Енді санаулы күндерден кейін мектептерде алғашқы қоңырау үні сыңғырлап, оқушылар сағына күткен парталарына қайта жайғасады. Жайғасады деп айту оңай. Оған дейін қаншама күйбең тірлік барын балалар біледі дейсіз бе? Бүгінде ата-ана үшін ұл-қызын мектепке дайындаудың үлкен бір мәселеге айналғаны қаша-а-а-н.
Кітап іздеуді айтпағанда, киімнің жыры қанша айтылса да бітер емес. Ата-аналар бүкіл еліміз бойынша бірыңғай мектеп формасы енгізілсін деген бастама осы тамыз кеңесінде көтеріледі ме деп күтіп еді, болмады. Сондықтан орманнан саңырауқұлақ іздегендей ата-аналардың базар шарлап, сарылып мектеп формасын іздеуі биыл да жалғасын табатын болды. Осы үшін жұмыстан қалып, табанынан тозып жүргендер қаншама? Солардың бірі, Шымкент қаласының тұрғыны Нұргүл Әбілда былай дейді: «Биыл қызым бірінші сыныпқа барады. Соны «қай ұстаздың тәрбиесіне тапсырамыз, қандай киім аламыз» деген сұрақ жаз бойы мазалады. Апайының кім екені нақтыланғанда, киімнің мәселесі күн тәртібіне көтерілді.
Биыл тұңғышымыз алғаш рет мектеп табалдырығын аттағалы тұрғаннан кейін білмейді екенбіз, мектеп формасы деген үлкен мәселе екен ғой. Әр мектеп әртүрлі киім үлгісін таңдаған. Біздің мектептің таңдағаны – тор көзді, яғни шотландтық үлгідегі киім екен. Қыздар ақ кофта, юбка мен жилет алады. Кофтасын таптық, бірақ тор көзді юбка мен жилет жоқ. Шымкенттегі барлық базар мен үлкен сауда орындарын аралап, киім тігетін фабрикаға да бардық. Босқа әуре болдық.
Содан сынып жетекшісінен сұрап едік, «Еуразия» базарының түкпіріндегі бір мекен-жайға бағыттады. Айтуларына қарағанда біздің іздеген киім сол бір жерде ғана сатылады екен. Іздеп бардық. Таптық. Бірақ, бағасы қымбат екен. Саудаласқымыз келіп еді «алсаңыз осы баға, алмасаңыз кете беріңіз», – дейді. Оның бұлайша өктем сөйлеп тұрғанының себебі түсінікті: өзінен басқа жерде мұндай үлгідегі киім сатылымда жоқ, сол себепті алдына қайтып келерімізді біліп тұр.
Саудаласуымыз сауғаласуға ұласатынын ұғып, не де болса ала салайық деп ойладық. Бірақ, қызымның бойы кішкентай болғандықтан шақ келетінін таппадық. Юбкасы жер сыпырады. Сатушы қыз: «Таза түріктікі, сапасы жақсы. Ала беріңіз, етегін қайтарып, тігіп қоясыз. Бала өседі ғой, келесі жылдары ұзартасыз, әлі төрт жыл киеді», – дейді. Бұл мазағы ма, әлде шын сөзі ме, біле алмадық. Бір сөзбен айтқанда мектеп формасына таңдау жоқ. Мұны нарық заңына қайшы деп білемін. Одан қалса отандық кәсіпкерлердің жұмысына кедергі. Неге біз Қазақстанда тұрып, Түріктер тіккен киімді қымбат бағаға сатып алуымыз керек?
Менің ойымша, Қазақстанда барлық мектептерде бірыңғай мектеп формасын енгізетін уақыт жетті. Онсыз да бір жылдан кейін күшін жоятын бағдарламаларды енгізуден жалықпайтын Білім және ғылым министрлігі осы мәселені күн тәртібіне шығаруы керек. Бір түсті форма болса ол базарда да, сауда орындарында да сатылады. Халық таңдағанын алады, бәсекелестік пайда болады. Мейлі түріктікі, қытайдікі, қырғыз бен өзбектікі де сатыла берсін. Бірақ отандық өнім де міндетті түрде сатылымда тұруы керек. Әркім қалтасына қарай таңдағанын алады.
Қазір қалай? Біреу қарызданып болса да балдарына форма алады. Ол үш айдан кейін басқа мектепке ауысар болса, әлгі киім жарамай қалып, басқасын іздеуге тура келеді. Мұны зерттеп-зерделейтін болсақ, сонау түп-төркіні сыбайластыққа келіп тірелуі де ғажап емес. Әр мектеп директоры ата-аналар келісті дегенді желеу етеді де, саудамен айналысатын таныстарымен ауыз жаласпасына немесе өзінің жеке бизнесін гүлдендірмесіне кім кепіл? Ата-аналарды осыншама әбігерге салмас үшін барлық мектептерде бір түсті формаға көшірудің қандай қиындығы бар? Мұны жоғарыдан нұсқау күтпей-ақ, әр қала мен облыстағы білім саласының басшылары өз құзыреттері шегінде шешсе де болады емес пе?