Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Әлеумет » Арка үшін қыруар ақша шығындаудың қаншалықты қажеттілігі болды?

Арка үшін қыруар ақша шығындаудың қаншалықты қажеттілігі болды?

Әлде Сайрам ауданында бұдан басқа маңызды шаруа қалмаған ба?

Оқырманның есінде болса, газетіміздің алдыңғы сандарының бірінде қазынадан жүздеген миллион теңге жұмсалып салынған, бірақ адам өтпейтін пайдасыз көпірлер жайында жазған едік. Мұндай керексіз көпірлер Абай ауылында, Жетісай қаласында, Қарабұлақ пен Састөбе ауылдарының тұсында кездеседі.

Елбасы Үкімет мүшелерінің басын қосқан бір жиында бюджеттің қаржысын үнемдеуді, әкімдер қазынаның мақсатсыз жұмсалған бір теңгесіне де жауап беретінін қатаң тапсырған болатын. Алайда, осы тапсырма ұмыт бола бастағанға ұқсайды. Біздің бұлай деуімізге қазына қаржысының желге ұшуына жанашырлық білдірген оқырманымыздың пікірі себеп болды.

Сәрсенбі күні редакцияға Сайрам ауданының Қарабұлақ ауылынан Әбдірахман есімді азамат хабарласты. «Сенесіз бе, Қарабұлақ ауылына кіре берістегі арканы бұзып, орнына жаңасын орнатып жатыр. Оның құны 16 миллион теңге екен, – деді ол кісі. – Ескісі де мықты еді. Арнайы құралмен бірнеше күнде әзер бұзды. Елге қызмет етіп тұрған нысанды бұзып, орнына басқасын салу мемлекет қазынасын желге шашу емес пе? Әлде Сайрам ауданында одан басқа мәселенің барлығы шешіліп қойып па? Бұл сомаға 7-8 көп балалы анаға шағын үй салып беруге болар еді. Ал, Сайрам ауданында ондай отбасылар аз емес».

Әрине, ол арканы салуға қандай қажеттілік туындап отырғаны, ол үшін шын мәнінде бюджеттен қанша қаражат жұмсалып жатқанын ресми мамандардың мәліметіне жүгінбейінше біржақты айту қиын. Ал Әбдірахман мырза елден естіп, шамалап айтуы да мүмкін. Сол себепті осы сауалдарға нақты жауап алу үшін Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі Әбдіғапур Абдуқадыровке хабарластық. «Арка бұрынғы әкім Пахриддин Қаратаевтың кезінде асар жолымен салынған, – деді әкім. – Бүгінде біздің жол облыстық мақсаттағы жол болғандықтан бұрынғы алты метрлік арка тарлық етті. Сондықтан аудандық бюджеттен қаражат қаралып, жаңасы салынып жатыр. Мақсат – аудандағы барлық ауылдардың келбетін көркейту, көрінісін жақсарту.

Біз мұны өзіміздің қаражатқа салсақ та болар еді. Бірақ барлық ауылдың кіре берісінде арнайы тапсырмамен, жаңа архитектуралық дизайнмен аркалар бой көтермек. Жаңа дизайн аудандық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімі тарапынан мемлекеттік тапсырыс арқылы жасалды. Жаңа арканың ұзындығы жиырма метр болды. Биіктігін де көтердік. Себебі ол кездегі көлік нөпірі мен қазіргіні салыстыруға келмейді».

Осы мәселе жөнінде Сайрам аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ақылбай Жақыпбековке де хабарласып, мәселенің мән-жайын анықтауға тырысқанымызда ол былай деп жауап берді: «Заман талабына сай өзгерістер болып жатыр. Ескі арканы тастағанымыз жоқ. Оны да пайдаланамыз. Қарабұлаққа төрт жақтан кіретін жол бар. Соларға да арка орнатылады. Жаңа арка Батыс Қытай-Батыс Еуропа автодәлізіне жапсарлас жатқандықтан үлкен етіп орнату керек болды. Ал жаңа арка үшін қанша қаражат жұмсалғанын тиісті мекемелерден анықтап көрейін.

Мұндай аркалар үлкен жолдарға ғана салынып жатыр. Батыс Қытай-Батыс Еуропа автодәлізінің бойындағы Жібек жолы ауылының кіреберісіне де алыстан көзге көрінетіндей етіп арка салынды. Оған да аудан бюджетінен қаржы бөлініп, 2017 жылы пайдалануға берілген. Одан кейін аудан аумағына кіретін және шығатын тұстарына да арка орнатылған. Шымкент қаласымен, Түлкібас, Төлеби аудандарымен шектесетін тұстарға белгілер қойылды», – деді бөлім басшысы.

Әңгіме барысында бұл кісілердің сөзінен ұққанымыз, ескі арканы бұзып, жаңасын орнатуға аса қажеттілік туындамаған, тек әрі-бері өткен жолаушылардың көзіне жақсы көрінсін деген мақсат жатқан секілді. А.Жақыпбеков «темірден жасалған ескі арканы кесіп алып, басқа жерге орнатамыз» деп еді. Ал жергілікті тұрғын Әбдірахман ағаның айтқанына сенсек, ескі арканың табаны бетон да, қабырғасы күйген қышпен өрілген екен. Сонда кімге сенеміз? Күнделікті тыныс-тіршілікті өз көзімен көріп-біліп жүрген Әбдірахман аға шатасып отыр ма, әлде Сайрам аудандық әкімдігінің бөлім басшылары елдегі жағдайды толық білмейді ме?

Ал енді әдемі көрініске ие болу деген уәжге тоқталсақ, әрине, кез келген нысанның сыртқы келбетінің көрікті болғаны дұрыс. Бірақ, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған «Туған жер» бағдарламасы аясында демеушілердің көмегімен жүзеге асыруға болатын нысандарға қазынадан қыруар қаражат жұмсаудың қандай қажеттілігі бар еді? Осы қаражатты Сайрам ауданының тозығы жеткен көшелерін жамауға жұмсағанда халық үшін осы шешім әлдеқайда тиімді, пайдалы болар ма еді? Әлде бұл бастаманың да астарында қандай да бір қитұрқылықтар жатыр ма?

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика