борышкер әкелер ресми түрде жұмыссыз болады да әр түрлі жолмен өзінің нәпақасын тауып жүре береді. Ал балалар асыраусыз қалып қоюда. Сот орындаушылар тарапынан да алимент өндіру ісіне деген немқұрайдылық бар секілді. Менің ойымша, жеке сот орындаушылардың жұмысын дәл осы алимент өндірумен тікелей байланыстыра отырып бағалап, осы бойынша рейтингісін түзу керек. Алимент өндіре алмады ма ол сот орындаушының рейтингісі де төмен болуы тиіс. Ал алимент өндіруде жақсы көрсеткіштер көрсеткен сот орындаушылардың рейтингін көтеріп, соған байланысты маңыздылығы жоғары істерді де беру қажет. Алимент өндіруде белсенді қимыл болмаса, аналар мен балалар құқының бұзылуын тоқтату қиын, – деді мәжіліске төрағалық еткен «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиал төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов. Сонымен қатар Шымкент қалалық Әділет департаменті басшысының міндетін атқарушы Бахтияр Камалов, Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі Нұржан Төребаев, Шымкент қаласының Жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының басшысы Мадияр Әбдібай сөз сөйлеп, атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Жиын барысында Әділет департаменті мен Жеке сот орындаушылар өңірлік палатасының және «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиал басшылықтары тарапынан бірлескен меморандумға қол қойылды. Меморандумға сәйкес, халық арасында сот актілерін орындаудан жалтарудың кез келген көріністеріне төзбеушілік жағдайын қалыптастыру үшін бірлескен түрде – бір жеңнен қол, бір жағдан бас шығара отырып жұмыс істеуге бәтуаласты.