Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Әлеумет » Шалғай елдімекендерге шырай кірмек

Шалғай елдімекендерге шырай кірмек

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов жаңа жұмысын шаһардың шалғай елдімекендеріндегі әлеуметтік ахуалды көтеруге күш салудан бастады. Жаңа әкім орынбасарларын, аудан әкімдері мен салалық басқарма басшыларының басын қосып өткізген алғашқы жиынында қаланың шеткі аймақтарындағы ауылдарды дамыту қажеттігіне басымдық берді. Дәлірек айтқанда, шалғай елді мекендерді сапалы ауыз сумен, газбен, электр қуатымен толықтай жабдықтап, жол, кәріз жүйесін жүйелендіріп, қоғамдық тасымал секілді халыққа ең қажетті әлеуметтік мәселелерді реттеу қажеттігін тапсырды. Бұйыртса, бұл шаруалар келесі жылдың да басым бағыттарының қатарынан табылатын болады. Шымкент қаласына Түркістан облысына қарасты көрші жатқан аудандардан 41 елді мекеннің қосылғанын ескерсек, шалғай ауылдардың әлеуметтік-экономикалық ахуалын көтеру еліміздің үшінші мегаполисі үшін өте маңызды екені талас тудырмайды.

 

«Аудан әкімдерінің құзыретін кеңейту керек»

«Жергілікті билік, қаланың әр тұрғынына, олардың тұрғылықты мекенжайына қарамастан бірдей жағдай жасауы қажет, яғни, өмір сүруге қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру, бұл – Елбасымыз және Президентіміздің әкімдерге қойған басты талабы», – деген қала басшысы Ерлан Қуанышұлы осы мақсатта алда көп жұмыс күтіп тұрғанын, сонымен қатар жергілікті тұрғындардың мәселелерін жедел әрі сапалы шешу мақсатында аудан әкімдерінің құзыреттерін заң аясында кеңейту қажеттігіне тоқталды. «Өйткені, аудан әкімдеріне халық мұң-мұқтажын айтып келеді, ал әкімдерде оны шешетін не құзіреті жоқ, не қаражаты жоқ. Халық аудан әкіміне Президенттің өкілі деп сеніп, үміт артып келеді. Олар қарапайым мәселені шеше алмаса, халықтың билікке деген сенімі жоғалады», – деп мәлімдеді шаһар басшысы.

Үшінші мегаполис басшысы шалғай елдімекендердің мәселесін шешуді жиында ауызша айтып қоя салмай, ол жерлерге өз аяғымен барып, көзімен көріп қайтты. Мәселен, әкім алғашқы жұмыс сапарын Қаратау ауданына қарасты Исфиджап тұрғын алабына барып, тұрғындардың тыныс-тіршілігімен танысудан бастады. Жергілікті тұрғындармен бірге ауылдағы ең маңызды деген ауыз су, сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мәселесін талқылады. Сайрам тұрғын алабына барғанда да ондағы инфрақұрылым жүйесіне айрықша назар аударды. Өйткені, халыққа ең алдымен керегі – сапалы инфрақұрылым мен коммуникация жүйелері. Сол себепті қала әкімі тұрғындармен кездесу барысында негізгі жұмыс халықтың өмір сапасы мен әл-ауқатын арттыруға бағытталатынын айтып, көтерілген мәселелерді рет-ретімен шешу міндеті тұрғанын жеткізді. Ал Абай ауданындағы «Жаңаталап», «Игілік» тұрғын алаптарына барғанда қала басшысы тұрғындарға былай деді: «Бүгінде Түркістан облысынан қала аумағына қосылған 41 елдімекен бар. Олардың көбінде әлі күнге дейін ауыз су, жарық, көгілдір отын, тіпті қатынас үшін көше-жолдар жоқ десе де болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының сьезінде Үкіметке ауылдық жерлерге тұрғын үй, жол салып, коммуникация тарту қажеттігін тапсырған болатын. Осы жұмыстардың барлығын мегаполиске қосылған аудандарда да жүргізуіміз қажет. Көп жылдардан бері қордаланып келе жатқан коммуналдық мәселелерді рет-ретімен шешетін боламыз».

«Төрт ауданның әлеуметтік картасы жасалады»

Алдағы уақытта да шалғай ауылдарға жиі баратынын айтқан әкім апта басында өткен аппараттық жиналыста Шымкент қаласындағы төрт ауданның әлеуметтік картасы жасалатынын да алға тартты. Ондағы басты мақсат – қалаға қосылған 41 елді мекеннің инфрақұрылымын дамыту. Осы бағыттағы жұмысты жүйелендіру мақсатында қала басшысы салалық басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне әр ауданды секторға бөліп, өзекті мәселелер көрсетілген әлеуметтік карта әзірлеуді тапсырды.

Шалғай елдімекендердің әлеуметтік ахуалын көтеруді – бір ғана бюджетке тәуелді етіп қоюға болмайды. Сол себепті қала басшысы бұл мақсатта инвесторларды тарту қажеттігіне де айрықша мән берді. Ал әзірге, яғни бірінші кезекте шалғайдағы елді мекен тұрғындары үшін тұрақты түрде көшпелі медицина қызметі мен жергілікті атқарушы органдармен көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді ұйымдастыруды жандандыру керектігін ескертті.

Аталған жиында қаланың жылу беру маусымына дайындық барысы да пысықталды. Жылыту маусымына дайындық кестеге сай жүргізіліп жатқанын айтқан сала мамандары 20 тамызға дейін медициналық мекемелер мен білім ошақтары қысқа толыққанды дайын болатынына сендірді. Лайым солай болғай. Әйтпесе, жазда дайынбыз деген сала мамандарының сөзінің жалғандығы күн суытқанда сезілетіні жыл сайынғы жаттанды көрініске айналғалы қашан. Осы жағдай қайталанбас үшін қала басшысы жылу маусымына дайындықты бақылауда ұстап, штаб отырысын аптасына екі рет өткізуді тапсырды.

Реті келгенде айта кетейік, қала әкімі Арыс қаласына да арнайы барып, Шымкентке тиесілі 10 сектордағы атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарымен танысты. Бұл секторда 636 тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүгізіліп жатса, жарамсызданған 37 үй қайта салынуда. Қазіргі уақытта 225 үй толық жөнделіп, 322 үйдің сыртқы жұмыстары аяқталған. Ал жаңадан салынып жатқан үйлердің құрылысын екі айдың ішінде бітіру жоспарланып отыр.

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика