Биылғы мұғалімдердің тамыз мәслихатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қадау-қадау мәселелерді көтерді. Нақты ұсыныстар айтып, тапсырмалар берді. Міне, Мемлекет басшысының өзі айрықша көңіл бөліп отырған білім саласына Шымкент қаласының басшылығы да жағымды жаңалық енгізгелі отыр. дәлірек айтқанда, сингапурлық KinderWorld International Group Ltd компаниясы Шымкентте білім метрополисінен тұратын халықаралық білім беру кластерін салатын болады.
Жаңа орталықтың ерекшелігі – мұнда халықаралық мектеп, колледж және балабақша болады деп жоспарлануда. Мұндай кластер осы кезге дейін Аустралия, Вьетнам және Малайзияда тәжірибеге енгізіліп, нәтижелі жұмыс істеп келеді екен. Ендігі жерде сингапурлықтар Қазақстан нарығына да еніп, өз жобаларын жүзеге асыруға ниетті. Осынау жаңа жобаны талқылау мақсатында кездескен Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов пен сингапурлық компания төрағасы Рики Тэн білім орталығының болашақ әлеуетін айқындап, ұсыныстарын ортаға салды.
Жаңа жоба ауқымды болғандықтан, оның құны да жоғары. Шамамен 23-25 миллион АҚШ долларын қажет етеді. «Оны сүйемелдеуімен «Kazakh invest» АҚ айналыспақ. Орталықтан ашылатын балабақша 6 айдан 6 жасқа дейінгі 600 балаға лайықталған. Онда жабық ойын алаңы мен бассейн болады. Бақшада балаларды шет тілдеріне, оқу мен санауға, қоғамтану, музыка, би мен бейнелеу өнеріне үйретеді. Мұнан бөлек, 3-тен 12 жасқа дейінгі балаларға арналған байыту орталығын ашу да жоспарлануда. Онда балалар ғылыммен, технологиялармен, инженериямен, математикамен, робототехникамен және AR/VR жүйесімен танысады және жұмыс істеп үйренеді. Халықаралық мектепте дәстүрлі пәндерден басқа бағдарламалауға, робототехникаға және 3D баспаға арналған факультативтік сабақтар өтеді. Сондай-ақ, АҚШ-та және басқа да елдерде оқытатын студенттердің жазғы алмасу бағдарламалары жұмыс істейтін болады.
Білім беру метрополисі – бұл балалар, жастар және қоғам үшін түрлі білім беру іс-шараларын өткізу жоспарланып отырған оқу кеңістігі. Метрополистің дизайны мен тұжырымдамасы Сингапурдың ұлттық университетінің қалашығына ұқсас болады. Метрополис университет, жатақхана, ғылыми орталық, медициналық орталық, эксперименттік оқу-ойын орталығы және басқа да қажетті инфрақұрылымдарды қамтиды деп күтілуде», – деп хабарлайды Шымкент қаласының баспасөз қызметі.
Иә, елдің болашағын ойлаған мемлекетте білім саласынан қаржы аяған емес. Жер асты қазба байлықтардан мақұрым Жапон мемлекетін әлемдегі ең озық елдер қатарына шығарып отырған – білімі мен ұлттық тәрбиесі. Ендеше, бізге де білім саласынан аянып қалар қаржымыз болмау керек. Ал, шетелден инвесторлар келіп, білім кластерін салуды ұсынуы – көктен іздегеніміз жерден табылғанмен бірдей оқиға.