Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында 2019 жылдың 3 шілдесі мен 30 қыркүйек аралығында жыл сайынғы дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы басталған болатын. Осыған орай Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты барлық жалпы білім беру мекемелері «Мектепке жол» акциясын «Жүректен жүрекке!» ұранымен өткізуді қолған алған болатын. Акция аясында әлеуметтік жағдайы төмен отбасыдан шыққан, яғни көмекке мұқтаж тұл жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы отбасыдан шыққан, аз қамтылған балалардың тізімі жасақталып, демеушілер есебінен көмек беру қолға алынды.
Осы акция аясында Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық әкімдігінің ұйымдастыруымен «Наурыз» алаңында қайырымдылық іс-шарасы өтті. «Қырғы базар», «Береке» сауда үйі, «Royal Club fitnes centre», «Стамбул мейрамханасы», «Химфарм» АҚ, «Визит» АҚ, «Имран» сауда үйі демеушілік жасап, мүмкіндігі шектеулі, жартылай жетім, тұл жетім және аз қамтылған отбасынан шыққан 150 балаға мектепке қажетті оқу құралдары мен сөмке жəне 30 балаға оқушы киімдерін сыйға тартты. Сонымен қатар, қайырымды жандар балаларды білімді, тәрбиелі, өз отанын сүйетін патриот болып өсіп-жетілулеріне тілеулестік білдіріп, жігер берер сөздерін арнады.
Балалар қайырымды аға-әпкелерінің сый-сияпатына марқайып қана қоймай, акция аясында ұйымдастырылған іс-шарада шымкенттік өнерпаздардың шырқаған әніне шалқып, биіне балқып қайтты. Бұл олардың көңілін көкке көтерумен бірге, сабақты да жақсы оқып, озат оқушы болуға деген талпыныстарын оятқаны талассыз.